26.12.2016, 12:15
Оқылды: 39

Қала бюджеті нақтыланды

uralsk-akimat  Орал шаһарының бюджетін нақтылаған қалалық мәслихатының ІХ кезекті сессиясына қала әкімінің міндетін уақытша атқарушы Рүстем Закарин мен Орал қалалық мәслихатының хатшысы Аққали Әубекеров, қала әкімдігінің қызметкерлері мен қалалық мәслихат депутаттары қатысты.


    Орал қалалық мәслихатының хатшысы Аққали Әубекеровтің төрағалығымен өткен бұл сессияда, негізінен қаланың 2017-2019 жылдарға арналған бюджеті нақтыланды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Бибігүл Ниетқалиева баяндама жасап, қала бюджетіне 2017 жылы 21 887 584 мың теңге, 2018 жылы 20 776 991 мың теңге және 2019 жылға 21 355 237 мың теңге бөлінгенін мәлімдеді. Оның сөзінше, келесі жылға бөлінген 21 887,6  млн. теңгенің 2 408,9 млн. теңгесі республикалық және облыстық трансферттер және 19 478,7 млн. теңгесі бюджеттің өз кірісі. Осының 3 млрд.049 млн. 153 мың теңгесі еңбекақы төлеу жүйесінің жаңа моделі бойынша еңбекақы төлеуге және ай сайынғы үстемақы төлеміне, сондай-ақ, мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің еңбекақы деңгейін көтеруге жұмсалмақ. Республикалық бюджеттің трансферттері есебінен тілдер бойынша курс тағлымдамасынан өткен оқытушыларға қосымша ақы төлеуге 9,5 млн. теңге және негізгі қызметкерді оқыту кезеңінде оларды ауыстырған оқытушыларға қосымша ақы төлеуге 14,3 млн. теңге қарастырылған. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру саласының әр түрлі шараларына 202,6 млн. теңге бөлінді. Облыстық бюджеттен көптілділікті дамыту аясында оқытушылардың біліктілігін арттыруға 11,1 млн. теңге  қарастырылған. Мектепке дейінгі ұйымдарда жаңа оқу бағдарламасын енгізуге байланысты және 1,2,5,7- сыныптар үшін оқулықтар сатып алу және жеткізуге 333,2 млн. теңге бөлінді. Қаланың Солтүстік-Шығыс бөлігіндегі «Б» тұрғын үй алабын электрмен жабдықтау республикалық және облыстық  бюджет трансферттері есебінен жүргізілсе, Деркөл кентінің бірінші жаңа шағын ауданында еріген қар суларын бұру және кварталішілік өтетін жер құрылысына қажетті қаржы ұлттық қор қаражатынан бөлінбек.

   Одан әрі жиналғандарды бюджеттің басқа да кіріс-шығысымен толық таныстырған Бибігүл Ниетқалиева депутаттардан осы шешімнің жобасын  бекітуді сұрады. Қалалық мәслихат депутаттары бұл жобаны бірауыздан мақұлдап, нәтижесінде 2017-2019 жылдарға арналған қала бюджеті бірауыздан қабылданып, нақтыланды.

   Бұдан соң Орал қалалық мәслихатының  2016 жылғы 25  қаңтардағы №42-2 «2016-2020 жылдарға арналған Орал қаласының даму бағдарламасы туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы және қала маңындағы Зашаған, Круглоозерный және Желаев кентінің  шекарасын белгілеу жөніндегі мәселелер қаралды. Орал қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ерлан Ғалиевтің айтуынша, осы бағыттағы жұмыстарға жыл басында 1 368 934,56 теңге қаражат бөлінген. Қазіргі уақытта кенттердің шекарасын белгілеу жұмысы толықтай аяқталған. Кенттер шекарасын белгілеп, картаға түсірудің арқасында жер телімдерінің қай кентке қарайтынын тез анықтауға болады. Бір айта кететін нәрсе, бұл ретте кенттер аумағы өзгермей, сол күйінде қалды. Бұл жұмыстарды «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» Заңына және Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы Заңына сәйкес  «Азаматтарға арналған Үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» Коммерциялық емес Акционерлік қоғамының БҚО бойынша филиалы-«Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаменті жүргізген. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» Заңына сәйкес жер телімдерінен түсетін салық түсімдері сол округтың өзінде қалып, қоғамдық ұйымдардың ұсынысымен өткізілетін түрлі іс-шараларға жұмсалуы тиіс. Сондықтан, кенттер шекарасының нақтылануы, ең алдымен сол жердің тұрғындары үшін тиімді.

    Сессия соңында Орал қалалық мәслихатының келесі сессиясының төрағасы сайланды. Депутаттар шешімімен №5 округ депутаты Ләззат Рысбекова Орал қалалық мәслихатының келесі сессиясына төрағалық ететін болды.

Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале