1.03.2017, 19:16
Оқылды: 18

Ғылыми басылым халықаралық кітаптар каталогына енгізілмек

Бүгін ҚазИИТУ ғылыми-білім кешенінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары, әлеуматтану ғылымының кандидаты Мирболат Нұртазиннің «Қазақстандағы жергілікті мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет жүйелері» тақырыбында оқу құралының таныстырылымы өтті. 

 Оған облыстық басқармалардың өкілдері, университеттің оқытушылары, студенттер қатысты. Айта кетейік, еңбек былтыр жарық көрген. 

Басқосуда облыс әкімдігі жанындағы «Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және мемлекеттік тілді оқыту орталығының» меңгерушісі Болат Жексенғалиев сөз алып, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ғылыми кеңесі басылымға ұсынған оқу құралынан мемлекеттік қызметкерлер, оқытушылар, әлеуемттік және саяси пәндерді оқитын магистранттар мен студенттер зор мағлұмат алатынын жеткізді.

Алматы қаласындағы  «Бастау» баспасынан жарық көрген кітапта мемлекеттік басқару органдары жүйесіне жан-жақты талдау жасаған. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерлердің әлеуметтік мәртебесі, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жайы баяндалған. Болат Жексенғалиев оқу құралын Сәуле Омарова қазақ тіліне жатық аударғанына ризалығын білдірді.

«Бастау» баспасы ғылыми басылымды ағылшын тілінде жариялауды жоспарлауда. Бір ерекшелігі, оқу құралы халықаралық кітаптар каталогына енгізілмек. Шарада Мирболат Сүйеуұлы қазіргі уақытта мемлекеттік қызметті жетілдіру бағытында жүргізіліп жатқан реформаларды тілге тиек етті.

Басқосуда БҚИТУ ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Раушан Ғабдуалиева, Орал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебай Нығмет, «Аспандау» ҒЗО өңірлік филиалының ректоры Еркін Ирғалиев автор еңбегіне қатысты  жылы пікір білдірді.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале