8.09.2018, 14:35
Оқылды: 76

Қала күніне орай автокөлік иелеріне арналған акция өтті

WhatsApp Image 2018-09-08 at 11.27.34-1«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы мамандары Орал қаласының күніне орай «Автокөлігіңізді тіркетіп, жүргізуші куәлігін онлайн түрде ал» атты шара ұйымдастырды.


Аталмыш шарада «Бәйтерек» көлік базары, «Дина» супермаркеті жанындағы көлік базарындағы, көлік жөндеу шеберханаларындағы 300-ден астам автокөлік иелері мен жүргізушілерге арнайы буклеттер таратылып, тұтынушыларға электронды үкімет порталының тиімділігі жөнінде кеңестер берілді.

WhatsApp Image 2018-09-08 at 11.27.30-1-1Аталмыш шара барысында автокөлік иелерін Қала күнімен құттықтап, түсіндіру жұмыстарын жүргізген филиал қызметкерлеріне темір тұлпар тізгіндеушілер мен иелері алғыстарын білдіріп, таңданыстарын жасырмады.

Бұл шараның басты мақсаты egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы онлайн режимінде жүргізуші куәлігін ауыстыру және автокөлікті тіркеу туралы автокөлік иелеріне ақпарат беру болды.

Еске сала кетсек, ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап электрондық үкімет порталында жүргізуші куәлігін ауыстыру мүмкіндігі пайда болды. Жүргізуші куәлігін онлайн режимінде ауыстыру қызметін алу оңай әрі жылдам. Алдымен еgov.kz порталына кіріп, электрондық өтінішті толтырып, электрондық цифрлық қолтаңбамен растау қажет. Өтінішпен қоса фотосурет және қойған қолының сканерленген суреті де жолданады. Жеке кабинетке құжаттың дайын болғандығы туралы хабарлама келген соң (мобильді азаматтар базасына тіркелген жағдайда хабарлама SMS түрінде келеді) мамандандырылған ХҚО-ға барып, дайын жүргізуші куəлігін алып кетуге болады.

Бөлімге барғанда, ауыстыратын жүргізуші куəлігі, жеке басыңызды куәландыратын құжатты, өтініш пен баж салығын төлеу туралы электрондық чекті ұсыну қажет. Айта кетсек, жүргізуші куәлігінің баж салығы бұрынғыдай 1,25 АЕК, яғни 3 006,25 теңгені құрайды.
Егер жүргізуші куəлігінің мерзімі өтіп кетсе, психиатрлық және наркологиялық диспансерден анықтама, 083-нысандағы медициналық анықтаманы апару қажет.

Сонымен қатар азаматтар мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы немесе ІІМ тіркеу-емтихан бөлімшелеріне бармай-ақ, автокөліктерін электрондық үкімет порталында рәсімдей алады. Қызметті онлайн алу үшін egov.kz порталында авторизациядан өтіп, сатылатын көлік жайлы ақпаратты енгізіп, айыппұлдар мен салық төлемдерін, техникалық жағдайын тексеруге сұраныс жолдау керек. Егер қарыздар болса, электрондық портал арқылы өтеуге болады.

Осыдан кейін автокөлікті сатып алушы азамат электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеті арқылы сатушы қалдырған өтініммен танысып, айыппұлдарды тексергеннен кейін нөмір белгісіне, көлік құралын тіркеуге және тіркеу туралы куәлікке төлем жасай алады. Сатып алушы өзінің ЭЦҚ-мен смарт-келісімді растаған соң, мамандандырылған ХҚО-ға нөмір белгісін алып кету үшін ғана келеді. Сондай-ақ нөмірді үйге жеткізу қызметіне де тапсырыс беруге болады.

Айта кетейік, биылғы мамыр айынан бастап ҚР ІІМ автокөлікті тіркеу кезіндегі салыстыруды алып тастаған болатын. Енді есептен шығару немесе көлікті тіркеу кезінде нөмірлік агрегатты тексертудің қажеті жоқ. Мұндай талап тек көлікті алғашқы рет тіркегенде қойылады.

Сондай-ақ жүргізуші куәлігінің мерзімі өткенге дейін ауыстыру немесе жоғалтып алған жағдайда медициналық тексерістен өтудің және психиатр, наркологтан анықтама әкелудің қажеті жоқ. Ал азаматтың ЭЦҚ-сы болса, жүргізуші куәлігін электрондық үкімет порталы арқылы онлайн тәртіпте ауыстыруға болады.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале