12.01.2017, 14:26
Оқылды: 92

Қар тазалау флешмобы: Өзіңнен баста!

kar tazalauСоңғы күндері қалың жауған қардан кейін қала көшелері мен мекемелердың маңынан аяқ алып жүру қиындық тудырып жүргені жасырын емес. Табанның астында тапталып жатқан лас қарды жинауға коммуналдық мекемелердің қауқары жетпей жатқанын көріп жүрміз. Білегін түріп тазалап тастауға қалалықтар да аса құлықты емес.


Алайда бүгін түскі үзіліс кезінде «Жайық Пресс» медиахолдингінің қызметкерлері өз ауласына, өз мекемесіне деген жанашырлықтың үлгісін көрсетіп, қар тазалау акциясын ұйымдастырды.

Қолдарына күректерін ұстап, білек сыбана кіріскен «жайықпресстіктер» бір сағаттың ішінде мекеме аумағын бос қар мен қатқан мұздақтан тазалап шықты.

kar tazalau (1)Жұмысты аяқтаған бойда «ЖайықТазаҚала» ЖШС-не қоңырау шалып, кеңсе маңындағы қарды тиеп әкететін көлікке тапсырыс берілген болатын. Он бес минуттың ішінде жетіп келген қар тиеуші техника мен «КамАЗ» көлігі жиналған қарды тиеп әкетті.

Өздеріне де, кеңсеге келетін көліктерге де, мекеме маңынан өтетін тұрғындарға да жүрер жолды тазалап, көңілдерін бірлеген «жайықпресстіктер» түстен кейін қайтадан қызметтеріне кірісті.

Кейін білгеніміздей, facebook әлеуметтік желісінде де қар тазалау флешмобы жарияланып, бастамаға үн қосқандар өздері қардан тазартқан аулалар мен балалар алаңқайларының суреттерін парақшаларына салып жатыр екен.

Ендеше, Сіз де қарап қалмаңыз! Флешмобтың эстафетасын біз Сізге бердік, Сіз әрі қарай жалғаңыз! Туған қаламыздың тазалығына бір адамдай жұмылып, өз үлесімізді қосайық!

Айгүл Ахметова

www.zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале