26.07.2018, 11:19
Оқылды: 101

Интеллектуалдық игілік иесіз болмайды

avtorskoe pravoҚазақстанда «Авторлық құқық және сабақтас құқық» туралы заң 1996 жылы қолданысқа енгізілген. Заң бойынша авторлық құқық әдеби, музыкалық, драмалық, хореографиялық туындылар, сәулет жобасы, мүсін, графика, ән, фильм, компьютерлік бағдарламалар, баспа өнімдеріне иелік етуге беріледі.


Авторлық құқық ғұмыр бойына және туынды иесі қайтыс болғаннан кейін жетпіс жыл бойына сақталады. Құқықты қолдану мерзімінің аяқталуы шығарманың қоғам игілігіне айналғанын білдіреді. Берн конвенциясына сәйкес авторлық құқық аутоматты түрде беріледі. Бірақ кейбір ұлттық мекемелер оны тіркетуді талап етуі мүмкін. Мәселен, Қазақстан заңнамасына сәйкес композитор бір әнді рәсімдеп алу үшін үш айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақша төлейді. Немесе альбом ретінде жинақтап, мемлекеттік тіркеуге осы мөлшерде төлем жасап, әндерінің барлығына авторлық құқығын бір-ақ белгілеп алуына болады. Авторлар туындыларын жариялауға, өңдеуге, таратуға елісім береді немесе тыйым салады. Және көпшілік алдында қолданылғанда, авторлық сыйақысын алып, қаржы табуға құқылы.

MunaidarБүгінде жерлесіміз, ақын, тележурналист Мұнайдар Балмолда сөзін жазған әндер жиі орындалады. Жақында композитор Гүлнұр Нұрасыловамен бірігіп шығарған «Анамның жаққан ошағы» әні көптің көңілін баурап алды. Гүлнұр оны асыл жары, әнші Әліби Бекайдармен бірге орындап жүр. Халық алдында әндері кең қанат жайып, өнер ордаларында шырқалып жүргенімен, ақын әлі күнге табыс таба қоймапты. Төрт жыл бұрын «Абырой» авторлық қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі келіп, Мұнайдар Балмолданың құжатын рәсімдеп, авторлық құқығы қорғалатынына уәде берген.

– Бауыржан есімді жігіт құжаттарымды жинап алып кеткен соң, бір ай өтпей, «Абырой» қорынан 16 мың теңге төленді. Ол кезде әжептәуір ақша болатын. Қуанып қалдым. Уақыт өте өрекпіген көңілім су сепкендей басылды. Авторлық қоғамның өкілінен кейін хабар болмады. Менің шалған телефон қоңырауларыма жауап бермеді. Көптеген композитормен әндер мәтінін жазумен шұғылданамын. Бірқатары елімізге танымал әншілердің репертуарында бар. Мысалы, миллиардтаған көрерменнің сүйікті әншісіне айналған Димаш Құдайберген «I am a Singer» жобасының гала-концертінде талғарлық композитор Айгүл Бажановамен бірге жазған «Махаббат бер маған, тағдыр» атты әнімді орындады.

Сол жобадан композитор миллион теңгеден астам қаржы алып, пайдаға кенелді. Ал маған қаламақы төленбеді. Жақында құжаттарымды «Қазақстан авторлары қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігіне өткіздім, – деді Мұнайдар Балмолда.

Айта кетейік, ҚР «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңының 46-бабында мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың міндеттері көрсетілген. Мұндай ұйымдар авторлық және сабақтас құқықтардың иелеріне сыйақы төлеумен бірге олардың құқықтарын пайдаланғаны, оның ішінде жиналған сыйақы мөлшері және одан ұсталған сомалар туралы мәліметі бар есептер беріп тұруға, жиналған сыйақы сомасын нақты пайдаланылуына қарай барабар бөлуге, еліміздегі авторлық және сабақтас құқық иеленушілеріне тоқсанына кемінде бір рет төлеп отыруға міндетті.

WhatsApp Image 2018-07-25 at 07.36.05«Абырой» авторлық қоғамының www.abyroy.kz сайтындағы дерекқордан өнерпаздар Ербол Ақбасов, Армат Алдамжаров, Талант Арғынғали, Мұнайдар Балмолда, Қайнар Алагөзовтың аты-жөндері көзге жылы ұшырады. «Абырой» авторлық қоғамының облыстағы өкілі Алтынай Масалимованың айтуынша, Ақ Жайық өңірінен 20 автор тіркелген.

– Авторлар бірлестікке интернет арқылы тегін тіркеле береді. Олар жайында кең көлемді ақпаратты Алматыдағы уәкілетті орган ғана бере алады. Кейбір авторлар немесе құқық иегерлері есепшоттарын жаңартқаны жөнінде хабарламайды. Сондықтан аударылған қаражат кері қайтарылады. Мысалы, биылғы маусым айында Мұнайдар Балмолдаға қаламақы аударылған. Есепшоты дұрыс болмағаны себепті кері қайтарылғанын бухгалтер айтты, – деді ол.

Масалимованың сөзінше, авторлық құқықты пайдаланушылар қатарына телекомпания, радио, кабельді операторлар, концерт пен түрлі шараларды ұйымдастырушылар, қоғамдық көліктер, кафе, ресторан, сауда үйі, дыбыс жазу студиялары, түнгі клуб, ойын-сауық орталықтары кіреді. «Көптеген мекеме-ұйымдар, кәсіпкерлік нысандары келісімшарт жасасуға құлықсыз. Ал бізбен келісімге отырған авторлардың туындысын пайдалана бермейді. Олардың аудиториясы ресейлік немесе шетелдік орындаушыларға ықыласты, – деді Алтынай Зейінқызы.

Erbol AkbasovЖаңақалалық әнші-композитор Ербол Ақбасовтың «Сәлем, елім!», «Фәни жалған» әндерін «Жігіттер» квартеті, «Мен саған жетемін» туындысын Тамара Асар, «Ғашығымды» Данияр Сағынтаев секілді белгілі әншілер орындап жүр. Ербол да «Абыройдан» біраз уақыт қол үзіп қалғанын, былтыр бірлестік әкімшілігіне хабарласып, мәселені қайтадан қозғағанын, нәтижесінде биыл 100 мың теңгедей қаламақы алғанын айтты. «Әндерім Астана, Алматы қалаларында орындалуына байланысты қаражат түсті. Біздің облыста авторлық құқықты қорғау жүйесін ширату керек-ақ. Оған авторлар да бейжай қарамай, бұл бағытта қызмет ететін ұйымдармен тығыз байланыста болуы қажет. Мен «Абыройға» соңғы уақытта шыққан әндерімнің ноталарын тапсырдым. Олар әндерімнің орындалып жатқанынан хабардар екенін айтты», – деді композитор.

Aidar Kokabaev«Қазақстан авторлар қоғамы» РҚБ Батыс Қазақстан бөлімшесінің тексеруші-уәкілі Айдар Қоқабаевтың айтуынша, ақылы түрде өтетін мәдени-көпшілік шаралардан түскен қаражаттың 4 пайызы пайдалану жиілігіне орай туынды авторларына бөлінеді.Ұйымдастырушылар оның есебін шығару үшін шағын баянат парағын (рапортичка) толтырып отыруы тиіс. Мұндай есепке «Шағала» қонақүйі мейрамханасы әкімшілігі мен Ақсайдағы «Қарашығанақ» телестудиясы берік екен. Кафе, тойханалар секілді кәсіпкерлік нысандары айына бір есептеседі. Егер олардың сыйымдылығы 40 орындықтан кем болса, елдегі жалақының төменгі шегі (28 284 теңге) облыс бойынша белгіленген 0,75 пайыз төмендету коэффициентімен есептеліп, бір айға 21 213 теңге төлем жасалады. Қырықтан астам кісі қабылдайтын нысандарда осы төлем мөлшері екі еселенеді (42 426).  Жеке кәсіпкерлер, әлбетте, мұндай соманы қалтасынан шығаруға құлықсыз болатыны белгілі. Тіпті, облыстағы ірі мәдени ошақтар да баянат парағын тапсыруға бейжай қарайды екен. Авторлар құқын ескеруде Айдар Қоқабаев А. Островский атындағы орыс драма театры тиянақты екенін айтты. Қазақстан авторлар қоғамына біздің өңірден 20-дан астам автор мен құқық иегері тіркеліпті.

Еуропа елдері өнер адамдары мен қаламгерлердің, шығармашыл тұлғалардың құқын қорғауға әбден машықтанған. Автор құқын қорғау кітап сату және баспа ісінен бастау алыпты. Германияда мұндай құжаттар 1686 жылы пайда болған. 1837 жылы бүкілгерманиялық алғашқы заң жарияланған. Суретшілердің авторлық құқығы туралы заң Англияда 1735 жылдың өзінде қабылданды. Қызықты дерек айта кетейік, туған күн құрметіне шырқалатын «Happy Birthday to You» әні 1893 жылы жазылып, АҚШ заңына сай 1935 авторлық құқығы бекітілген. 2030 жылға дейін құқық мерзімі өткенше, әнді пайдалану ақылы. Құқық қорғау органдары әннен жылына 2 млн. доллар табыс табады.

Ansagan Mustafa (1)Елімізде зияткерлік меншік құқығына қатысты мәселе өте өзекті. Интернет кеңістігі дамығалы идея ұрлау кең етек жаюда. Мұндай оқиғаға мысал көп. Қаратөбе ауданының тумасы, белгілі журналист, жазушы Құрманғазы Қараманұлының қызы Аңсаған Мұстафа елімізде мықты иллюстратор ретінде танымал. Биылғы шілде айында облыстық тарихи-өлкетану музейінде суретшінің көрмесі өтті. Аңсаған Мұстафаның әлеуметтік тақырыпта салған суреттері әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, қалалардағы билбордтарда орналастырылуда. Айта кетейік, Аңсаған Мұстафа өзіндік ізденісімен безендірген жейделерді ansa.kz сайты арқылы жарнамалап, табыс түсіре бастағанына үш жылға жуық уақыт болыпты. Бірақ кәсіпкер фейсбук әлеуметтік желісінде былтырдан бастап Қытайдан Алматы базарларына жейде көшірмелері арзан бағамен сатылып жатқанын хабарлады.

Ansagan Mustafa– ҚР Әділет министрлігінен патент алу үшін құжат жинап, рәсімдеуге бір жылдай уақыт кетті. Мемлекеттік тіркеуге 190 мың теңгеден астам қаражат төледім. Бірақ отандық патент көрші елдердің аумағында қолдануға жарамсыз болып шықты. Базарлардағы сауда нүктелерінде отырғандар уәжімді құлағына ілмеді. Олар Қытай мен Қырғызстанға тапсырыс беріп, алдыртады. Плагиат жолмен тапқан пайдаға көтерме саудамен шұғылданатындар қарық болуда. Түсінгенім, елімізде отандық тауарды қолдайтын заңгерлік қызмет әлі дами қоймаған. Тауарлық таңбамды халықаралық тіркеуге қыруар қаражат керек, – деді Аңсаған Мұстафа.

ErkebulanОрал қаласындағы «Mirmanov@Partners» компаниясының басқарушы серіктесі Еркебұлан Мирманов мұндай жағдайда ҚР Қаржы министрлігі бекіткен «Зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізілімі нысаны және оны жүргізу» қағидаларына сүйенуге болатынын айтты. Тауар таңбасын патенттеп, бекіткеннен кейін, оны кедендік тізілімге енгізу қажет. Сол кезде шетелден келетін көшірме тауарларға бірден тосқауыл қойылады. Кедендік тізілімге енгізу халықаралық стандарттарға сәйкес ұзақ зерттеліп жүргізеді және қыруар қаржы талап етеді. Контрафактінің алдын алудың басқа жолы бар. Ол үшін елдегі арнайы бағалау агенттігіне жолығып, тауар құнын айқындатып алуға болады. Тауар құнының белгіленген мөлшеріне қарай әділет немесе ішкі істер құрылымы сауданы заңсыз жүргізгендермен шұғылданып, көлеңкелі кәсіп иелеріне айыппұл салады.

Еркебұлан Мирмановтың сөзінше, отандық кәсіпкерлердің көбі бренд қалыптастыруда тауар таңбасын, фирма атауын, логотиптерді меншіктеудің мәні зор екенін жете біле бермейді. Оның компаниясы облыстағы және өзге өңірлердегі 200-ден астам кәсіпкердің тауар таңбасын халықаралық деңгейде тіркеткен.

Altai MashtakovОблыстық әділет департаментінің зияткерлік меншік құқығы жөніндегі бөлімінің басшысы Алтай Маштақов кейбір шаруашылық субъектісі құқық иегерінің келісімінсіз тауар белгісі мен фирмалық атауларды қолданатынын айтты. Биыл ҚР халықаралық компания өкілдерінен түскен шағымға байланысты «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары» туралы заңына сәйкес жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, «Старлайн», «Reebok», «Adidas», «Toyoto» FIFA – «QUALTY– PRO» тауар таңбаларын компаниялар келісімінсіз жарнама жасау мақсатында пайдаланғандар анықталды. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 158-бабына сәйкес жеті кәсіпкердің әрқайсысына 30 АЕК көлемінде айыппұл өндіру жөнінде әкімшілік сот шешімі шыққан.

– Жергілікті кәсіпкерлер зияткерлік меншік құқығын бұзудың салдары өте ауыр екенін біле бермейді. Қазақстан бұл бағытта халықаралық заңнама талаптарымен жұмыстанады. Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша еліміздің позициясын нығайтуда әділет құрылымдарының рөлі зор. Бұл бағытта облыс бойынша түсінік жұмыстарын белсенді жүргіземіз. Зияткерлік меншік құқығын сақтаудың маңызы зор екеніне тоқталамыз.

Айта кетейін, ҚР Қылмыстық кодексінің 198-бабы (авторлық және сабақтас құқықтарды бұзу) мен 199-бабы (өнертабыс, пайдалы модель, өнеркәсіптік үлгілер, селекциялық жетістіктер) бойынша құқықбұзушылық жасағандар бір жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз жиырма сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартумен жазаланады, – деді Алтай Маштақов.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале