28.02.2020, 10:41
Оқылды: 216

  Ғұмыр-сахнадағы жұлдызды жұп

         Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы қолға алған «Жұлдызды отбасы» жобасының кезекті кездесуі Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының мақтаулы өнерпаздары, актерлар Ербол және Елена Есендосовтардың өмірі мен өнер жолын дәріптеуге арналды.

esendosov (17)

Кеш басталар алдында жұлдызды жұп пен кеш қонақтары Қадыр ақынға тәу етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. «Ғұмырсахна» атты айрықша атау берілген кеш «Жалт еткен сәуле» қойылымынан үзіндімен басталды.

esendosov (18)

Өмірде де, өнерде де жұп жарастырып, ел-жұртқа шынайы сезімдерімен, ақ адал ниеттерімен, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, шаңырақ шаттығын еселеуімен үлгі болып жүрген Ербол мен Еленаға өздері еңбек ететін театрдағы әріптестері – ардагер Құжырғали Төлеуішов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Сердеш Қажымұратов, актриса Бақытгүл. Жақыпова ақ баталарын берді. Сондай-ақ Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Салтанат Абулғазиева ұжымындағы белді де беделді әріптестері жайлы мақтанышпен баяндап, ерекше ықыласын білдірді.

esendosov (2)

Бұл кеш өзге кештерден өзгеше өрбіді. Өйткені кеш кейіпкерлері жиылған көрерменмен әңгіме-дүкен құрып қана қоймай, бойларына жиған саф алтындай өнерлерін ортаға салды. Есендосовтар қосыла шырқаған ән көпшіліктің көңілін тербетсе, Ерболдың өзі қатысқан қойылымдардан келтірген үзінді сәттері мен монологтары, кәсіби биші Еленаның мың бұрала билеген биі көрермен тарапынан ерекше қошеметке ие болды. Тұла бойы талант тұнған жұлдызды жұптың балалары да мықты болуы – заңдылық. Олардың қыздары Тоғжан Мағзомованың ерекше толқыныспен оқыған монологы – соның айқын дәлелі.

esendosov (12)

Әсерлі де әдемі кеш әулеттің анасы – Күлән апамыздың алғысқа толы ақ батасымен түйінделді. Ел-жұртты жарасымымен, жақсылығынмен, табиғи таланттарымен таңғалдырған Есендосовтар әулеті елге әлі талай әсем кеш сыйларына сеніміміз мол.

                   Аяужан Кереева,

Х. Бөкеева атындағы облыстық

қазақ драма театрының ақпарат бөлімінің басшысы

 zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале