15.12.2020, 11:21
Оқылды: 183

Индустрияландыру аптасы: Батысқазақстандық кәсіпорындардың әлеуеті немесе «Алтын сапаға» ие болғандар

Еліміз тәуелсіздік алған жылдар ішінде заман тынысын сезінетін, бәсекеге қабілетті жаңа өндіріс орындары ашылып, кәсіпкерлердің жаңа буыны қалыптасты. Кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған түрлі бағдарламалар қабылданды. Осының барлығы өндірісті индустрияландыруға, кәсіпкерлік саласын дамытуға серпін беріп, ұлттық экономиканың өрге тартуына жол ашуда.

D2358FD2-42A6-4291-A9D2-D211738F4BB3

Өткен аптада күллі елімізде өтіп жатқан Индустрияландыру аптасы аясында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Алтын сапа» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Индустрияландыру кезеңінде елімізде 1300-ден астам жаңа өндіріс іске қосылды. Нәтижесінде бұрын өндірілмеген көптеген тауар шығарыла бастады. Сондай-ақ 200 мың жұмыс орны ашылды. Азаматтарымыз заман талабына сай жаңа кәсіптерді игеруде. Осының бәрі халқымыздың әл-ауқатын және бәсекелік қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – Қазақстанды қуатты мемлекетке айналдыру», – деген болатын. Жалпы индустрияландырудың бүгінгі мұрат-мүддесі «шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыруға» негізделген. Сонда «Білім экономикасы», еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны дамыту, жасанды интеллекті жаһандық дамудың негізгі факторларына айналмақ. Өңіріміздің даму ерекшеліктеріне қарай инвестициялық әріптестікті дамыта отырып, облыстағы жұмыс орындарын сақтау, өнеркәсіп кәсіпорындарының ырғақты жұмысын тұрақтандыру, жаңа өндіріс орындарын ашу индустрияландыру бағдарламасының мүддесімен астасады.

BD768022-2587-453E-9A11-8D252022977F

Әлем елдерін «қос бүйірден» қысқан экономикалық дағдарыс пен коронавирус пандемиясына қарамастан, өткен 11 ай ішінде ел экономикасының өңдеу өнеркәсібіндегі өсім қарқыны 3,3 % шамасында қалды. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, соңғы бес жылда экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі 24-тен 32 пайызға артып, кәсіпкерлік саласындағы жұмыспен қамту ауқымы 21 пайызға өскен. Экономикадағы мұндай ілгерілеушілік фактілері Ақ Жайық өңіріне де тән. Облыстың индустриялық даму нәтижелері соңғы бес жылда, яғни 2015 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі уақыт ішінде өнеркәсіптік өндіріс көлемі тұрақты өсім көрсетіп, 1,8 есеге (1,3-тен 2,4 трлн теңгеге) артты. Облыстың өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 2 есеге (107,0-ден 215,4 млрд. теңгеге дейін) көбейген. Облыстың өңдеу өнеркәсібінің құрылымы кәсіпорындар қызметінің барлық салалық бағытын қамтиды. Өңдеу өнеркәсібінің кейбір салаларында тұрақты өсім байқалады. Ондай салаларды атап айтар болсақ, машина жасау саласына 2,2 есе (23,9-дан 52 млрд. теңгеге дейін), металлургия саласына  3,2 есе (7,3-тен 25,0 млрд теңгеге дейін), резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіруге 2,3 есе (3,8-ден 8,6 млрд. теңгеге дейін) және тамақ өнеркәсібіне 1,7 есе (38,3-тен 64,4 млрд. теңгеге дейін) өсім тән. Мұндай өсім қарқыны еліміздегі кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау, қаржылай және өзге де қолдау шараларын қабылдаудың нәтижесі деуге болады. Биылдың өзінде кәсіпкерлерге мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін қысқарту, рәсімдерді қайта реттеудің мәселелерін қамтитын заңнамалар қабылданды. Соның бірі – ҚР Президентінің Жарлығымен шағын және микро кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге алдағы 3 жылға мораторийдің енгізілуі. Келесі жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына орай кәсіпкерлікке қойылатын талаптар қайта қаралып, маңызды емес ережелер және қайталанатын талаптар қысқартылады, жаңа заңнамалар қабылданады.  

Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына, Еуразиялық одаққа мүше болуы қазақстандық кәсіпкерлерге жаңа нарықтардың «есігін» ашады. Алайда жаңа көкжиектерге жетудің жолы қиын. Тауар өндіру емес, оны өткізу басты түйткіл саналатын әлемдік қауымдастықта тауар өндірушілердің арасында бәсеке «майданы» қыза түсуде. Өңірдегі сауда орындарының сөрелеріндегі көз сүрінетін шетелдік тауарлардың көптігі соны айқын аңғартады. Осындай жағдайда кәсіпкерлік, өндіріс саласындағылар өнімнің сапасы мен еңбек өнімділігіне көңіл бөліп,  жаңа технологияларды меңгерулері тиіс.

– Индустрияландыру барысында өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындардың алдына қоятын басты міндеттердің бірі – өндірістік үрдістерді жетілдіру, сондай-ақ тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін кәсіпорындарға неғұрлым бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік беретін жаңа технологияларды енгізу. Бұл жерде біз өндірісті жетілдіру, жаңа технологияларды енгізу және соның нәтижесінде сапа мен бәсекеге қабілеттілікті арттыру бойынша нақты нәтижелерді көріп отырғанымызды айтқымыз келеді. Мұны сапа байқауларының нәтижелері растайды, – деді облыстық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін  атқарушы Жанна Бекқалиева.

Биыл «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС ТМД сапа саласындағы жетістігі үшін жоғары марапатқа ие болды, «Отделстрой» ЖШС ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған байқауда «Қызмет көрсетуде үздік кәсіпорын» ретінде марапатталды. Орта кәсіпкерлік субъектілер арасынан суырылып шығып, үздік деп танылған кәсіпорын облыста тұрғын үйлер мен өндірістік ғимараттарды  салады. Аталмыш серіктестікке өңірдегі іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, 40 жылдың үстінде құрылыс саласындағы еңбек өтілі бар Валентина Михно басшылық жасайды.

AA6AC337-625E-48B0-BDF0-F4C0EADED5A7

Оның серіктестігі бұдан бұрын да әлденеше мәрте республикалық деңгейдегі жоғары марапаттарға ие болған. Сондай-ақ «ТМК-КазТрубпром» ЖШС «Іскер» арнайы сыйлығының лауреаты атанды. Серіктестік қаптама тұрбаларға бұрандалы қосылыстарды және сорғы-компрессорлық тұрбаларды өндіруге маманданған.

«Алтын сапа» конкурсында «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС 2019 жылы ТМД елдері арасындағы өнімдер мен қызмет көрсету сапасы саласындағы жетістігі үшін «Өндірістік мақсаттағы өндірістік өнімдер» аталымы бойынша жоғары марапатқа ие болды. Осылайша батысқазақстандық өнеркәсіп орындары өздерінің мықты әлеуеттерін, бәсекеге қабілеттілігін дамытып, өркендеп  жатқандарын паш  етті.

Бұдан басқа ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алу конкурсында «Кублей» ЖШС (2013 жылы), «Агропродукт ЛТД» ЖШС (2015 жылы), «Камал-Ойл» ЖШС (2016 жылы), «Орал сауда-өнеркәсіптік компаниясы» ЖШС (2018 жылы), «Орал трансформатор зауыты» ЖШС (2019 жыл) сияқты кәсіпорындар жоғары марапаттарға ие болды.

Бірқатар батысқазақстандық кәсіпорынның, соның ішінде «Гидромаш-Орион-МЖБК» ЖШС (2008 жылы), «Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ (2012 жылы), «Стеклосервис» ЖШС (2015 жылы), «Нұржанар» АҚ (2017 жылы) сынды компаниялардың өнімдері республикалық көрме-байқауында «Қазақстанның үздік тауары» атты марапатты иеленді. Мұндай жоғары марапаттарға облыс кәсіпорындары жаңа технологияларды енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың арқасында қол жеткізді. Соңғы 5 жылда іске қосылған жобалардың ішінде «К5 экологиялық класты мотор отындарын өндіру зауыты» («Конденсат» АҚ), «Химиялық өндірістік базаның құрылысы» («Топан» ЖШС), «Ет өңдеу кешенінің құрылысы» («Кублей» ЖШС), «Азаматтық құрылысқа арналған мыс кабелінің өндірісі» сияқты жобаларды атап өтуге болады.

Бүгінде өңірде «Тері өңдеу цехының құрылысы» («Кублей» ЖШС), «Қуаты 35-500 кВ трансформаторға арналған панельді радиатор өндірісі («Орал трансформатор зауыты»  ЖШС), қызанақ пен қияр өсіруге арналған жылыжай кешенінің құрылысы («World Green Company» ЖШС), күн панельдерінің өндірісі («Green Spark Limited» ЖШС), жиһаз фабрикасының құрылысы («Квант» ЖШС) және өзге озық жобалар  іске асырылуда.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале