4.11.2015, 20:23
Оқылды: 26

«Find me» GPS жылқыны қорғайды

GPS   Ақжайық ауданының Мерген ауылдық округіндегі Тасан қыстағын мекен еткен «Бекнұр» шаруа қожалығының иесі Есентай Рамазанов бұл ретте заманауи құрылғылардың көмегіне жүгінеді. 2012 жылы құрылған қожалықтың негізгі бағыты – ірі қара өсіру.

Есентай Рамазанов табанақы, маңдай терімен мал басын құрап, шаруасын дөңгелетуде. Ісін өрістетіп, мал басын асылдандыру арқылы өнімділікті молайтып, табысын еселеуге күш салып келеді.

Ал аяқты жылқыны бұл заманның «барымташыларынан» сақтауды да мығым ойластырған. Бұрыннан салақтық пен салғырттықты жаны жек көретін шаруа иесі оның да шешімін әп-сәтте тапты. Малыңның қайда жүргенін анықтауға болатын құрылғының бар екенін құлағы шалған ол ғаламтор арқылы іздегенін табады. Алматы қаласынан «Find me» GPS трекерін өзімен көрші орналасқан «Бекет» шаруа қожалығының иесі Тоғызбай Тасановпын бірлесіп алдыртып, оны үйір айғырының денесіне орнатады. Сол құралға қатысты о баста тәжірибесіздіктің салдары ғой, әрі жылқының әлсін-әлі жерге аунайтынын ескермепті, алғашында алған трекерлері көпке шыдамай, қирады, не жоғалды. Қазір қасиетті Қамбар ата түлігінің маңдайына, дәл кекілінің астына белбеумен бекітеді.

Бұл құрылғы көлемі 6х 4 см, салмағы 500 грамдық пластмассалық қорапша. Трекердің қуаты 2 жылға жетеді. Жеке автономды GPS трекер қозғалыстағы малдың орналасқан жерін анықтау үшін қолданылады.

Облысымыздың біраз жеріндегідей Ақжайық ауданында да малды сақтаудағы мұндай амалға шаруа қауым бет бұрып келеді. Аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері 50 шақырымнан 100 шақырымға дейін радиусты қамту мүмкіндігі бар «Find me» GPS-ті (бағасы 60 мың теңге және одан жоғары) қайдан алдыртуға болатыны және оны қолданудың тәсілі жайында еңбеккерлерге түсінік беріп келеді.

www.zhaikpress.kz

Болат ЕСҚАЛИЕВ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале