17.07.2020, 20:03
Оқылды: 663

Ескерту алған батысқазақстандық шаруалар 413 мың гектар жерді қайта игеруге кірісті (ТІЗІМ)

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және қайта айналымға енгізу мәселесіне мән берілуде. Облыс әкімі Ғали Есқалиев аудан басшылары қатысқан онлайн жиналыста шұрайлы жерді кәдеге жаратпай отырған шаруалар туралы толықтыырлған тізімді көпшілікке жария қылуды, бос жатқан жер телімдерін мемлекет иелігіне қайтарумен тұрақты шұғылдануды тапсырды. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиевтің айтуынша, 2019-2020 жылдары пайдаланылмай жатқан 872 мың гектар ауыл шаруашылығы жері анықталды.

44afe45a-0a69-44ec-9442-862e47b9a3d3

Қазіргі таңда пайдаланылмай жатқан жерлердің ішінен мемлекет меншігіне көлемі 95 мың га (11%) жер қайтарылды. Қайтарылған жерлердің ішінен ауыл шаруашылығы айналымына 28 мың га (29%) енгізілді. Ал айналымға енгізілмеген жерлердің көлемі 67 мың га (71%) құрап отыр. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүргізілген түсіндіру жұмысының нәтижесінде шаруа қожалықтары 413 мың га(47%) жер учаскелерін қайта игеруге кірісті. Жалпы ауданы 364 мың га (42%) құрайтын жер учаскелері бойынша жергілікті атқарушы органдармен мемлекет меншігіне қайтару мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде 129 мың га құрайтын жер учаскелері бойынша 99 жер пайдаланушыға заң бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқамалар берілді.

– 2020 жылы Ақжайық, Бәйтерек, Жаңақала, Казталов, Қаратөбе, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау аудандары және Орал қаласында жалпы көлемі 166 мың гектар болатын 231 жер учаскесін табыстау мақсатында 16 конкурс өткізілді. Биыл Бөкей Ордасы, Бөрлі, Жәнібек, Сырым аудандарындаконкурс өткізілмеген. Қазіргі таңда облыс көлемінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді алуға ниет білдірген азаматтардың өтініштерінің көп түсуіне байланысты, мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелерін өндіріске тарту үшін тұрақты түрде конкурстар өткізу қажет, – деген Мұрат Өмірәлиев Ақжайық пен Тасқала аудандарында иесі игеруге құлықсыз жерді қайтаруда белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Жиналыста облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев Жер кодексіне сәйкес жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар жердi нысаналы мақсатына сәйкес пайдалануға, санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес өндiрiс технологияларын қолдануға, экологиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеуге, сондай-ақ, иелігіндегі жерді басқа бүлiну процестерiнен қорғауға міндетті екенін айтты. Бизнес субъектілерін қорғауға байланысты жарияланған мораторийге қарамастан, аталған кодекс талабы аясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 15 шілдеден бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді иеленіп отырғандарға қатысты тексеру жүргізуге мүмкіндік берген.

Батыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Тимур Төлепов ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді жүйелі пайдаланбайтын салық төлеушілер туралы мәлімет қолда бар екенін айтты. Оларға он есе көлемдегі жер салығын салу туралы нұсқамалар дайындалуда. Салық төлеушілермен жұмыстану арқасында Үкіметке 15 миллион теңге көлемінде жер салығы аударылды.  «Бөрлі, Сырым, Бәйтерек, Ақжайық аудандарында жер салығын төлеушілермен жұмыс қарқыны жақсы. Әр ауданда базалық ставка әртүрлі есептеледі. Мысалы, егін егуге, бау-бақша өнімін алуға болатын құнарлы жері бар Бәйтерек және Бөрлі аудандарындағы шаруалар жердің1 гектарына жыл ішінде 36 мың теңге төлеуі тиіс. Жер телімін дұрыс пайдаланбайтын болса, салық мөлшері он есеге дейін ұлғайтылады. Ал шабындық және жайылым жерге бай Сырым мен Қаратөбе аудандары бойынша базалық ставка төмен», – деді Тимур Төлепов.

– Жерді игере алмай жатқан шаруалардың бірқатары елеулі себеп бар екенін айтады. Ондай кедергілердің барын түсініп отырмыз. Бірақ жерді пайдалануға құлықсыз агроқұрылымдар мен шаруа қожалықтары туралы мәліметті ұдайы жариялаймыз. Жерді пайдалану мәселесі тұрақты бақылауда болады. Күзге дейін жер қатынастары саласында оң нәтижеге қол жеткізуге тиіспіз. Ақжайық ауданында «Тілек» шаруа қожалығы 8 мың гектар жерге 36 ірі қара, 32 жылқы басын бағып отыр. Әрине, бұл заң талабы бойынша нормаға қайшы. Шаруа қожалықтары мал есебін анық көрсетпей отыр. Мал санына жер көлемі сәйкес келуі тиіс, – деген Ғали Есқалиев басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне нақты тапсырмаларды берді.

Нұртай ТЕКЕБАЙ

zhaikpress.kz

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале