13.05.2020, 11:34
Оқылды: 503

Ғалым-ұстаз алпыстың асқарында

Мамандық атаулының ең қасиеттісі, жақұт-жауһары ұстаздық етуден асқан ұлылық бар ма? Шәкірттерін білімнің қайнар бұлағымен сусындатып, ақылдың дәнін сеуіп, тәрбиенің бесігінде тербеткен ұстаз еңбегі қай кезде де ерен.

IMG_1005

Он жыл бұрын қасиетті қара шаңырақ М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне білім алуға келген кезімізде тағылымы терең ұстаздық өнерді еркін билейтін Зейнолла Жақсылықұлын жолықтырдық. Сол кезден бастап құнарлы дәрістерімен, сөз саптау шеберлігімен, кең жүректілігімен, қарапайымдылығымен шәкірт жүрегіне жол сала білген ұстазымның ғылым жолындағы ізгілікті ізденісі мен білім берудегі теңдессіз тәжірибесін үлгі тұттым.

Жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты алпыстың асқаралы шыңына алып жеткен қадірлі ұстазымыз Зейнолла Жақсылықұлы Мүтиев 1960 жылы мамыр айының оныншы жұлдызында қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Жымпиты кеңшары, Аралтөбе ауылдық кеңесіне қарасты №3 Жамбыл бөлімшесінің «Қарабас-Плантация» елді мекенінде, кіші жүздің Байбақты руының Жауғаштысының Жөлкесінен тараған әулетте өмірге келген. Әкесі Жақсылық Ақайұлы момын, қарапайым еңбек адамы болған. Анасы Бақыт Жылқыбайқызы – он құрсақ көтерген батыр ана. Балалық шағы соғыс зұлматымен тұспа-тұс келіп небір қиындықтарды басынан кешірген әкесі біраз уақыт Жымпитыдағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Әкесінің балалар үйінде талантты ақын Қадыр Мырза Әлимен тағдыры тоғысқанын үнемі айтып отыратынын жадында ұстаған ұстазымыз өз естеліктерінің бірінде: «Көктемгі далалық жұмыс науқаны жүріп жатқан шақ. Түс мезгілінде әкей қолына бір қапшық кітап ұстап апты, қасында ерткен үш-төрт қонағы бар үйге келе қалды. Анама қонақтарды таныстырып жатыр, ол ас-су қамдап әлек. Біз Хайролла екеуміз қонақтардың қолына су құюға таласып, құманды бөлісе алмай қалғанымыз, олардың бата беріп жатқаны есімде қапты. Жаңағы бір қапшық кітаптардың көпшілігі балаларға арналған екен, кейін жұқа кітаптардағы өлең-жырларды анамның бізге жаттатқаны бар. Сөрелерді қайыстырып тұратын 500-ге жуық кітаптар мен газет-журналдар біздің үйдің барлық балаларын тәрбиелеген, дүние танымымызды байытқан алтын қор еді ғой. Сол замандағы ауыл балаларының жазылмаған заңды тәртібіне сай үй аралатып кітап алмасып оқуда да үй кітапханасы біраз еңбек сіңірді. Қазірде де кітап көрсем арбалып қалатын осал тұсым сол балалық шақтан қалыптасқан мінезге айналды. Болған оқиға қателеспесем 1965-66 жылдардың жазғұтырым уақыты болу керек. Ал келген қонақтар қазақтың белгілі қаламгерлері Қалижан Бекхожин, Мұзафар Әлімбаев және Қадыр Мырзалиев екен» - деп  тау тұлғаларды алғаш көрген сәтімен бөліседі. Асқар тау әкесінің шығармашылыққа жақындығынан, маңайындағы жыр сүлейлерінің әсерінен де болар, Зейнолла Жақсылықұлы әдебиеттің тереңіне бойлап, шығармашылықты жанымен сүйіп, ұстаздық міндетін адал атқаруға бүгінге дейін үлкен еңбек сіңіріп келеді.

Орта мектепті бітірген соң 1985 жылы А.С. Пушкин атындағы Орал педагогика институтының филология факультетіне «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1990 жылы тәмамдаған З. Жақсылықұлы алғаш еңбек жолын 1981-1993 жылдары Сырым ауданының Қызылағаш орта мектебінде мұғалім, кәсіподақ ұйымының төрағасы, оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарудан бастайды. Одан кейінгі жылдары Орал қаласындағы С. Сейфуллин атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернат кешенінде мұғалімдік қызметте болған ұстазымыз қазақ әдебиеттану мәселелерімен де айналысып, ғылыми-зерттеу, оқу-әдістемелік еңбектер жазады.

Толассыз ізденісі мен тынымсыз еңбегінің нәтижесінде мектеп мұғалімдері арасынан БҚО-ғы алғашқы ғылым кандидаты болған Зейнолла Жақсылықұлы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» бірнеше мәрте марапатталады. 2012 жылы ҚР «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағы мен грантының иегері атанып, 2013 жылы Білім беру мен қазақ лингвистикасының дамуына қосқан үлгілі кәсіби қызметі үшін Еуропаның Ғылым-Өндірістік Палатасының «Алтын медалімен» және дипломымен  марапатталады.

Зейнолла Жақсылықұлының ғылым әлеміне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Қазақ әдебиеттануының дамуына сіңірген еңбегінің жемісі ретінде автордың 200-ден астам ғылыми-зерттеу, педагогикалық-әдістемелік және публицистикалық еңбектерін, оқу құралдары мен бағдарламаларын, 300-ге жуық ғылыми мақалаларын атауға болады. Еселі еңбегі ескеріліп З. Жақсылықұлы 2017 жылы «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталады.

Ғалым-ұстаз ғылымның өрісін кеңейтуді мақсат тұтып, 2018 жылы ҚР Білім және ғылым минстрлігі Ғылым комитетінің 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми жобалар бойынша гранттық қаржыландыру конкурсының жеңімпазы атанады. № AP05135443 «Әдеби өлкетану: рухани жаңғыру (Орал өңірі ақын жазушыларының шығармашылық мұрасы. ХХ-ХХІ ғасырдың басы)» деп аталатын жоба бойынша ғылымға құштар философия докторы А.Ақболатов пен магистр Ж.Мұханбетова сынды шәкірттерімен бірлестікте монография, хрестоматиялар мен ғылыми мақалалар жариялауда.

Бүгінде Зейнолла Жақсылықұлы Мүтиев М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент қызметін атқарып, тіл мен әдебиет жанашырларын, рухты ел ертеңін даярлауға өз үлесін қосуда.

Адами ғұмырын саналы ұрпақ қалыптастыруға, ғылымның кемшіл тұстарын жандандыруға арнаған ғалым-ұстаздың шәкірт тәрбиелеудегі өзіндік арнасы, дара жолы өзгеден ерекше. Ғылыми ізденістерімнің іргетасын қалауға да, тұжырымын қорытындылауға да кеңес сұрап жүгінген сәттерде ұстазым Зейнолла Жақсылықұлы білгенін үйретуден, қатемді түзетуден еш шаршаған емес. Мұның өзінен ұстазымның шәкіртке деген құрметі, адамдық қасиетінің биіктігі, еңбек жолындағы адалдығы анық сезіледі.

Отбасын алдыңғы орынға қоятын қадірлі ұстазымның Ізімғали, Күләш есімді бауырларына, ардақты да аяулы жары Гүлжамал анамызға, бала-келіндері мен немерелеріне ұзақ ғұмыр, ортаймас бақ-ырыс тілеймін.

Алпыстың асқаралы шыңына шыққалы отырған кең жүректі Зейнолла Жақсылықұлының өзіне тән ұстаздық болмысы, терең білімі, байыпты көзқарасы, замана көшіне лайық көреген ойлары, құнды тәжірибесі әрбір шәкіртіне теңдессіз тағылым.

Ұстаз шәкірті Жангүлім Мұханбетова, педагогика ғылымдарының магистрі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале