18.05.2018, 11:06
Оқылды: 24

Ғ.Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті Оралда өнер көрсетті

Ғ.Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті Орал қаласының тұрғындарына керемет кеш сыйлады. Айта кетейік, кешеден бері шаһарда Астана күндері аясында бірқатар шара өтуде.

«Ұлы дала әуендері» атауымен өткен концертте  Шуберттің, Гайднның, Бородиннің, Жұбанованың, Жайымовтың, Тәттімбет пен Құрманғазының шығармалары орындалды.

- Елорданың 20 жылдығына орай гастрольдік сапарымызды Орал қаласынан бастадық. Кейін Шығыс Қазақстан облысы, Көкшетау өңірлеріне барамыз. Әрине, Қазақстанның барлық облысын аралап шығатын мүмкіндік жоқ. Ұжымның өз жоспары, шетелдегі сапарларымыз бар. Бүгін оралдықтарға классик композиторлармен қатар отандық композиторлардың туындыларын ұсынамыз. Сонымен қатар домбыраға жазылған күйлерді орындайтын боламыз. Шетелдіктер бұндай экспериментті ілтипатпен қабылдады. Жайық жұртының да көңілінен шығады деген ойдамыз, - дейді квартеттің көркемдік жетекшісі Ернар Мыңтаев.

Өнер ұжымы жаз айларында Еуропа елдеріне концерттік бағдарламамен аттанбақ. Ал күзде елімізде фестиваль ұйымдастырмақ ниетте. Жаңа маусымдағы бағдарламада жігіттер джаз музыканттарымен бірге өнер көрсетпек. Қазір ізденіс үстінде екен.

Айта кетейік, елорданың қаламыздағы күндері аясындағы шаралар жалғасуда.

Бүгін астаналық актерлер режиссер Әлімбек Оразбековтың «Одинокая яблоня» драмасын көрермендер назарына ұсынады. Астаналықтар жас көрерменге А.Анатольевтің «Снежная королева» ертегісін де қояды.

Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясының залында өтетін «Елордадан елге сәлем» гала-концертіне елордалық филармония ұжымдары қатысады. Сахна төрінде Ринат Малцагов, Клара Төленбаева сынды эстрада жұлдыздары, «Арт-Домбыра» триосы өз өнерін ортаға салады.

Айдана Хамидуллина

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале