9.12.2019, 17:28
Оқылды: 57

Интернеттен тауар сатып алудың қауіпсіз жолдарын білесіз бе?

Интернеттен тауар сатып алу оңай әрі ыңғайлы. Бүгінгі таңда интернет-технологиялардың негізінде виртуалды дүкендердің танымалдығы күннен-күнге артып келеді. Оның қызмет көрсету сапасы қарапайым дүкеннен озық болмаса, кем емес. Алайда интернетті жаулаған миллиондаған виртуалды дүкендердің ішінде алаяқтар жасаған жалған сайттар бар. Алаяқтар құрған торға түсіп қалмас үшін төмендегі кеңестерді ескеріп жүріңіз, деп жазады 7kun.kz.

internet

Виртуалды дүкендер 24 сағат бойы жұмыс істейді. Өзіңізге қажетті өнімді қолжетімді бағамен үйіңізден шықпай-ақ сатып алуыңызға болады. Интернет дүкенді ашу компьютер мен интернет тілін жақсы білетін кез келген адамның қолынан келеді. Ол үшін арнайы мекемені жалға алып, оны жабдықтармен қамтамасыз етудің қажеті жоқ. Әркімнің интернет арқылы тауарын сатуға немесе сатып алуға құқығы бар.

Компанияның беделіне назар аударыңыз

Әлемнің ірі компаниялары өз өнімдерін Amazon.сom сынды сайттардан сатып алуға кеңес береді. Америкада дүкендердің рейтингісі National Fraud Information Center сайты арқылы анықталады. Ал отандық дүкендердің ішінде Lamoda, Otto, Sulpak, Wildberries, Shop, Kupivip компанияларына тұтынушылардың сенімділігі жоғары. Компания өніміне тапсырыс бермес бұрын ол жайлы форумдарда жазылған тұтынушылардың пікірімен, оның тарихымен танысыңыз. Сондай-ақ компанияның тіркеу нөмірін, электронды мекен-жайын, компания мекен-жайын іздестіргеніңіз жөн. Сайтқа қойылған тауарлардың әдемі суретіне сенбеңіз. Сіз өнімді виртуалды түрде сатып алған соң, өнімнің сапасы суретпен сәйкес келмеуі мүмкін. Жақсы дүкендер тапсырысты электронды пошта, әлеуметтік желілер арқылы қабылдаумен шектелмей, ICQ және Skype сынды қосымшаларды пайдаланады. Интернетте миллиондаған дүкендер бар. Алайда олардың 100 пайызы өз жұмысын ұқыптылықпен атқарады деп айта алмаймыз. Кейбір дүкендердің өз жұмысына салғырттық танытуының салдарынан тұтынушы тапсырысы дұрыс орындалмайды. Тіпті тұтынушылардың қолына уәде етілген сапалы өнімнің орнына зақымдалған тауарлар түсіп жатады. Дегенмен виртуалды дүкендерде тауар бағасы қарапайым дүкенмен салыстырғанда арзанырақ. Егер интернет дүкендерді саралап үйренсеңіз, ақшаңызды да үнемдейсіз.

Ақшалай төлемді қалай жүргізген дұрыс?

Виртуалды дүкенде есептесудің бірнеше тәсілі бар. Компаниялардың бір бөлігі алдын ала төлем жүргізуді сұраса, екіншісі тапсырыс орындалғаннан кейін ғана толық қаржыны талап етеді. Тауарыңызды алмай жатып, оның жарты ақшасын болса да төлеуге асықпаңыз. Дүкеннің шотына қаржы аудару — тауарды сатып алу кезіндегі ең маңызды процесс. Дүкен қызметкерлері сіздің кез келген сұрағыңызға жауап беруге міндетті. Сондай-ақ дүкен өнімнің қаптамасына, тасымалдау қызметіне қосымша қаржы сұрауы мүмкін. Ақшаңызды шотқа аудармас бұрын қызмет көрсету кезінде әр компанияның өзіне тиесілі кішкентай ерекшеліктерінен хабардар болыңыз.

Тұтынушылардың арасында терминал және кредиттік карта арқылы төлем жүргізу ең тиімді әрі қауіпсіз саналады. Себебі кредиттік карта тек сізге емес, кредиттік компанияға да тиесілі. Картаңыздан қаржы аудару кезінде даулы транзакция туса, кредиттік компания сіздің құқығыңызды қорғауға міндетті. Мысалы, Master Card немесе Visa картасымен есептесу кезінде дүкеннің шотына артық ақшаңыз аударылып кетті делек. Виртуалды қызметтің салғырттығынан тауар қолыңызға жеткен жоқ. Осындай жағдайда банктің қызметтерін пайдаланып, даулы транзакцияға байланысты арыз жазыңыз. Арызда транзакция болған күн және оның нөмірі көрсетілуі тиіс. Банктің сеніміне кіру үшін дүкенмен жазысқан email, sms хаттарыңызды дәлел ретінде көрсетуіңізге болады.

Банк картасымен есептескенде, төлем парақшасына назар аударыңыз. Сілтеме http  емес, https протоколынан басталуы тиіс. Мұндағы “s” әрпі ағылшынша secure, ал қазақ тіліне аударғанда “қауіпсіз” дегенді білдіреді. Егер парақшада ақпараттың қате немесе бұрыс терілгендігі туралы мәлімет шықса, картаңыздың нөмірін қайта терудің қажеті жоқ.  Оның орнына дүкенмен байланысып, тапсырыстан бас тартқаныңыз жөн.

Егер картаңызды пайдалудан сескенсеңіз, орнына интернет дүкендерден тауар сатып алуға арналған дебеттік картаны қолданыңыз. Дебеттік картада маңызды ақпарат сақталмайды.

Тек өзіңіздің жеке компьютеріңізді пайдаланыңыз

Фишинг — ақша алаяқтығының кең тараған түрі. Бұл алаяқтықпен айналысатын адамдарды фишингерлер деп атайды. Киберқылмыскерлердің жасанды сайтын интернет-дүкеннен ажырату қиын. Фишингерлер сізді алдап, спам хаттарды, қауіпті веб-сайттардың сілтемесін жаппай жіберу арқылы жалған сайтқа кіргізеді. Жалған сайт сізден пин-код, жасанды сөзді енгізуді сұрайды. Аз ғана уақыттың ішінде алаяқтар сізге қатысты барлық ақпаратты анықтап, жеке шотыңыздан ақша ұрлайды. Фишингерлердің торына түспес үшін компьютеріңізге фишингтен қорғайтын Phishing Filter сүзгісін орнатыңыз. Internet Explorer браузорында алаяқтардың сайттарын ескеретін SmartScreen Filter сүзгісі жұмыс істейді.

Интернет-кафелерде орналасқан көпшілікке ортақ компьютерлерден тапсырыс жасамаңыз. Қоғамдық компьютерлерде бағдарламалық немесе пернетақталық “шпиондар” болуы мүмкін. Бұл бағдарлама пернетақтада терілген мәтіннің барлығын компьютерде сақтайды. Алаяқтар осыны пайдаланып, сіздің кредиттік картаңыздан ақша ұрлауы мүмкін.

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале