25.10.2017, 18:39
Оқылды: 118

«Қайрат ақынның туған жерге деген махаббаты еліне қайтарып әкелді»

Изображение 066Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, ақын Қайрат Жұмағалиевтің шығармашылығына арналған «Ақын жыры» атты кеш өтті.

Еске алу кешінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев, ақын Ақұштап Бақтыгереева, облыстық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Жексенғалиев ақын хақында сыр шертіп, естеліктерімен бөлісті.

– Ақжайықтың ардақты ақыны Қайрат ағамыз ішкі сезімін жырмен бүкпесіз жеткізетін лирик ақын еді. Нарын топырағынан түлеген ол табиғи дарыны мен ізденісінің арқасында көптеген шығармалар жазып, бірнеше кітаптың авторы атанды. Жыр жолдары арқылы көптеген мәселелерге тоқталып кетті. Тағдырдың желі оны сонау Оңтүстік Қазақстанға апарса да, туған жерге деген махаббаты егде тартқан шағында еліне қайтарып әкелді. Ел-жұртпен етене араласып, көптеген шаралардың басында жүрді. Қасында жүріп, ағамыздың жылы лебіздерін ести қалдық. Ұрпағына қалдырған мұрасы мәңгі жасамақ! – деді Қадырболат Қабдырұлы.

Изображение 036Қ. Жұмағалиев 1937 жылы Бөкей ордасы ауданы, Бисен ауылында жарық дүниеге келген. С. Киров атындағы ҚазМу-ды 1956 жылы тәмамдаған соң «Жазушы» баспасында, республикалық теле-радио хабарлар жөніндегі мемлекеттік комитетте әртүрлі қызметтер атқарған. Оның «Тұңғыш», «Жанар», «Перзент үні», «Сахара», «Құбажон» секілді бірнеше кітаптары жарық көрді. Ол - қазақ поэзиясына өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ерекше екпінмен келген тегеурінді топтың өкілі. Ақын Қайрат Жұмағалиев 2013 жылы 77 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

Кеш барысында «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жаңылсын Хасанова, республикалық конкурстың лауреаттары Еркін Өтегенов және  Альберт Ғазизжанов ақынның сөзіне жазылған «Анашым», «Жарқын жаз, қайдасың?», «Келеміз бірге» әндерін шырқаса, ақын Талғат Мықи «Сегізінші көш» өлеңін, №37 мектеп оқушылары балаларға арнап жазылған өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Кеш соңында ақынның жары Софья Жұмағалиева Жайық елінің азаматтарына алғысын білдірді.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале