6.12.2019, 16:03
Оқылды: 113

Ғарекеңнің шәкірті

Таяуда Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда мазмұнды мәдени шара өтті. Бір топ әнсүйер қауым мен өнер ордасының жас әртістері Ғарекеңнің шәкірті, мәдениет саласының ардагері, аталған шығармашылық  ұжымның бұрынғы белсенді мүшесі, халық және Мұхит Мерәлі әндерін орындаудың барша жұрт мойындаған шебері, жасы 80-ге толып отырған Махамбет Балпейісовпен кездесті.

6E0CCC79-9B0A-4C2F-9B72-6E22AEC49540

Махамбет Балпейісов Бөрлі ауданында туыпөсті. Анабір жылдары тың және тыңайған жерлерді игеру желеуімен келген басқа ұлт өкілдері арасында колхозда еңбек етті. Бала кезінен әнге, домбыраға үйір болды. Әсіресе, Ғарифолла Құрманғалиевтің репертуарындағы әндерді патефон ар-қылы тыңдап, үйренуге күш салды. Ауылда «әнші бала» атанды. Жасыратыны жоқ, сол кездері қандастарымыз сыртқы әсерге тез беріліп, орыс тілінде сөйлей бастады. Ауылда болып тұратын концерттерде қазақ әндері естілмейтін болды. Домбыра сахнадан шеттетілді. Солай бола тұрса да, Махамбет Балпейісов беріле қойған жоқ. Домбырасын шертіп, әнін шырқап, термесін төкті. Мал фермаларындағы, трактор-егіс бригадаларындағы, екі-үш үйлі пункттердегі еңбекші жұрт жас әнші Махамбетті үнемі қуанышпен қарсы алып, өнеріне ырза болып, алғыстарын жаудырып жататын. Оның өлең шығаратын өнері де бар-ды.

Көп тілегі қасиетті ғой. Махамбет Балпейісов көзге түседі. Кімнің дейсіз ғой? Ұлы әнші Ғарекеңнің, Ғарифолла Құрманғалиевтің! Осылай болады деп ойлап па?! Бағы жанды деп осындайды айтар болар. Иә, жас әншінің бағы маздады, жолы ашылды. Ғарекең шақыртып алып, жеке сөйлесті. Республикалық эстрада студиясына оқуға түсуге кеңес берді. Үйлі-баранды болып қалған Махамбет оқудан қашқақтады. Ғарекең дегенін істетпей қоя ма! Тізеге салып отырып Махамбетті көндірді. Содан оқи бастайды ол. Ғарифолла Құрманғалиев класында. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында Ғарекеңнің тың кезі. Алпыс жастан жаңа ғана аса бастаған тұсы ғой. Дер кезі дегендей! Сабақ өткізуі ғажап. Біріне-бірі ұқсамайды. Жігері, сенімі өлшеусіз. «Қазақ халқының дәстүрлі ән-шілік өнері, мүмкін, қазір сәл-пәл тежеліп тұрған болар. Заманы келеді оның! Сол кезде сендер халықтың алақанында жүретін боласыңдар» дейтін ұлы ұстаз.

Эстрада студиясының түлегі Махамбет Балпейісов 1974 жылы жаңадан құрылған Торғай облыстық филармониясына жолдама алады. Бұл жерде де Ғарекеңнің ықпалы болмай қалған жоқ-ты. Әріден ойлайтын асыл аға Кіші жүз ән мектебін Арқадағы ағайынға жеткізуді мақсат еткен болатын. Махамбет Балпейісов ұстаз ама-натын орындауға аянбай күш жұмсады. Мұхит әндері, Кіші жүз қазақтарына тән термелер Торғай, Қостанай өңірлеріне тарай баста-ды. Арқада ән шырқап жүрген Махамбеттің көз алдынан Ақ Жайық көлденең көсіліп тұрып ала-тын. Жүрегі сыздап, сағыныш сезімі үнемі мазалайтын. Арқадағы ағайын-жұрттың алғысын арқалаған әнші Махамбет Балпейісов Оралға оралып, облыстық филармонияда жұмысын жалғастырды.

Әділін айтуымыз керек, сол бір жылдарда облыстық филармония қаладан гөрі аудандарды, яғни үлкенді-кішілі ауылдарды қамтыды.

Әртістер апталап-айлап гастрольде жүретін. Арнайы бағыт сызылып, елді мекендер дәл көрсетіліп, концерттердің белгіленген уақытында қойылуы қатаң қадағаланатын. Иә, сол бір кездерде жасы ұлғайған адамдар баршылық еді.

Олар концерттерде халық әндерін, термелерді, Мұхиттың төл туындыларын Ғарекеңше орындауды қалайтын. Мұндай сәттерде Махамбет Балпейісовтің «құдайы беретін». Ол сахнаға атып шығып, Ғарекеңше бет пішінін құбылтып, көздерін ойнақшытып, дауысын ән әуеніне орай жоғары-төмен айшықтап, көпшілік көңілінен шығатын.

«Көтермесе көңілді, кір басады» дегендей, мұндай концерттер тыңдаушыларды бір серпілтіп, сергітіп тастайды ғой. Ал мұның сыртында тәрбиелік мән-маңыз жатыр. Сахнадағы әншіні тыңдаушылар арасында өнердің осы саласына жаны құштар жастар болмауы мүмкін емес. Міне, солардың талабына дем беріп, үміт отын үрлеуде Махамбет Балпейісовтің және оның әріптестерінің ықпалы зор болды деп толық сеніммен айта аламын.

Жоғарыда хабардар етілгендей, тәуелсіздіктің арқасында қазақтың дәстүрлі ән өнерінің күні туды. Ғарекеңнің айтқаны келді! Махамбеттер сахнадан кеткенмен, олардың ізін басып, жолын жалғастырған өнерлі өрендер қаулап өсіп келеді.

Кездесу қорытындысында ардагер әнші Махамбет Балпейісов-ке Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы басшысы-ның алғысхаты табыс етілді.

Бұл күндері Махамбет замандасым ескі досы – домбырасын шер-тіп, көкейінде жатталған әндерді ыңылдап айтып, ара-арасында өлең-шумақтарын қағазға түсіріп, отбасы-орманы ортасында бейқұт ғұмыр кешіп жатыр.

Айтқали Нәріков

ақын, ҚР мәдениет  саласының үздігі

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале