28.10.2017, 16:13
Оқылды: 58

"Кадрды бағалай білу керек"

received_10210324603843884БҚО әкімі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия отырысы өтті. Облыс әкімі Алтай Көлгіновтың төрағалығымен болған жиынға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев, облыстық басқарма, аумақтық департамент, құқық қорғау құрылымдары басшылары, қала, аудан әкімдері, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Алғаш баяндама жасаған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Б. Исқақовтың айтуынша, биылғы 9 айда департаментпен жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағында 62 мың адамның қатысуымен 550 іс-шара өткізілді. "Парасыз болашаққа. Бірге!" ұранымен барлық ауданда мобильді топ құрылды.
-Сыбайлас жемқорлық жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды анықтау және жою мақсатында 9 айда департаментпен 15 мемқұрылым мен ұйымда жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. Нәтижесінде 138 дерек анықталды. Осы уақыт ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша өңірлік бағдарлама аясында облыстағы 461 мемқұрылымның тек 30 пайызында осындай іс-шара жүргізіліп, 47 дерек анықталды.

Мемқұрылымдардың бұл іске формальды түрде қарайтынын осыдан-ақ көруге болады. Олардың арасында Орал қаласы, Зеленов, Жаңақала, Сырым аудандары бар. Мемаппараттың кәсіби біліктілігін арттыру мен жемқорлықты төмендетудің негізі кадр тұрақтылығы болып табылады. 9 ай ішінде жергілікті мемқұрылымдардан 193 адам кетті. Бұл былтырғымен салыстырғанда 2 есе көп. Әсіресе ол облыстық сәулет-құрылыс бақылау, жастар саясаты, денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт басқармаларында жоғары. Талдау көрсеткендей жұмыстан кеткендердің 85 пайызы бас және жетекші мамандар. Яғни негізгі ауыртпалық түсетін мамандар. Олардың қызметтен кетуінің негізгі себебі- жалақының төмендігі,-деді өз баяндамасында Б. Исақов.

Осы мәселелерге байланысты қала, аудан әкімдері, басқарма басшылары түсініктеме берді.
-Біз кадрларымызды бағалауымыз, оларға қажет жағдай туғызуымыз керек. Сол себепті мекеме басшыларының қоластында әрбір кадр, оның ертеңгі қызметі бойынша жоспар жатуы қажет,-деді Алтай Көлгінов.

Жиын барысында баяндама жасаған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетовтың сөзіне қарағанда, биылғы тамызда "Қоғам-Обещство" ғылыми-зерттеу институтымен өңірдегі жемқорлыққа катысты әлеуметтік зерттеу жүргізілген. Оған Орал мен 12 ауданның 1 мың тұрғыны тартылған. Зерттеу көрсеткендей көпшілік жемқорлық әрекеттеріне қарсылығын білдірген. Респонденттердің төрттен бірі жемқорлық өңірде жоқ десе, осындай көлемдегілері кең жайылғанын айтты. Ал оның негізгі себебі ретінде жемқорлық дерекке қатысты жазалудың жөнді жүргізілмейтінін, бюджеттік саладағы еңбекақының төмендігін, тиісті бақылаудың жоқтығын, сот жүйесінің жетілмегендігін атады.

Ал Алик Шпекбаев "100 нақты қадам" Ұлт Жоспарында көзделген шараларды жүзеге асыру арқылы елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың бейнесі түбегейлі өзгеретінін жеткізді. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде әкімшілік кедергілер қысқарып, тұрмыстық жемқорлық төмендеді.

Мемқұрылымдардың ашықтығы мен есеп беру қағидаттары енгізілді. Мұның бәрі еліміздің өркендеуіне зор үлес қосары сөзсіз.

С. Әбілхалықов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале