18.07.2019, 16:26
Оқылды: 199

Газ тарту бағасының әр ауыл-ауданда әркелкілігі, тым қымбаттығы облыс әкімінің сынына ілікті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің даму көрсеткіштерін одан әрі арттыру бойынша Үкіметке, өңір басшыларына нақты тапсырмалар берді. Соған орай облыс әкімі Ғали Есқалиев облыс активінде алдағы жұмыс жоспарларымен таныстырып, өңірдің даму қарқынын жақсарту мәселелерін жан-жақты талқылады. Басқосуға ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Мұхамеджан Абауов қатысты.

aktiv (4)

Ауыл тұрғындарының жанына бататын газ тарту бағасының әр ауыл-ауданда әркелкілігі, тым қымбаттығы облыс әкімінің сынына ілікті.

«Сырым ауданында үйге газ кіргізу 350 мың теңге болса, Теректі ауданында 600 мың теңгеге жеткен. Бұл мәселе бойынша «ҚазТрансГазАймақ» кәсіпорнында болдық. Олар мән-жайды анықтап білмек. Газды бір емес, бірнеше ауыл кіргізетін болса, арзандайды екен. Облыс тұрғындарының 95 пайызы көгілдір отын игілігін көруде дейміз. Бұл құр сан ғана. Мысалы, Ақжайық ауданында 11 ауылға газ жеткізілгенмен үйлерге әлі кірмеген. Сондықтан біз есепте 11 ауылдың газбен қамтылғанын айтып, өзімізді өзіміз алдап отырмыз», - деген Ғали Есқалиев ақпараттың нақты болуын, мердігерлермен баға мәселесін шешуді атқарушы құрылымдардан талап ететінін жеткізді.

Жиында облыс басшысы бюджет қаражатын тиімді жұмсау, мемқызметтерді цифрлық форматқа көшіру, аумақтарды дамыту және өзге де мәселелерді қамтыған 9 бағыт бойынша қала, аудан әкімдіктеріне, сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, міндеттер жүктеді.

«Атқаратын жұмыстарымыз өте ауқымды. Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыруда өңір тұрғындарымен бірлескен жұмыс жоспарларын құруымыз қажет. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, өршіл мақсаттарға жетелейтін жолда ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырамын», - деп қорытты сөзін облыс әкімі.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

сурет: Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале