10.10.2017, 19:52
Оқылды: 22

Қала әкімі құрылыс нысандарын аралады

IMG_8372Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев облыс орталығында салынып жатқан спорт нысандарының құрылысымен, жол жөндеу, аулаларды абаттандыру жұмыстарымен танысты.

ШаҺар басшысы әуелі атбасын ет комбинаты ауданында салынып жатқан көпфункционалды спорт алаңына бұрды. Ертең құрылыс жұмыстары аяқталған соң бұл жерде қыста хоккей, жазда футбол ойнауға болады. Мұрат Рахметұлының айтуынша, Орал қаласында қазір 20 спорт және балалар алаңының құрылысы жүргізілуде. Оның жартысы жергілікті бюджет есебінен, жетеуі  «Самұрық Қазына Траст» АҚ бағытында, қалғаны  Street Workout федерациясының көмегімен жүзеге асуда. Аталған спорт алаңдары 12,3 мың адамның спортпен шұғылдануына мүмкіндік береді.

Әкім содан кейін Гагарин көшесін жөндеу жұмыстарымен танысты. С. Датов көшесіне дейінгі 2 шақырымды қамтитын жолды күрделі жөндеу жұмыстарын «Нұрсәт» ЖШС жүргізуде. 1 қазанда басталған жөндеу негізі бес айға жоспарланған. Алайда аталмыш компания оны бір айда аяқтауды көздеп отыр. Қазіргі уақытта жөндеудің жетпіс пайыздан астамы бітті. Ауа райының қолайлығына байланысты жұмыс тоқтамастан 2-3 ауысымда жүруде.

Биыл Оралда аулаларды жөндеу жұмыстары да қарқын алды. Достық даңғылының 216/1, 216/2, 216, 218, Еуразия даңғылының 35/1 үйлері орналасқан  аулада да жұмыс қызу жүруде. Бұл жұмыстарды жүргізіп жатқан «Айдана» ЖШС-ның директоры Аветик Амерханянның сөзіне қарағанда мұндағы жұмыстардың елу пайызы аяқталды.

Жалпы ағымдағы жылы 20 аула аумағын абаттандыруға, соның ішінде 2016 жылдан көшпелі 3 аула аумағына бюджет қаражатынан 507 000,0 мың.тг.  бөлінді. Ол жұмыстардың бәрі аяқтала келді.

-Елбасының тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бағытындағы тапсырмасына сәйкес және облыс әкімінің қолдауымен қаламызда жол жөндеу жұмыстары қарқын алғаны белгілі. Мәселен, бұл салаға былтыр 2,3 млрд. теңге бөлінсе, биыл 8,1 млрд. теңге қаралды. Соның арқасында ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 73 шақырымды құрайтын 67 көшенің жолдарын жөндеу жоспарланды. Мамыр айында басталған жұмыстар аяқтала келді. Нақтылап айтсам, 55 көше толығымен жөнделді, алтауы бітуге таяу, қалғаны келесі жылға өткелі тұрған нысандар. Биыл біз Әбілхайыр хан даңғылы, Жәңгір хан, Чагано-Набережная, Гагарин сынды магистралды көшелерді жөндеуге мән бердік. Биыл тек облыс орталығында емес, Орал қаласына қарасты төрт округта да осындай жұмыстар жүргізілді. Мәселен, Деркөл кентінде 23, Желаевта 4, Круглоозеныйда 3, Серебряковта 2 көшенің жолдары жаңарды. Сонымен қатар жөндеу жоспарланған 40 шақырым жаяу жүргіншілер жолының 36 шақырымы да аяқталды. Егер ауа райы қазіргідей қолайлы болса, қазан айының соңына дейін барлық жол салу жұмыстарын толығымен аяқтаймыз,-деді Мұрат Рахметұлы.

Сәкен Мұратұлы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале