30.04.2020, 12:06
Оқылды: 691

Ғылым-ғұмыр

Биылғы көктемде Батыс өңірінде қар тез еріп, кәрі құда аса бір тосын мінезін көрсете қоймады. Көктемнің шуақты күндері болғанымен, барша адамның көңілі күпті, алаңдаулы. Әр қазақ өзінің шаңырағында тығылып отыр, ағайын-туыспен, дос-жаранмен телефон арқылы байланысқаны болмаса, қатынасты уақытша тоқтатуға мәжбүр. Аты жаман аурудың беті жаман, аждаһадай жалмаңдап тұр. Бұған қарсы дертке дауа, ем табу әзірге адамзат баласының қолынан келмей тұрғаны.

Иә, үйде отырсақ та, қарап отырмай түртіншектеп отыру әдетіміз қалмайды. Қағаздарымды, естелік суреттерді ақтарып отырсам, менің ғұмырымдағы сыйлы ағалардың бірі, ұстазым, қазір әріптесім, әріптестің ішінде жақыным, түрлі ғылыми жобаларда ақылдасып, бірге иық тірестіріп жүру бақыты бұйырған (бізге) ізденімпаз тұлға, еңбекқор жан Зейнолла Жақсылықұлының мерейлі алпыс жасы келіп қалғанын аңғардым. Бұл ғалым-ғұмыр туралы жазбау, мен үшін қиянат болар еді. Себебі ағайдың шәкірт тәрбиелеуде өзіндік дара жолы бар.

b30a4313-6796-4ad3-ac42-a5ee32bab3ec

Уақыт шіркін, жүйріктей жүйткіп өтіп жатыр. Уақыт керуені де артына із қалдырып отырады. Уақыт керуені тоқтамақ емес, ал адамзат баласы да сол уақыт көшінде жүріп, жетіледі, өседі, өркендейді. Бәрінің өз шегі бар.

Сонау 2002-2003 жылдары 4-курста оқып жүрген кезімізде Зейнолла Жақсылықұлын алғашқы рет көрдік. Үшті аяқтап, төртінші курсқа кеп қалған, бәрін оқып тауысқандай өрекпіген «мен білемге» салынып жүрген кезіміз. «Түркі халықтары әдебиеті» пәнінен сабақ беретін ұстазымыз, университетіміздің ақсақалы (елуінші жылдардан кейінгі кафедраға келген шалдардың біз көрген соңғы тұяғы) Қалимолла Мырзағалиев ағамыз сырқаттанып қалды. Көп ұзамай о дүниелік болды. Өте сабырлы, жайлы, сондай таза адам болатын. Жаны жәннатта болсын. Міне, сол кісінің орнына мұрты қияқтай, шашы сары, жұқалтаң келген сол кезде қырықтан енді асқан жігіт ағасы келді.

«Бір-бірінің аузын жалдап үйренген қазақ жаңалыққа зәру емес» (Рақымжан Отарбаев) демекші, қазақтың әңгімеге үйірлігі бесенеден белгілі ғой, оның ішінде филфакта әңгіме жерде жатпайды. Желден де жүйрік тарайды. Қазіргідей телефон жоқ болса да, білмейтіні жоқ, жеті қабат жер астындағыдан хабардар«кәсіби мамандар» болады. Солардың айтуы бойынша, ағайдың өзінен бұрын бізге дақпырты жетті.

С.Сейфуллин атындағы мектепте еңбек еткен жоғары санатты мұғалім, Білім ісінің үздік қызметкері, «Жыл мұғалімі» деген атақтарынан бөлек, мектепте жүріп-ақ ғылыми диссертация қорғаған Қазақстандағы тұңғыш ғылым кандидаты, ғалым деген атағы бар дардай.

Қорғаған тақырыбы анау-мынау емес, Фариза Оңғарсынова шығармашылығы. Фаризаның ақын ретіндегі шығармашылығы бір бөлек әлем болуымен қатар, адамдық келбеті, ақынның айналасына қатаң талапшылдығы туралы естіген-білгеніміз тағы бар. Ал ағай ақынның лирикасын бүге-шүгесінен зерделеп, ақынның өзінен көзі тірісінде батасын алған. Ақын Ф.Оңғарсынова «Мен саған ғашық емес ем» өлеңдер жинағына «Зейнолла айнам, рахмет, ризамын!», - деп жүрек жарды тілегін жазып беріп, кітабын ұсынса, ақынның ғалымға деген құрметін көруге болады. Жалпы Зейнолла Жақсылықұлы тумысынан дипломат адам. Марқұм Серікқали Шарабасов ағамыз өзінің жақсы көретін адамдарына жанама ат қойғанды жақсы көретін. Зекеңді «Жезмұрт», «Алаш Орда» деп отырушы еді, әрі сырымдықтардың бәрі ағайға балдыз болатын.

Марқұм болған Қалимолла Мырзағалиев ағайымыздың сабағын жалғастырып кеткен ұстазымыз студенттерді тез игеріп, төртінші курспыз деп жүрген көбімізді өзінің білім, біліктілігімен, сабырлы көркем мінезімен сабамызға түсірді. Осылай ұстаз шәкірт болып басталған таныс білістігіміз кейін, әріптестік, аға-інілі сыйластық, тіпті ағайдың қасында университет бітіріп қолымызда күректей диплом болса да, өмірлік сабақтарды үйрене жүріп ғылым жолына деген қызығушылық, бағыт-бағдар сілтеуде көрсеткен қамқорлығын мен ешуақытта ұмыта алмаймын.

Ғалым-ғұмыр Зейнолла Жақсылықұлының да ғұмырнамасы біршама кезеңдерді қамтиды. Болашақ ғалым, педагог-ұстаз болып қалыптасудың іргетасы сонау өзі туып өскен Батыс Алашорданың ту тіккен қасиетті топырағында бастау алды. Мүтиев Зейнолла Жақсылықұлы - 10.05.1960 жылы Орал облысы (қазіргі Батыс Қазақстан), Жымпиты (қазіргі Сырым) ауданы, Жымпиты кеңшары, Аралтөбе ауылдық кеңесіне қарасты № 3 Жамбыл бөлімшесінің «Қарабас-Плантация» елді мекенінде дүниеге келді.

Аралтөбе орта мектебін 1977 жылы тәмамдаған кейіпкеріміз сол кездегі ер-азаматтардың сапындаОтан алдындағы әскери борышын абыроймен өтеп келген соң еңбектен қол үзбей жүріп, қазіргі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне 1985 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1990 жылы бітіреді.

1981-1993 ж.ж. БҚО Сырым ауданының Қызылағаш орта мектебінде мұғалім, кәсіподақ ұйымының төрағасы, оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасар қызметтерін абыроймен атқара жүріп, педаогикалық жолын ғылыми- практикалық өзекті мәселелелермен ұштастырды. Бұл ізденістері де өзінің жемісін беріп, еңбегі еленді. 1992 жылы «Тәрбие жұмысының үлгі моделі» тақырыбында өткен облыстық байқауда «Халық педагогикасы қағидалары бойынша тәрбиелеудің кейбір жолдары» атты авторлық бағдарламасы бас жүлдеге ие болып, іс-тәжірибесі облыс мектептері мен Ресейдің Астрахань облысы мектептеріне таратылды, аталған елде іс сапарда болып, «Алғыс хатпен» де марапатталды (1993).

Еңбек жолын ауылдық жерден бастаған Зейнолла Жақсылықұлы сол кездегі облыстағы белді мектептердің бірі С. Сейфуллин атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернат кешеніне қызметке шақырылады. Бұл мекемеде 1993-2003 ж.ж. аралығында кешен мұғалімі, ғылыми Кеңес жетекшісі қызметтерін атқара жүріп, мұғалімдікпен қатар қазақ әдебиеттану мәселелерімен айналысып, ғылыми-зерттеу, оқу-әдістемелік еңбектер жазуға ден қояды.

Ұлы Абайдың 150 жылдығына арналған қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің Облыстық олимпиадасының жеңімпазы (Орал, 1994) атанған табыстарымен тоқтап қалмай, өзінің үнемі ізденіс үстінде жүретін талапшылдығы мен еңбекқорлығының арқасында мектеп мұғалімдері арасынан шыққан БҚО-ғыалғашқы ғылым кандидаты (2000), ҚР Мұғалімдерінің І педагогикалық оқуларының жүлдегері /3-орын/ (Алматы, 2000), ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған «Жүзден жүйрік» атты ІІІ Республикалық конкурстың жүлдегері /2-орын/ (Алматы, 2001), «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісінің облыстағы алғашқы иегері (2001) сынды тұңғыш болу бақыты бұйырған айтулы марапаттарға тынымсыз еңбек пен ізденістің нәтижесінде жеткенін ғалымның ғұмырнамасына зер салғанда көріп, көңіліміз толды және алдыңғы толқын ағаның көп іс тындырған өнегесіне тәнті болдық. Адам баласының еткен еңбегі, ізденісі өз уақытында бағасын алса, оның ішінде ұстаз еңбегі еленсе, ұстазға одан асқан бақыт, одан асқан абыройдың қажеті жоқ деп есептеймін. Зейнолла Жақсылықұлының жоғарыда аталған марапаттары жалпы орта білім беру жүйесінде қызмет еткен жылдарына тиесілі болса, оның екінші тынысы жоғары оқу орнында ғылыми-педагог кадрларды даярлау ісіне ауысуымен жаңа бір кезеңге өтті.

Зейнолла Жақсылықұлының жеткен жетістіктері мен табыстарын тізбелеп шыққанда, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет Грамотасымен» бірнеше мәрте марапатталғанын (1996, 2000, 2002, 2012, 2019), 2012 жылы «ҚР Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағы мен грантының, сондай-ақ Білім беру мен қазақ лингвистикасының дамуына қосқан үлгілі кәсіби қызметі үшін Еуропаның Ғылым-Өндірістік Палатасының «Алтын медалімен» және Дипломының (Москва, 2013),2017 жылы «Қазақстан Республикасының Ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегерісынды марапаттарын (Астана, 2017.) айналып өте алмадық. Әрине, ағайдың атақ, дәреже қуып жүрмегені анық, бұл марапаттар мен жетістіктері ғалым-ұстазды еңбектің арқасында өзі тапты деуге толық негіз бар. Қаншама ғұлама ғалым, қаншама ел алдында абыройы асқақ тұлғалар өмірден өтті, бірақ өкініштісі өзінің ғылыми шығармашылығымен қоса, атқарған еңбегіне қатысты жеткен жетістіктеріне қатысты қағазға ұқыпсыздықтың салдарынан, қаншама дүниелер өздерімен бірге кетті. Міне, Зейнолла Жақсылықұлының жауапкершілігі, өзінің әрбір атқарған ісіне ұқыптылығы осы салада жүрген көбімізге үлгі боларлықтай жақсы қасиет деп айтар едім.

Зейнолла Жақсылықұлының тынымсыз еңбегі, жастай қалыптасқан жазу-сызуға әуестігі бүгінгі ғылым жолындағы биігіне жеткізді. Бұған өзімізде біршама куә болдық. Марқұм ұстазымыз С.Ғ.Шарабасов ағай өзінің шәкірті З.Мүтиев туралы кафедрада жылы лебізін білдіріп, ұстаздық һәм ғылымға деген ұмтылысына оң баға беріп отырушы еді.

Серік Мақпырұлы сынды елге танымал әдебиеттанушы ғалым, сыншының жетекшілігімен қорғалған «Фариза Оңғарсынованың лирикасы» деген тақырыпта (ғылыми жетекшісі - ф.ғ.к., проф. Серік Мақпырұлы, ресми оппоненттері – ф.ғ.д., ҚР ҰҒА академигі Серік Қирабаев, ф.ғ.к. Шөмішбай Сариев) кандидаттық диссертациясын қорғауы ғалым-ұстаздың тынысын ашып, ғылыми шығармашылыққа біржола ден қоюына жол ашты.

Фариза Оңғарсынова лирикасын терең зерделеген ғалым ақынның әдебиеттегі өзіндік үнін, шығармашылық портретін сол кезеңдегі әдеби процеспен тығыз байланыстыра зерттей отырып, ғылыми негіздеуде өнімді қызмет етті. Зерттеуші ақынның лирикалық «менін» әйел-ана ретіндегі ішкі сезім дүниесінмен тығыз байланысты лейтмотив ретінде қарастырады. Ақын лирикасындағы өзгешелік сол – ондағы әйелдер образы типтік дәрежеге дейін көтерілгенін зерттеуші аңғарып: «Нәзік жанды бейненің күллі құпиясын қопара көрсету арқылы әйел образын лирикада қаһармандық санатқа көтерудің бастауын біз Фаризадан анық байқаймыз. Әйел жанын, ана табиғатын ақын-әйелдің ой-діңгегі тұрғысынан таныту, қазақ әйелінің психологиялық ахуалын лирикада Фаризадай ашып айтқан ақын, сірә, да аз. Олай дейтініміз – өлең өлкесіне әйел жанын, оның бұқыныс атқан сезім сырларын сарапқа салып, ақын «мені» мен лирикалық кейіпкер тұлғасы арасында көзге көрінбес көпір тұрғызған суреткер өте сирек», - деп тұжырымдайды. Міне бұл Зейнолла Жақсылықұлының ғылыми монографиясында айтылған пайымның бір ғана мысалы, ал шындығында ғылыми негізді талдаудың бірнеше шоғырын келтіруге болар. Ғылым мен ақын шығармашылығына қызыққан оқырманға, кәсіби сала мамандарынның  қолында «Фариза Оңғарсынова лирикасы» монографиясы (2002) мен «Фариза Оңғарсынова лирикасы» оқу құралынан (2006) жақсы таныс деп есептейміз.

Ғалым бір ғана саланы зерттеп қана қойған жоқ. Зерттеу тақырыбының ауқымын кеңейтіп, қазақ лирикасының теориялық мәселесіне, қазіргі қазақ әдебиетіндегі лириканың зерттелу тарихына да қалам тартты. Докторлық диссертацияның аясында жазылған еңбектің нәтижесінде ғылыми дәреже қорғауға мүмкіндік болмаса да (сол кездегі ғылым саласындағы асығыс реформалар көптеген ізденушілерге қиянат жасады), сол ізденістің нәтижесінде «Қазақ лирикасының даму сипаты және зерттелу тарихы (ХХ-ХХІ ғ. басы) монография (2012), «Қазақ лирикасын зерттеушілер» (оқу-әдістемелік құрал, 1-кітап. 2011), «Қазақ лирикасын зерттеушілер» (оқу-әдістемелік құрал. 2-кітап. 2011), «Қазақ лирикасының зерттелу тарихы» (оқу құралы, 2012) сынды бірнеше кітаптары жарық көрді.

Мүтиев Зейнолла Жақсылықұлының ғылыми ізденісі бұнымен тоқтап қалмады. Еліміздің ғылым саласындағы өзекті идеяларды қолдауға арналған гранттық қаржыландыру аясында 2018 жылы «Әдеби өлкетану: рухани жаңғыру (Орал өңірі ақын жазушыларының шығармашылық мұрасы. ХХ-ХХІ ғасырдың басы)» деп аталатын тақырыпта ұсынған жобасы (3 жылға арналған) конкурстық нәтиже бойыншажеңіске жетті. Қазіргі таңда ғалым аталған жобамен жұмыстану үстінде. Бұл жобада ағай өзінің ғылыми әлеуетінің толысқанын аңғартып, шәкірт тәрбиелеуге мән берді. Өзінің қасына талапты жастарды тартып жұмыстанып келеді. Солардың бірі магистр Ж. Мұханбетовамен философия докторы (PhD)А.Ақболатов, яғни осы жолдардың авторы біз. Аталған ғылыми жобаның аясында өлке әдеби мұрасының әдеби картасы жасақталып, жүйелі түрде зерттеліп келеді. Әдеби өлкетану мәселелері бүгінгі ғылымда өзекті тақырыптардың бірі, себебі жас ұрпақтың бойында отаншылдық, елдік рухты тәрбиелеудегі сөз өнері мұраларының рухани құндылығын ескерсек, ғалымның аталған саладағы ғылыми ізденістері жас ұрпақ үшін, өңірлік рухани мәдениетіміз үшін құндық еңбек боларына дау жоқ. Жобаның алғашқы ізденістерінің нәтижесі «Әдеби өлкетану: қоғамдық сананы рухани жаңғырту (Орал өңірі ақын-жазушыларының шығармашылық мұрасы. ХХ-ХХІ ғасырдың басы)»монография (Ж. Мұханбетовамен бірлестікте, 2018, 2019), «Әдеби өлкетану: қоғамдық сананы рухани жаңғырту (Орал өңірі ақын-жазушыларының шығармашылық мұрасы. ХХ-ХХІ ғасырдың басы)»хрестоматия (Ж.Ө. Мұханбетова, А. Ақболатовпен бірлестікте,2018, 2019) түрінде жарық көрді. Сонымен бірге әдеби өлкенің өкілдері «Сатыбалды Даумовтың поэтикасы» (Р. Ашимовамен бірлестікте, 2018), «Айтқали Нәріковтың лирикасы» (А. Рахметовамен бірлестікте, 2019) аталатын ғылыми монографиялары да жарық көрді. Зерделі ғалымның бұл еңбектері жалпы білім беру мәселесінде әдебиетті, оның ішінде өлкеміздің сөз өнері мұраларынан тереңдетіп білім беруде білім бағдарламасына септігі тиері сөзсіз. Әрине, бұндай қосымша еңбектерді пайдалану, кәдесіне жарату кез-келген шығармашылық ізденістегі педагог-ұстаздардың еншісіндегі мәселе.

Зейнолла Жақсылықұлының ғалымдық қырымен бірге, өз саласының кәсіби білікті ұйымдастырушы менеджері екенін атап өткен орынды болар еді. Бұл туралы мақаламыздың жоғарында атап өткендей, ағай «тумысынан дипломат» деген ойымызға кері оралуға тура келеді.

2013-2019 жылдар аралығында М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, доцент, филология факультетінің деканы қызметінде ғылыми ізденіс жұмысымен бірге басшылық қызметті де алып жүргенін айту ләзім. Факультет құрамына енген қазақ, орыс, шетел тілі филологиясының профессор-оқытушылар құрамына, мыңға тарта студентіне басшылық жасап, оқу-әдістемелік, тәрбие, ғылыми ізденіс саласында шебер ұйымдастырушы ретінде ұжымның есінде қалды. Кафедра, факультет ұжымында бюрократтық жұмыс жүйесін емес, еркін шығармашылық атмосфераға жағдай жасап, студенттер мен олардың ата-аналарының жағдайына жанашырлық, әділеттілікпен үңіле белгенін осы факультеттің қаншама шәкірттерінің аузынан естіп, куә болып жүргенімізді жасыруға болмас.

Сөз арасында ағайдың отбасында бақытты ата, қос ұлдан немерелер сүйген, үйде Гүлдей Жамалының сүйікті жары, үлгілі отбасы екенін айтқымыз келеді. Жеңгеміз зейнеткерлікке шықса да, ағайдың үйдегі ғылыми хатшысы екендігін де айтсақ артық болмас. Зейнолла Жақсылықұлының жоғары жетістікке жетіп, жақсы адам болып, қоғамдық ортада сүйкімініңартуы да, үйдегі отанасымен тығыз байланысты шығар. Бұл мәселе кейінгі бір естеліктердің еншісінде қалсын.

P.S. Айтпақшы, ағайдың мен үшін орны ерекше екенін жоғарыда айтқан болатынмын, сол себепті де екінші ұлымның есімін ағайға өзім арнап қойғыздым. Зекеңдей үлгі тұтар елағасы болсын деген тілек қой, біздікі.

Адамгершілік бар жер жанға жайлы демекші, жақсы адамның жақсылығы да жарық күн тәрізді айналасына шуақ шашып жүреді. Адамдар үшін адал қызмет ете алдым ба? Мінез-құлқым, істеген әрекетім жұртқа жақты ма? Достарым, ұжымыммен қарым-қатынаста адал болдым ба? Алдыңғы толқын аға буынның аманатын, тәрбиесінен өзім өнеге алып, кейінгіге бере алдым ба? – деген сауалдар төңірегінде ойымызды қорытсақ, иә, Сіз бұл сауалдардың шеңберінде толық адамсыз, ескіні ұмытпай, жаңаны игерген нағыз ұстазсыз. Асыра мақтау деп сөксеңіз де, өз еріктеріңіз. Кемшіліксіз адам болмайтын шығар, бірақ мен таныған Зейнолла Жақсылықұлы осындай жан!

Мерейлі 60 жасыңыз құтты болсын, аға, жақсы адам!

 

Айдарбек Ақболатов,

М.Өтемісов атындағы БҚМУ аға оқытушысы,

философия докторы(PhD)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале