1.06.2018, 21:33
Оқылды: 284

Ғұмар Қараш еңбектерінің үш томдығы Астанада таныстырылды

gumar (3)Бүгін Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті кітапханасында Ғұмар Қараш еңбектерінің үш томдығы таныстырылды. Таныстырылымға елімізге белгілі тарихшы ғалымдар, өлкетанушылар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Көрнекті ақын, ағартушы, философ, қазақ баспасөзін қалыптастырушы тұлға, дін қайраткері Ғұмар Қараштың (1875-1921) шығармалары толығымен жинақталып алғаш басылып отыр.
Үш томдық жинақтың алғашқы томына ақынның көзі тірісінде шыққан жинақтарына шыққан, жарияланбаған «Қырғи» жинағындағы өлеңдері, ақынның мерзімді басылымдарда жарық көрген жыр шумақтары топтастырылды. Сондай-ақ Ғұмар Қараштың жинақтауымен басылған «Шайыр яки қазақ ақындарының басты жырлары» (Орынбор) және «Көксілдер яки бұрынғы мырза ұлы һәм ноғайлы батырлары уа ғейри (және әр түрлі) мағналы жырлар» (Орынбор) атты жинақтар да осы жерде толық түрінде берілді. Бұған қоса Ғұмар Қараштың ел аузынан жиналған, шәкірті Ахмади Есқалиев, зерттеушілер Мұстафа Ысмағұлов пен Гүлжау Сұлтанғалиева, немересі Надежда Қарашева жинақтаған бірқатар жыр туындылары қамтылды.

gumar (12)Шығармалар жинағының екінші томына ақынның әңгімесі, көзі тірісінде кітап болып шыққан «Ойға келген пікірлерім» (Орынбор, 1910), «Өрнек» (Үпі, 1911), «Бәдел қажы» (Қазан, 1913) еңбектері, ақынның мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалары топтастырылды. Жинаққа Ғұмар Қараш туралы ғалымдардың сараптама мақалалары да енгізілді.

Жинақтың үшінші томына ақын тағдырын тұңғыш рет жүйелі зерттеуші Мұстафа Ысмағұловтың, Гүлжау Сұлтанғалиеваның еңбектері, ақынның немересі Надежда Қарашеваның Ғұмар Қараштың өмірі мен шығармашылығы туралы орыс тілінде жазылған шолу мақаласы, Ғұмарды көріп-білген адамдардың естеліктері және Ғұмар Қарашқа арналған жыр-жоқтаулар берілді. Бұған қоса, ақынның өмір жолы мен шығармашылығына қатысты тың деректер де топтастырылды.

Жинақтың таныстырылымын Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, әдебиет тарихшысы, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы ашып, жүргізіп отырды.

gumar (4)-«Ғұмар Қараш» кітабының тұсаукесер рәсімін Астана қаласында жасағаныңызға алғыс білдіремін. Осыған дейін «Қазақстан», «Ұран» кітаптары туралы естіп едім. Жалпы Ғұмар Қараш тағдыры - халық трагедиясы ғой. Ғұмар – қазақтың көркем ойына үлес қосқан, руханиятына қызмет еткен ғажап адам. Біз бұл азаматтың есімін мәңгі есте қалдыруымыз қажет. Еліміздің бас қалаларына көше беру, мешіт ашу сияқты жұмыстар жасалынуы шарт,-деді филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов.

-«Ғұмар Қараш» кітабы – оралдық азаматтардың шығарған алғашқы кітабы емес. Оның алдында «Қазақстан», «Ұран», «Дұрыстық жолы» еңбектері жарық көрді. Кітапты жинақтаушы топ бұл жұмысқа үлкен дайындықпен келді. Осыған дейін «Ұранның» ізін қуалап, қажетті ақпаратты тапқан олар, бұл мақсатқа да жетті. Бұл жүйелі бағытта ізденсе, еңбектенсе, көп мұраны жинақтауға болатынын көрсетеді. Мен осы еңбектерді пайдалана отырып, 10 шақты мақала жаздым. Кітап болмаса, ақпараттың қайнар көзін қайдан алар едім? Әр аймақтың жігіттері осылай жұмыс істесе, тек қолдау керек,-деді филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омаров.

gumar (6)-Қасиетті Рамазан айында Алаштың қазиы болған Ғұмар Қараштың кітабын қолымызға алғанымызға қуаныштымыз. Бұған дейін Ғұмар Қарашты жинақтардан көп ақынның арасынан ғана кездестіруші едік, енді шығармалары жинақталды,-деді,-деді филология ғылымдарының докторы, алаштанушы Сағымбай Жұмағұлов.
Шараға Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессорлары, филология ғылымдарының докторы Амантай Шəріп, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қайырбек Кемеңгер де қатысты.

-Баспасөз тарихын зерттей келе біздің облыстағы басылымдардың бастауында Ғұмар Қараш тұрғанына көз жеткіздік. Сөйтіп Ғұмардың еңбектерін де жинақтауды мақсат еттік. Ол сөзі мен ісі қабысқан прагматик болған. Сол заманның ең озық дүниесі – газет құралдарын әкеліп, Алаш елін баспасөзбен қауыштырған. Өлеңдері арқылы насихат жұмысын жүргізіп, халық алдында беделге ие болған. Патша өкіметі құлағанға дейін түрлі газеттерді белсенді шығарып келеді де, кеңес үкіметі шеттетсе де кейін газетке атсалысады. Мұғалімдердің алғашқы сиезін өткізіп, балаларды оқыту мәселесімен айналысады. Отырықшылыққа үндейді. Сол заманда Ғұмар қазақтың азат, тәуелсіз болуын көксегесін «ақтардың» да, «қызылдардың» да саясатына келмейтін тұлға болды. Сондықтан 1921 жылы айуандықпен өлтірілді. Өлімі жабулы күйі қалды. 1947 жылы қаулы шығып, еңбектері репрессияға түседі. Соның кесірінен мұрасы жан-жақта қалды. 2012 жылы Ғұмардың немересі Надежда Қарашева қолымызға еш жерде жарияланбаған көп деректерді табыстады. «Ұран», «Дұрыстық жолы», «Қызыл ту», «Қазақ дұрыстығы» сияқты Ғұмардың араласуымен шыққан газеттерді де таптық. Ресей архивтерінде, Алматыдағы сирек қолжазбалар мұрағатынан деректер жиналды. Содан бері бес жыл үздіксіз жұмыстанып, Ғұмар Қараштың бүкіл еңбектерін түгендеп, 3 томдық жинақ етіп шығардық,-деді «Ғұмар Қараш» үш томдығының жоба жетекшісі, «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин.

gumar (2)Ғ.Қараш үштомдық жинағының сыртқы мұқабасы мен жалпы құрылымының өзінде де мағына бар. Мұқабадағы ақынның суреті – 1918 жылы Үпі қаласында түсірілген тарихи суреттердің бірі. Кітап негіз болған жазбалардың тарихтан сыр шертетіндігін білдіру мақсатында сыртқы фон ретінде ақшыл сарғыш, Алаш туының түсі – жасыл түс қолданылды. Текстуралық фондағы төртбұрыштың ішіне өрнек түрінде араб әліпбиімен «Ғұмар Қараш» деп жазылған. Кітап 1911-1913 жылдары Ғ.Қараштың өзі «Қазақстан» газетінде қолданған ою-өрнек көркемделген. Кітаптың тік қырындағы QR-код арқылы қайраткер ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы толық мәлімет топтастырылған gumar.kz сайтына өтуге болады.

Нұрлыбек Рахманов,
Айдана Хамидуллина
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале