19.05.2017, 17:30
Оқылды: 60

Имамдар дәріс тыңдауда

Saken kezdesu   Өңірімізге «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, профессор Жуда Басюни бастаған ғалымдар келіп, облыс имамдарының біліктілігін арттыру бойынша үш күндік оқыту семинарын бастады.


  Оралдағы Достық үйінде болып жатқан шараға өңіріміздегі мешіттердің отыздан астам имамы, мешіт жамағаты, мемлекеттік және құқық қорғау құрылымдарының өкілдері қатысуда.

   Жиынды ашқан облыстық дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығмет оқыту семинарының мақсаты – имамдардың біліктілік деңгейін және діни жамағатпен жұмыс істеу сапасын арттыру, деструктивті діни ағымдардың қызметін әшкерелеуге бағытталған қарсы насихат жұмысын жетілдіру екенін айтты.

  -Былтыр біздің басқармамен «Нұр-Мүбәрак» университеті арасында екі жақты серіктестік бойынша меморандумға қол қойылды. Меморандум негізінде маманданған дінтанушыларды дайындау, университеттің түлектерін жергілікті жерге жұмысқа тарту, профессорлық-оқытушылық құрамды оқыту семинарларына шақыру көзделген. Соған орай мәртебелі меймандарымыз  арнайы облысымызға келіп отыр. Қазіргі таңда «Нұр- Мүбәрак» университетінде 24 батысқазақстандық білім алуда. Кәсіби бағдар беру жұмыстарының нәтижесінде биыл 27 адам аталмыш оқу орнына түсуге ниетті»- деді Талғат Рақымұлы.

   Университет ректоры Жуда Басюнидің сөзіне қарағанда, «Нұр- Мүбәрак» - еліміздегі жоғары білімді имамдар мен исламтанушыларды дайындайтын бірден-бір оқу орны. Университеттің оқытушылық құрамы білікті қазақ және араб мұғалімдерінен құралған. Сондай-ақ Каир қаласындағы Ал-Азхар халықаралық ислам университетінің профессор, докторлары келіп сабақ береді.

   -Имамдар хазіретті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мінберіне ие болып жүрген жандар болғасын халық оларға негізінен діни бағыттағы сұрақтарымен келеді. Сол кезде қойылған сұрақтарға мүдірместен жауап берген жөн. Бүгінгідей семинарларға қатысу арқылы имамдар өздерінің білім-біліктіліктерін артырып, заман талабына сай болады. Жүргізілген әлеуметтік зерттеу жұмыстарымыз көрсеткендей, Қазақстанда отбасына, атадан балаға қалатын мұраға, ақида, фиқһ салаларына қатысты өзекті мәселелер бар. Семинар барысында осы бағыттарда дәрістер оқылады,-деді Жуда Басюни.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале