14.11.2016, 12:44
Оқылды: 39

«Fasching» карнавалы өтті

%d0%bd%d0%b5%d0%bc%d1%96%d1%81-%d0%ba%d0%b0%d1%80%d0%bd%d0%b0%d0%b2%d0%b0%d0%bbДостық үйінде «Fasching» атты неміс карнавалы өтті. «Этностар күні» аясында өткен шараны «Хаймат» неміс этномәдени бірлестігі ұйымдастырды.


         Карнавалға келген қонақтар немістердің ұлттық тағамдарынан ауыз тиіп, Вальдорф  бағытындағы мектеп-гимназиясы оқушыларының қолынан шыққан қолөнер бұйымдарымен танысты.

Шара Алмания елінде аталмыш мерекені қалай қарсы алатынын, оның мән-маңызын баяндайтын бейнефильммен ашылды.

- Биылғы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясымен көптеген жоба жүзеге асуда. Соның бірі – «Этностар күндері» шеңберінде өтіп жатқан ұлттық мерекелер. Бүгін біз немістердің ұлттық карнавалы мерекесіне жиналып отырмыз. Елбасының тапсырмасымен бой көтерген Достық үйінде өтіп келе жатқан әр этностың ұлттық мерекелеріне қонақтар көптеп келетініне және өздерін жайлы сезінетіндеріне біз қуаныштымыз. Өңіріміздегі ұлт пен ұлыстардарды біріктіретін шаңырақ саналатын бұл ғимаратта 17 этномәдени бірлестіктің өз бөлмелері бар. Мұнда олардың өз мәдениетін, салт-дәстүрін дамытуға толық жағдай жасалған,-деді шараны ашқан облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-ның директоры Александр Әжіғалиев.

Жиналғандарды мерекемен құттықтаған «Хаймат» неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы Эдуард Фрицлер оралдық немістер бұл мерекені жыл сайын кең көлемде тойлайтынын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде республикамызда 180 мың, ал Ақ Жайық өңірінде 1,5 мыңдай неміс тұрады. Елімізде мұндай карнавалды ұйымдастырудағы мақсат – неміс ұлтының дәстүрімен, мәдениетімен кеңірек таныстыру, ұлтаралық келісім мен толеранттылықты нығайту.

Осы шараға Алманияның Хаген қаласынан арнайы келген Вальдорф  бағытындағы мектеп-гимназияның кураторы, фрау Эльке Винтер өз сөзінде мұндай думанды шара тұрғындарға қуаныш, күлкі, демалыс, серпіліс сыйлау үшін ұйымдастырылатынын жеткізді. Негізінен карнавал әр жылдың 11 айында, сағат 11-ден 11 минут кеткенде басталуы керек. Жалпы Алманияның қалалары мен ауылдары бұл карнавалға арнайы дайындалады. Яғни тұрғындар өз үйлерін, дүкендерін, демалыс, көңіл көтеру орындарын безендіреді. Үйлердің кіре берісіне сабаннан жасаған қуыршақтар іледі, мерекеден соң оны өртейді. Ең үлкен карнавалдық шерулер Кельн, Дюсселдорф, Майнц секілді ірі шаһарларда өтеді. Мәселен, Кельнда ұзындығы 7 километрге дейін созылатын карнавалдық поезд жолға шығады. Карнавал бір аптаға созылып, орталық алаңда мерекелік концертпен аяқталады. Міне, осы күндері көшелердің бойына миллиондаған конфет шашылатын көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, оны көрген де арманда, көрмеген де арманда...

Шара барысында Вальдорф  бағытындағы мектеп-гимназияның оқушылары, Ирина мен Марина Разенковалар немістің халық әндерін, «Одажио» балалар би ансамблі немістің ұлттық билерін көпшілік назарына ұсынды.

Мәди Ықылас

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале