18.06.2018, 17:03
Оқылды: 93

«Индер - Орал өңірінің келешек геопаркі» экспедициясы аяқталды

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жәңгір атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университеті ұйымдастырған «Индер – Орал өңірінің  келешек геопаркі» атты экспедиция мәреге жетті.

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың 55 жылдығына орайластырылған жорыққа Ресейден арнайы шақыртылған палеонтолог, РҒА жанындағы Палеонтологтар қоғамы Ульянов бөлімшесінің төрағасы Владимир Ефимов, РҒА жанындағы Еділ бойы бассейні экология институты  герпетология және токсинология  зертханасының аға ғылыми қызметкері Андрей Бакиев және зоолог, «Самара зоопаркі» мекемесі директорының зооветеринарлық  бағыты  бойынша орынбасары Александр Кузовенко, сондай-ақ  Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың биотехнология және табиғат пайдалану ғылыми-зерттеу институтының директоры, география ғылымдарының қандидаты  Қажымұрат Ахмеденов пен тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров және аталмыш білім ордасының магистранттары болды.

Орал қаласынан аттанған экспедиция мүшелері алдымен Тасқала ауданына барды. Делегацияны аудан әкімінің орынбасары Люция Жұбанышқалиева қарсылап,  Тасқала ауылының кіре берісіндегі «Ана мен бала »  монументін таныстырды.  Осы орайда айта кетсек, бұл өлкеде Отан үшін үшін от кешкен Садық Жақсығұлов, Анатолий Скоробогатов, Михаил Шамов, Алексей  Чурилин секілді Кеңес Одағының батырлары  дүниеге келген болатын. Ұлы ерлікке тағзым еткен соң делегация мүшелері сапарын  Тасқала  ауылынан  12 шақырым жерде орналасқан  Үлкен Ешкітауда жалғастырды.

Биіктігі 259 метр болатын бұл тауда  өсімдіктің 41 түрі өседі екен. Олардың арасында сирек кездесетін және жойылып бара жатқандары да бар. Үлкен  Ешкітау туралы алғашқы деректі 1769 жылы бұл жерге Санкт-Петербург қаласынан арнайы келген академик П.Паллас жазған. Ауыл ақсақалы Ғалым Хисаметдиновтың айтуынша, бұрын мұнда дала ешкілері көп жайылған екен. Алайда соңғы төрт-бес жыл қарсаңында  құрғақшылық орнап, таудың басындағы өсімдіктер қурап, бұлақ көзі   бітеле  бастаған. 2002 жылдан бастап  Үлкен Ешкітау тауы  «Мемлекеттік табиғат ескерткіші»  санатына кіргізіліп, республика бойынша қорғауға алынған.

Тасқала ауданы әкімінің орынбасары Люция Жұбанышқалиеваның айтуынша, өткен айда аудандық  жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен тау аумағынан 300 кг-дай балшық пен 40 текше метр қураған  ағаш шығарылған. Қураған ағаштар ауылдағы аз қамтылған отбасыларға отын ретінде үлестірілген. Сондай-ақ бұлақ көзі аршылып, айналасына бір тонна көлемінде қиыршық тас төселген.

Таудың ұшар шыңына шыққан сала мамандары зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ресейлік ғалым, палеонтолог Владимир Ефимов бастаған топ  таудағы тастарды бағамдаса,  герпетолог Андрей Бакиев жылан іздерін аңди бастады. Ал Астрахан мемлекеттік университетінің магистранты, орнитолог Михаил Шпигельман Ешкітаудың орман алқабындағы құстарын  суретке түсірді.

Ресейлік ғалымдарды Ешкітаудың ұшар басындағы шілік ағашына байланған шүберектер, орамалдар таңқалдырды. Мұны аудан әкімінің орынбасары Люция Жұбанышқалиева былайша түсіндірген еді.

-Ешкітауды ауыл тұрғындары қасиетті орындар қатарына жатқызады. Таудың баурайындағы тоғайдан асып, таудың шыңына көтерілген кезде адамның өзіне деген сенімі артып, бойында күш - жігері артады дейді. Әсіресе таудың шыңына шығып, тілек тілеп, шүберек  байласа арман-мақсаттарының орындалатынына сенеді. Мұнда перзентті болмай жүрген жас отбасылар көп келеді,- деді.

Келесі күні  Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университетіндегі тарих кафедрасының  аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты  Есқайрат Хайдаров бастаған топ  Тасқала ауданының бірқатар ауылдарына барып, көне қорымдары мен тарихи орындарды аралады. Тарихшыларға  жолсерік болған ауыл ақсақалы Ғалым Хисаметдинов  Тасқала ауданының Ақтау ауылының маңындағы  бұлақтан су берді. Бұлақтың суы – мөлдір екен.

Содан соң Тасқала ауданының I Шежін ауылының оңтүстік –-шығысында 7-8 шақырым жерде орналасқан көне қорымдарға бардық. Тарихтан сыр шертетін бұл зираттардың бірен-саранының ғана арапша жазуы мен белгілер көрініп тұрды.

-2004 жылы бұл обаларды зерттеуге Алматы археологиялық институтының ғалымдары келді. Қолдарындағы арнайы жол карталарында Шежін ауылы көрсетілген. Сонда олар бұл жерде үлкен жеті оба бар екенін айтты. Обаларда сол кезде марқұм болған адамдардың құрал-саймандары, ыдыс-аяқтары, ат әбзелдері мен жалшылары көмілген екен. Алайда обалардың алтауы суық қолдың құрбаны болып тоналған. Қалған бір обаны  алматылық ғалымдар 2020 жылы келіп зерттейтінін айтты,- деді Ғалым Ғайниұлы.

Көне қорымдардағы жазуларға үңілген тарихшы Есқайрат Ерболатұлы мұндағы құлпытастардың  XVIII-XIX ғасырларға тән екенін айтты.

Зерттеуші ғалымдар екі күн бойы Тасқала ауданындағы мәдени-тарихи ескерткіштерін аралап, экологиялық, ботаникалық, зоологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Содан соң экспедицияның негізгі бағыты бойынша Атырау облысының Индер ауданына аттандық.

                  Емге шипа тұзды көл

Дендер тауы, Дендер тұзды көлі, Дендер бекінісі секілді атаулар XV-XIX ғасырларда өмір сүрген ақын-жыраулардың бізге жеткен шығармаларынан белгілі. XV ғасырда Еділ бойында туған қарға бойлы Қазтуған жырау «Мен кеткенмін, кеткенмін, Нарын менен Дендерден, Сағыз бенен Жемдерден» десе, Жиембет жырау Есім ханның қудалауымен елмен қоштасқанда «Қияда қолды көрсеткен, Төбеңе шығар күн бар ма, Жотасы биік Дендерім?!» дегені есімізде. Экспедиция мүшелері өткен ғасырлардағы елдің мұңын жоқтаған сол  ақын-жырауларымыздың, батырларымыз ізімен  Индер ауданына барды.

Индер ауданы  Атырау облысының солтүстігінде, Каспий маңы ойпатының орта тұсында, Жайық өзенінің екі жағалайын бойлай орналасқан.  Шығысы мен оңтүстігінде Атырау облысының Қызылқоға, Махамбет аудандарымен, батысы мен солтүстігінде Батыс Қазақстан облысының Жаңақала, Ақжайық аудандарымен шектеседі.  Ауданның жер көлемі  1 087 596 га. Ауданды екіге  бөліп жатырған Жайық өзенінің батыс жағы, негізінен жазық құмды шөл болса, ал шығыс жағы үстіртті. Орталығы – Индербор кенті. Құрамында бір кент, алты ауыл, 18 елді мекен бар. Округ аймағы   тұщы суға тапшы аймақтардың қатарына жатады. Жалпы Атырау облысында екі мыңнан астама көл болса, соның ішіндегі ірілерінің бірі – Индер тұзды көлі екен.

Бұл көл Жайық өзенінің сол жағында Индербор кентінен 15 шақырымдай жерде орналасқан. Ауданы 110 шаршы шақырымды, ұзындығы 13,5 шақырымды, ені 11 шақырымды, тереңдігі 0,7 метрді құрайды. Көлге жылына 1,5 тоннаға дейін тұз шөгеді. Индер көлінің шөгінді тұзы табиғи тұздардың ішіндегі ең бағалысы. Құрамында бор, бром, иод секілді микроэлементтердің  көп болуына байланысты бұл тұздың консервілеуші қасиеті де өте жоғары.  Тұзды көлдің жағалауында Тұзбұлақ деп аталатын шипалы жер де бар екен.  Жергілікті тұрғындар осы жердің қара балшығына , тұзды суына түсіп, тау арасынан шығып жатқан күкіртті суға жуынып, ауру-сырқауларынан, әсіресе тері ауруларынан емделеді екен. Сонымен қоса мұнда «Қыз әулие» деп аталатын қорым да бар. Күні бүгінге дейін оны қасиет тұтып, науқас адамдар түнеп, ауруларына шипа іздеп келген. Ауыл тұрғындарының айтуынша, «Қыз әулие» туралы  бірнеше нұсқа бар. Тұзды көл  сүйгеніне қосыла алмай арманда кеткен көріпкел қыздың көз жасынан пайда болған деген аңыз бар.

Келесі нұсқасында мұнда  Қаламқас атты көріпкел қыз жерленіпті. Қариялардың айтуынша, ерте заманда алты құлаш шұбар ат мінген Мәлім қожа қажылыққа барған. Арафат тауын аралап енді жаяу қайтқалы тұрғанда бейтаныс жігіт жолығып, «Мені бірге ала кетіңізші» дейді. Мәлім қожа «Қарағым, мен сені танымаймын, әрі айтқан шартымды орындамас деп сенбеймін», -дейді. Сонда ол. «Мен барлық шартыңызды орындаймын. Тек еліме жеткізсеңіз болды»,- деп өтінеді. – Ендеше,- дейді Мәлім қожа. Шұбар атының қасына келіп: Осы атқа мінген соң екі көзіңді тас қып жұмасың, мен аш деп айтқанша ашпайсың. Өздігіңнен ашып қойсаң екеуміз де құримыз,- дейді. Бұл шартқа бейтаныс жігіт көнеді. Сөйтіп екеуі шұбар атқа отырған соң Мәлім қожа: «Ал, қарағым, көзіңді жұм да жұмдым деп хабар бер»-дейді. Сөйтіп Мәлім «Әйт-шу жануар» дегенде шұбар ат көкке көтеріліп ұшады. Алдарынан жел гулейді. Бейтаныс жігіт : «Бұл қалай? Біз шұбар атпен шауып келе жатқан сияқты емес, ұшып келе жатқан сияқтымыз, қызық екен» - деп таң-тамаша ойға қалады. Бұл қызықты көзімен көргісі келген ол көзін ашып жібереді. Сол бойда-ақ қанатын жазып келе жатырған шұбар ат оқ тигендей құлдилап барып жерге құлайды. Бейтаныс жігіт пен шұбар ат бірден өліп кетеді. Ал Мәлім қожаның жаны қиналып жатады.Осы кезде бұлардың құлап келе жатырғанын көрген сол жердің тұрғындары қаумалап жиналып қалады. Мәлім қожа қиналып жатса да,  өзін таныстырып барлық болған жағдайды айтып береді де, көзін мәңгілікке жұмады. Олар сол құлаған жеріне тұзды көлдің жағасына қойылады. Кейін Беріш руының бір адамы Қаламқас есімді кішкене қызын алып келіп, Мәлім қожаның бейітіне дұға етіп, түнейді. Сол қыз өсе келе ауырған адамды өзі тауып  емдейтін болған. Дендер тауының 41 санды ала тасын шашып жіберіп сөйлегенде, тас аштырушының барлық құпия сырын көзімен көріп, бірге жүргендей айтып беретін болған. Сөйтіп ел оны «Қыз әулие» атаған. Қаламқас тұрмысқа шықпастан  өмірден озған. Өзінің өтініші бойынша бейіті Мәлім қожаның жанына қойылған екен.

Экспедиция мүшелері тұзды көл аймағында зерттеу жұмыстарын жүргізіп,  өлкенің тарихына, географиясына қанығу үшін аудандық тарихи-өлкетану музейіне барды. Музейде  аудан тарихының деректері, қазақ халқының даңқты ұлы Махамбет Өтемісұлының,  ақын, жырау Мұрат Мөңкеұлының, діни ғұлама Әйіп қажы Бекенұлының экспозициялық көрмелері, сондай-ақ мамонт, бизон  сүйектері мен халқымыздың ұлттық киімдері мен  қолөнер бұйымдары бар. Мұнда  5000-нан астам  қор сақталған.

Жорық барысында зерттеуші ғалымдар  Ақжайық ауданынан арнайы іздеп келген  аудандық балалар-жасөспірімдер туризм орталығының жас экологтарымен кездесіп, туған жерді зерттеудің маңыздылығын түсіндірді.

Содан соң Индер ауданындағы XIX ғасырға жататын Шелекмола, Ақшадыра,  Қарабала-Қантемір қорымдарына барды. Аталмыш қорымдар мемлекеттік бақылауда деп есептелгенімен, арнайы қоршалмағандықтан мал тұяғымен тапталған.

Индербор  маңындағы тұзды көлді зерттеу барысында палеонтолог Владимир Ефимов лабиринтодонттың қабырғалары мен жақ сүйегін тауып алды.

-1980 жылдары ұстазым Виталий Очев осы аймақта зерттеу жұмысын жүргізгенде лабиринтодонттың сүйектерін тапқан еді.  Бір қызығы, біз де  осы сапарымызда олжалы болып,  тұзды көл маңынан триастық өзгеріске ұшыраған аумақтан лабиринтодонттың қабырғалары мен жақ сүйектерін таптық. Болашақта оны зерттейтін боламыз,- дейді Владимир Михайлович.

Жалпы палеонтология  ғылымы біздің заманымызға дейін болған өмірді яғни тасқа айналған жан-жануарды, өсімдіктерді, жәндіктерді зерттейді. Мен былтырдан бері  Батыс Қазақстан облысына келіп зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрмін.  Өйткені 2016 жылы Батыс  Қазақстан облыстық туризм және экология орталығының жас зерттеушілері  Зеленов ауданының  Краснов ауылында  қазба жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде мезозой дәуіріне жататын ихтиозаврдың қаңқасын тапқан болатын. Зерттеу барысында бұл ихтиозаврдың жаңа түрі екені анықталды.  Тіпті бұл түрін ресейлік ғалымдар түгілі, әлемдік ғалымдар  да зерттеп сипаттамаған. Бұл қаңқа   Қазақ елінде мезозой дәуіріне жататын ихтиозавр секілді өзге де жануарлардың табылатынын  дәлелдеп отыр. Сол ихтиозаврды «Қазақстанзавр» яғни «Қазақстаннан табылған завр» деп атадық. Ал бұл сапар барысында кең байтақ Қазақстанда зерттеу жұмыстарын қажет ететін орындар әлі де көп екеніне куә  болдық.  Индер тұзды көл аумағы бір ғасыр өтсе де  өзгеріске ұшырамай  сақталады деп ойлаймын. Өйткені судағы тұздың қоры мол.  Жалпы патриоттық тәрбиені дамытудағы қазақстандықтардың  бұл бағыттағы бастамалары  көпке үлгі деп айтар едім,- деді Владимир Михайлович.

                          Хан ордасын мекендеген сарықарын жылан

Экспедиция  Бөкей ордасы ауданындағы Аралсор мен қайыңды орманында жалғасты.

Аралсор – Бөкей Ордасы ауданының Бисен ауылының шығыс беткейіндегі 35 шақырым жерде орналасқан ащы көл. Ұзындығы 34,3 км, енді жері 13км, жағалау бойының ұзындығы 117,4 км болады. Жағалауының шығысындағы ашық бөлігін қамыс, құрақ басқан. Жергілікті тұрғындар сор маңындағы балшықты емдік қасиеті үшін  пайдалануда.

Делегация мүшелері Орда ауылындағы хан зиратына тағзым етіп, ауыл маңындағы қорымдарды суретке түсірді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауылдағы жастармен кездесіп, Орда орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің жұмысымен танысты. Сондай-ақ «Жасыл ел – 2018» еңбек жасағының ашылу салтанатына қатысты.

Экспедицияны ұйымдастырып бас-қасында жүрген Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың биотехнология және табиғат пайдалану ғылыми-зерттеу институтының директоры, география ғылымдарының кандидаты Қажымұрат Ахмеденовтің айтуынша, экспедицияның олжалары ретінде мыналарға тоқталуға болады. Біріншіден, Тасқала ауданында болғанда Үлкен Ешкітауда алғаш рет қара грифтердің мекендегені тіркеліп отыр. Екіншіден, Владимир Ефимовтың айтқан лабиринтодонттың сүйектері оның бұдан 300 млн. жыл бұрын  мекендегенін делелдейді. Оқырманға түсінікті болуы үшін айта кетсек, лабиритодонттар триас дәуірінде тіршілік еткен қос мекенділер отрядына жататын сыртқы пішіні қолтырауынға ұқсас жыртқыш  жануар. Дене тұрқы 5 метр шамасында. Лабиринтодонттардың көпшілігі өзен, көлде, кейбірі құрлықта өмір сүрген. 30 тұқымдасқа бірігетін 100-ден астам туысы болған. Осыған дейін Еуропа, Азия, Солтүстік Америкада жоғарғы палеозой мен триас шөгінділерінен табылған.

Үшінші олжа ол - Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылының  маңынан табылған сарықарын шұбар жылан. Бұл «Қызыл кітапқа» енгізілген  жыланның түрі.

Гүлсезім БИЯШЕВА

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале