2.12.2020, 11:35
Оқылды: 252

Ғайса Қапақов, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы: «Мен қалай Иисус атандым?»

– Ғайса Хамидоллаұлы, Нұрсұлтан Әбішұлымен кездескен сәттеріңізді қысқаша айтып берсеңіз?

02F944A9-7A4C-435E-A88C-6318CCBA0169

– Бәйтерек ауданында қызметте жүргенімде Елбасымен үш рет кездестім. 2005 жылы сайлауалды науқанның қайнап жатқан кезі еді. Облысымызға іссапармен келген Елбасы Дариян ауылына арнайы ат басын бұрды. Халық болып жиналып, қуана қарсы алдық. Осы сапарында Шолохов музейінде болып, қолтаңбасын қалдырды. Одан кейін 2007 жылы ауданымыздағы егін шаруашылығының жай-күйімен, атқарылып жатқан жұмыстармен танысуға тағы да жолы түсті. Бұл кезде облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов болатын. Аудан орталығына келгеннен кейін, шағын аутобусқа мініп, егістікке қарай бет алмақшы боп жатқанбыз. Бір кезде Елбасы маған қарап, «Ғайса деген есімің не мағына беретінін білесің бе?» деп сұрағын тосыннан қойды. Менің ол сұрақты күтпегенімді сезді ме, сәлден соң  «Иса пайғамбарымыздың құрметіне қойылған ғой» деп өзі жауап берген еді. Бұдан кейін құрдастарымның бәрі «Привет, Иисус Христос» деп қалжыңдайтынды шығарды. Осылайша, екінші кездесу осы бір қызықты оқиғамен есімде қалды. Ал 2011 жылы облысымызда су тасқыны орын алғанын қалың жұрт ұмыта қоймаған шығар. Сол жылы үйлері суға кеткен отбасыларына көмек көрсету үшін, Үкімет арнайы тапсырмасы бойынша ауданымыздың Мұнайшы ауылында екі айдың ішінде 104 баспана бой көтерді. Осы игі істің ашылуына Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзі қатысып, халықтың қуанышын бөліскен еді.

– Елбасының алдында батысқазақстандық өзге ұлт өкілінің ерекше ілтипат көрсеткенін оқырмандарымызға айтып берсеңіз?

– 2012 жылы БҚО халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалдым. Жалпы, біздің өңірге жұмыс сапарымен келген кездері Елбасы облыстық ассамблея мүшелерімен бірнеше мәрте кездесті. Сондай сәттерде өзге ұлт өкілдерінің Нұрсұлтан Әбішұлына деген ықылас-пейілі ерекше екендігі айрықша аңғарылатын. Елбасымен Оралда өткен емен-жарқын жүздесулердің бірінде Новиков деген жергілікті казак-орыс бас киімін шешіп, иіліп тұрып сәлем берді. Дәстүр бойынша казактар әкесі мен христиандық православ дінбасыға ғана осылай құрмет көрсетеді екен. «Қоғамдық формацияға қоса, меншіктік қатынастар күрт өзгерген елең-алаң кезеңде діни наным-сенімі әртүрлі сан алуан ұлт-ұлыстан құралған отандастарымыздың түсіністігін арттырып, татулығын нығайту ниетімен өзіңіз бас болып, Қазақстан халқының ассамблеясын құрдыңыз. Құрылып-қалыптасуына өзіңіз ұйытқы болған ассамблеяның арқасында қазақстандықтардың бірлігі бекемденіп, берекесі еселенді, ынтымағы нығайып, ырысы молайды. Сол себепті біз сізді халқымыздың әкесіндей көреміз» деп фуражкесін шешіп, басын иді. Нұрсұлтан Әбішұлына казак Новиковтың мұндай ілтипаты сол сәтте Елбасын да, қаумалап тұрған ел-жұртты да толқытып-тебіренткенін өз басым айқын сезіндім.

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале