8.06.2017, 10:11
Оқылды: 68

Итке қойылған... "құлпытас"

19046623_1362463047175036_439667603_nТаяуда Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласынан оңтүстікке қарай шығатын қара жолдың бойынан иттің моласын көріп, таңданысымды жасыра алмадым. Биіктеу жотаның үстіне орналастырылған мәрмәр тастың бетіндегі гранит тақтайшаға көздері от шашқан иттің суреті қашалып салынып, астына, кәдімгі адамдікі сияқты, аты мен өмір сүрген жылдары және иесінің жүрекжарды сөздері жазылыпты. Жақындап келгенде, аппақ мәрмәр тастың бетінен «ДЖОРДЖИК. 1998.12.VI - 2007.15.VI. Любимому верному непобедимому другу» деген жазуды оқыдық.


«Джорджик қандай бақытты еді!»

Айналасындағы арам шөптері тазартылып, гүл шоқтарын қойғанына қарағанда, «марқұм» болған иттің бізге беймәлім иесі төрт аяқты досының «дүниеден өткеніне» он жыл уақыт өтсе де, есінен шығармай, жиі-жиі келіп тұратынынан хабар бергендей. Білетіндердің айтуынша, тоғыз жыл, үш күн өмір сүріп, «көзі тірісінде» иттер төбелесінде жеңілуді білмеген Джорджик иесін талай мәрте олжаға батырған деседі. Мүмкін, рас та шығар. Бүгінгідей алмағайып заманда жазатайым сүрініп кетіп, өмірдегі өз соқпағын таба алмай қалған, үй-күйі жоқ, азып-тозып, қаңғып жүріп, көмусіз қалған жандар қаншама?! Сол міскіндерге қарағанда, осынша құрметке ие болған Джорджик қандай бақытты еді деген пендешілік ойға берілесің.

«Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді»

Арғы-бергі тарихты ақтарып қарасақ, барлық өмірі мал шаруашылығымен өткен қазекем бағымындағы төрт түлікті күзетудегі таптырмас көмекшісі – итті әрдайым ардақ тұтып, жеті қазынаның біріне балаған. Сөйте тұра, оны ешқашан төріне шығармаған. Ал адамның адал серігіне айналған төрт аяқты досына мола тұрғызғанды естімеппін де, еш әдебиеттен кездестірмеппін де. Әбден қартайып, өлер шағында жоғалып кеткен итіне де аса қайғырмай, «Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» деп қоя салған.

Бірақ заманына қарай адамының да өзгеретіні ақиқат екендігін бүгінгі күннен айқын аңғаруға болады. Қазіргі қазақ та бұрынғыларға мүлдем ұқсамайды. Бүгінгінің иті де арғы «бабаларына» қарағанда, жайлы пәтерде тұрады, дүкеннің тамағын ішеді, ваннаға шомылады, уақытымен қыдырады, қысқасы, барлық жағдайы жасалған. «Жалғызбасты болғандықтан, серік болсын деп ұстаймын» дейтіндердің жауабын естігенде, «Ит асырағанша, жетімхана толы көгенкөздердің бірін бауырына басса, сауапты іс болар еді ғой!» - дейсің іштей обал-сауапты айыратын қазақы менталитетпен.

Тас тұғырдағы иттер және басқалар...

Еуропа елдерінде итке мола түгілі, ескерткіш қойған жағдайлар да көптеп кездеседі. Айталық, Мәскеудегі «Менделеев» метро станциясында қатігездікпен өлтірілген Мальчик деген бұралқы төбетке ескерткіш қойылған. Куәгерлердің айтуынша, бес жылдан бері жерасты жолдарын мекендеген төбетті жас бойжеткен жетегіндегі қабаған итіне талатып, ол аз болғандай, алты жерден пышақпен салған жарақаттан жазылмай өліп кеткен. Аталмыш ескерткіш Ресейдің белгілі әншілерінің және қалың жұртшылықтың ұсынысымен адамдардың бойында аяушылық сезімін туғызу мақсатында бой көтерген.

Парижде Альпы тауларындағы қар көшкіні кезінде адамдарды құтқаруда ерлік көрсеткен Барри деген сембернарға, Берлинде зағип жандардың жол бастаушысы болған иттерге, Италияның Борго-Сан-Лоренцо қаласында бомбалау кезінде қаза тапқан иесін үй жанындағы аялдамада шексіз адалдықпен 14 жыл бойы тапжылмай күткен Фидо деген итке де ескерткіш тұрғызылған.

Бұдан басқа Францияда және Жапонияда медициналық оқу орындарының студенттерінің күшімен тәжірибе үшін қолданылатын миллиондаған құрбақаларды мәңгі есте қалдыру мақсатында аталған қос мекендінің тас бейнесі орнатылған.

Сондай-ақ Данияның Орхус қаласының тұрғындары талпақ танауды тас тұғырға көтерсе, Жапония балықшылары балықтың ұйысқан жерін көрсетуге көмектескен Оло деген дельфинге алғысын ескерткіш қою арқылы білдірген.

***

Janakala at janip kettiБұл мақаланы жазуыма жақында ғана әлеуметтік желілерде халықтың үлкен наразылығын тудырған тірідей жанып кеткен жылқылардың өлімі түрткі болды. Жылқы да ит сияқты бабалар институтынан жеткен жеті қазынаның біріне, ер қанатына бағаланған қасиетті түлік емес пе еді? Ендеше қанатты тұлпарын ырысына балаған қазақ деген қасиетті халықтың обал-сауапты есіне де алмаған бүгінгі ұрпағының өзіне талай бәйгеден олжа салған қылқұйрығын тірілей жанып жатқан күйінде жол бойына тастап кеткені қалай? Басына құлпытас қоймаса да, көміп кетуіне болар еді ғой!

Қазыналы құндылықтарымызды қадірлей білейікші, ағайын!

Айгүл Ахметова

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале