28.08.2019, 19:08
Оқылды: 315

Инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасалады

 

Бүгін Орал қаласындағы Парк отель кешенінде «Бір терезе қағидасы бойынша инвестициялық қызметті ұйымдастыру және қолдау» тақырыбында аймақтық семинар-тренинг басталды. Екі күнге созылатын шараға Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстары мен біздің өңірдің мемлекеттік, құқық қорғау құрылымдарының, кәсіпкерлік, қаржылық институттарының өкілдері қатысуда.

park otel (11)

-Инвестиция тарту біздің жұмысымыздың – ең басым бағыттарының бірі. Өздеріңіз білесіздер инвестиция бұл – жаңа технология, жаңа жұмыс орындары, жаңа табыс көзі, жаңа менеджмент. Сондықтан әр мемлекет үшін инвестиция өте маңызды. Әлемнің көп елі бұл бағытта көп жұмыс жасауда. Бәсекелестік жыл өткен сайын артып келеді. Сол бәсекелестікке қабілетті болу үшін біздің республикамызда көп жұмыс жасалды, ал алда атқарылар істер одан да аз емес. Инвесторлардың көкейіндегі «мен неге Қазақстанға, соның ішінде белгілі бір өңірге қаржы құюым керек?» деген сауалына бізде нақты жауап беретін мамандар, инвесторлармен жұмыс істеу бағытындағы тиісті стандарттар болуы тиіс. Еліміздің саяси ахуалын, инвестициялық қызметке көрсетілетін мемлекеттік қолдауларды, жер алу, оған инфрақұрылым тарту, салық, жуық маңдағы нарық және өзге де мәселелер туралы жан-жақты мағлұматты тек келген инвесторға емес, интернет, әлеуметтік желі арқылы баяндап, таратқан жөн. Осы секілді қызықты мәліметтер бір адамның болмаса да, екіншісінің қызығушылығын туғызуы мүмкін. Мысалы үшін Америкадағы бір бизнес өкілі мұны оқып, ойында жүрген ісінің өрістеуіне біздегі ахуал оң септігін тигізетінін бағамдауы ғажап емес. Ол хабарласқан кезде менеджерлеріміз оларды қызықтыратындай жауаптар бере білгендері дұрыс. Бүгінгі семинар осындай жетістерімізге негіз болады деген сенім бар,-деді семинардың ашылуында сөз алған облыс әкімі Ғали Есқалиев.

park otel (4)

Келесі кезекте сөз алған «KAZAKH INBEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Біржан Қанешев аталмыш семинарды өткізу жөнінде ұсыныс жасалған кезде бірден қолдау білдіргені үшін өңір басшысына алғысын айтты. Ол өз сөзінде еліміздегі инвестициялық ахуалға, инвесторларды қолдау бағытында мемлекет тарапынан алынып жатқан іс-шараларға тоқталды.

-Таяуда ҚР Президенті Қарағандыда еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы жөнінде өткізген кеңесінде дайын өнім экспортын белсенді дамыту турасында тапсырма берді. Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, республикамыздағы өңдеу өнеркәсібінің экспорттайтын тауар түрі Ресей, Беларусия, Қытай сынды мемлекеттерге қарағанда әлдеқайда аз. Сол себепті отандық өндірушілердің сыртқы нарыққа шығуына серпін беретін нақты шаралар алынбақшы. Инвестиция тарту ісі де бұдан тысқары қалмақ емес. Бүгінде инвестицияны дамыту бағытында бір заң, екі қаулы күшіне енді. Онда инвестицияға қатысты барлық механизм қарастырылған.

Тағы бір айта кетер жайт, ҚР Премьер-министрі инвестиция бойынша ұлттық омбудсмен болып табылады. Бұл әлемде болмаған тәжірибе. Яғни өзге елдерде министрлер не одан төмен лауазым иелері омбудсмен болып жүр. Ал Үкімет басшысының мұндай міндеттеме алуы ерекше жағдай. Ол әсіресе инвесторлар үшін жақсы.       Енді осы семинарға келсек, біз мұнда Батыс Қазақстан аймағының мемлекеттік, құқық қорғау құрылымдары, кәсіпкерлік, қаржылық институттары өкілдерінің басын қостық. Өңірге келген инвесторлармен сөйлесіп, бағыт-бағдар беретін сіздер боласыздар. Ертең инвестор алдыңызға келгенде не деп жауап бересіңдер, қандай құжаттарды толтырасыңдар, оны толтырудың тәртібі қандай? Мұның бәрін осы семинар барысында теориялық және практикалық тұрғыда үйренесіздер деп ойлаймын. Батыс Қазақстан аймағы - мұнай мен газға бай өлке. Сол себепті бұл семинардағы оқыту үдерісіне осы бағыт ескеріліп, тиісті сарапшылар шақырылды,-деді Біржан Бисекенұлы.

park otel (9)

Тренинг барысында «KAZAKH INBEST» ҰК» АҚ-ның, «Астана» халықаралық қаржы орталығының менеджерлері, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері және жергілікті мемлекеттік құрылымдардың, қаржы ұйымдарының қызметкерлері баяндама жасап, сұрақтарға жауап берді.

Сәкен Әбілхалықов,

суретке түсірген Эльвира Меңдіғали

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале