14.08.2018, 11:05
Оқылды: 49

«Қайыршы» болдым, мінекей…

Қайыршылықты «кәсіп» еткендерді бұрын мешіттердің жанынан ғана көретінбіз. Ал бүгінде қара базарда, жерасты жолында, жаяу жүргіншілер көп жүретін жолдың жиегінде, қысқасы адам аяғы үзілмейтін жерлерде алақан жайғандардың қатары күн санап көбейіп келеді. Зағиптар, мүгедектер сықылды кемтар жандармен бірге ақ сақалды, ақ жаулықты ата-әжелер мен емшектегі баласын бауырына басқан аналар, тепсе темір үзетін, еңбекке қабілетті азаматтар да қайыршылардың қатарына қосылып отыр. Олардың осындай күйге түсуіне нендей жағдай болды, кім кінәлі деген сұраққа әрқайсымыз әр қилы жауап айтарымыз хақ. Басындағы жағдайларын аз-кем түсінгендей болғанымызбен, анық сезіне алмайтынымыз да ақиқат. Осы тұста біз қайыршылықтың қамытын киген жандардың күнделікті қанша табыс табатынын, неліктен мұндай жолға түскендіктерін білу үшін қайыршы кейіпке еніп көрген едік.

Жұманың таңы атысымен үстімізге кір-қожалақ киім киіп, қолы­мызға қызыл дорба ұстап, таңғы сағат 8.00-де Орал қаласында­ғы орталық базардың қасында ор­наласқан «қызыл мешіт» атанып кеткен Алла үйінің алдына бардық. Барсақ, төрт қайыршы отыр екен. Содан мешіт қақпасының дәл алдына жайғаса бергенімде, сол жерде отырған дәу қара әйел «Бұл жерге отыруға болмайды, әркімнің өз орны бар. Ана жерге барып отыр», – деп шет жақты саусағымен нұсқады. «Жарлық қатты, жан тәтті» демекші, ақша табуға келген соң, көрсеткен орнына үн-түнсіз барып тұрдым. Әлгі қызыл дорбаның ішіндегі ақша салуға деп арнайы алып келген «садақа жәшігін» шығарып алдыма қойдым. Арада бес минут өтер-өтпестен 5 және 10 теңге сыңғыр ете түсті. Басы жаман емес. Осылай бола берсе, түске дейін 5-10 мың теңге табам ғой деп қиялдап та қоямын. Сағат тілі тоғызды көрсеткенде, арамызға тағы төрт қазақ пен «Орта Азия сығандары» аталатын Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген тіленшілер келіп қосылды. «Қазақ қайыршылары» бір-бірін жақсы таныса керек, «Қалай бірдеңе бар ма?» – деп сұрап жатты. «Бірдеңе» дегендері ақша екені анық қой енді. Бір кезде біреуі: «Мынау кім, қайдан келген өзі, мынадай адам жоқ еді ғой», – деп мені көрсетіп, қасындағыларды сұрақтың астына алып жатыр. «Қой білмеймін, көзіне үлкен әшки тағып алған, бет-жүзін көрсеткісі келмей ме, басын көтермейді әйтеуір. Ленаның жіберген біреуі шығар», – деп жас шамасы 50-дегі әйел сыбырлап жауап берді. Ленаның кім екенін білу үшін қиыннан қиысты­рып, ата-анам мен тума-туыстарымның жоқ екенін, жұмыс, жататын жер таппай қиналып жүргенімді айтып, сенімдеріне кіруге тырыстым.

Өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай айтқан жалған сөздеріме иланды ма, менің қасымда отырған өзін Болат деп таныстырған азамат тапқан табыстарына Лена есімді (лақап аты болуы да мүмкін) әйелдің ортақтасатынынан басқа ештеңе айта қоймады. Қанша жерден әлгі әйел жөнінде толық ақпарат алғым келіп, «тамырын басып» көрсем де, жұмған аузын ашпады. Басында менің басымнан «бір қоя жаздаған» дәу қара әйелдің қасына жақындап, одан да сұрап көргем. Бірақ алдынан барсаң тістейтін, артынан барсаң тебетін асау аттай «жұлқынып» тұрған бұл әйел бетіме бажырая бір қарағанда, отырған орныма қалай зып бергенімді өзім де білмей қалдым. Сонымен не керек, «операция» ойдағыдай өтіп жатыр. Басымды төмен салбыратып, жанарыммен жер шұқып отырып, құйтақандай жәшігіме көз қиығымен қарап қоям анда-санда. Айналдырған екі сағаттың ішінде біраз тиын жиналып қалыпты. Көзіммен санап шықсам, 400-500 теңгенің ар жақ бер жағы. Бір кезде қасымда отырған Болат ақырын мені түртіп, қолына тығып ұстаған кішкентай көк стақанды ұсынды. «Бұл не?» десем, «Арақ қой, қысылма тартып жібер», – деп қояды. Ішімдік атаулыны өмірімде қолыма ұстап көрмеген мен не дерімді білмей, біраз абдырап қалдым. Сасқанымнан «Қазір емес, кейін ішерміз», – деппін. Баяғы «тыңшы» екенімді біліп қоймасын деп бар ойлап тапқан амалым ғой. Қарасам, зейнет жасынан асқан әжей мен жанындағы «жолдасы» және Болат үшеуі тартып отыр. Сөйтсем бұлар алақан жайып тапқан ақшаларын қу араққа жұмсайды екен. Әжейдің қасындағы өзімен шамалас адам (әңгіме барысында ұққаным уақытша жолдасы) әжетханаға кетіп қалғанда оған 100 мың теңге қарыз екенін, сол себепті оның жанынан кете алмай жүргенін Болатқа айтып жатқанын естігенде, төбе шашым тік тұрды. Қартайған шағында осыншама қарызға не себептен белшесінен батып жүргенін сұрайын деп енді оқтала бергенімде «жолдасы» келіп, «кеттік» деп киім-кешекке толы сары дорбаны арқалап екеуі кетіп қалды. Айтпақшы, бұл жерде жұмасына 4-5 мың, кейде одан да көп, ал былай күндері 1000-2000 теңге «жалақы» табады екен.

Тағдырлары талан-таражға түскен бұлардың кейбірі өз өмірлерін өздері жоқ қылса, енді кейбірі шын мұқтаждығына байланысты қайыр сұрап отырғанын түсіндім. Болаттан не себепті бұндай күйге түскенін сұрағанымда, әйелінің қазасына шыдай алмай, араққа қатты әуестеніп кеткенін айтты. Өзінің айтуынша, екі ұл, бір қызы бар екен. Күнде «ащы суға» тойып жүргесін үйден қуып жіберсе керек. Рас-өтірігі бір Аллаға мәлім, «Үйімді қызыма тастап кеттім», – дейді ол. «Осылай қашанғы жүресің, денің сау, қол-аяғың бүтін, жұмыс жасамайсың ба?» десем, «Өзің неғып отырсың, менде шаруаң қанша?» – деп дүрсе қоя бергені. Өзімнің «қайыршы» екенімді ұмытып кетсем керек. Сәлден соң ол да «Нан, шай алуға осы ақша жетеді, енді баклажка жинап сатамын», – деп жөніне кетті.

Алақан жайып отырғандарға адамдар тиын тастамай кетсе, сыртынан сыбап, тіпті «Жолың болмағыр, сараң неме!» деген секілді қарғыстарды қарша жаудырғандарын өз құлағыммен естігенде есім екеу, түсім төртеу болды. Әлгіндей қарғысты естімейік дей ме екен, біреулер тиынды уыстап тастаса, енді біреулері бес жүз теңгелік қағаз ақшаны шашу шашқандай шашады-ай келіп… Бәрін болмаса да барын беріп жатыр әйтеуір. Сондай сәттердің бірінде бір әйел келіп маған: «Жап-жас басыңмен не істеп отырсың мына жерде? Ұялмайсың ба? Одан да барып жұмыс істесеңші, қане, басыңды көтер, жүзіңді көрейін», – деп кетпей қоймасы бар ма? Ал мен болсам, басымды одан сайын бұғамын кеп… Жерге тиюге сәл жетпей тұр. Ақыры басымды көтермесімді білді ме, сөйлеп-сөйлеп кетіп қалды. Құтылдым-ау дегенше, болған жоқ, тағы бір әйел кеп тас кенеше жабысып алғаны. Оның да айтқаны әлгіндей сөздер. Екі әйелдің сөзінен екі қолымды төбеме қойып кетіп қалғым келді. Бірақ қандай сөз естісем де, өз миссиямды соңына дейін алып шығуым керек болды. Әйтеуір, кетті-ау деп, басымды енді көтере бергенім сол еді, маған қарама-қарсы отырған жас шамасы 35-40-тағы қайыршы әйел «Қазақ ауылында жұмыс бар, сені сонда кіргізейін бе?» – деп «ақыл айтпасы» бар ма? Ой зығырданым қайнағаны-ай… «Екі әйелден сөз естігенім аздай, енді сен шықтың ба? Өзіңе қарамайсың ба? Айнаға қарап айтуға тиіс сөзіңді, айналаңа қарап айтқаның қалай?» – деп айтқым келіп, өзімді әрең тоқтаттым.

Өстіп отырғанда жұма намазының уақыты жақындап қалыпты. Дереу «садақа жәшігіндегі» екі жүз теңгелік қағаз ақша мен толып жатқан тиындарды қалтама салып алып, әжетхана жаққа беттедім. Ішіне кіріп алып, әйда тиын санайын кеп. 1200 теңге «табыс» тауыппын. Сеніңіз, сенбеңіз, өз еркіңіз, жұма намазынан шыққан соң қайыр сұрап тапқан ақшаның барлығын мешіттің садақа жәшігіне салып кеттім. Қайыршылармен өткізген санаулы сағат ішінде санамды сан түрлі сұрақ жаулап алды. Бірақ ешқайсысына мардымды жауап таппай, басым салбыраған күйі үйге қайттым.

Есенжол ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале