17.04.2020, 13:41
Оқылды: 500

Карантин кезінде өңір спортшылары қалай жаттығып жүр?

Коронавирус індетінің кесірінен әлемдік деңгейдегі спорт додалары тоқтап, лицензиялық жарыстар да өтпей қалды. Тіпті олимпиада ойындары да кейінге шегерілді. Сонымен қатар жаттығу базалары да жабылды. Бұл жағдай спортшыларға кесірін тигізді. Қазір олар жаттығуларын үй жағдайында жасауға мәжбүр. Оның үстіне күнделікті жаттығу мен қозғалысы көп өмірге бейімделген спортшылардың бос уақыты пайда болды. Соны қалай өткізуде, карантин режімінде облыс спортшылары не істеп жатқанын және жаттығуын үй жағдайында жалғастырамын деген жерлестеріне қандай кеңес беретінін білмек болып, өңіріміздің біраз беткеұстар спортшыларына хабарластық.

Жыл сайын осы мезгілде жұмысы қызатын «Ақжайық» футбол клубының капитаны Бауыржан Омаров футбол маусымы басталмай жатып тоқтап қалғаны аздаған қиындық туғызғанымен командадағы барлық футболшылар оған түсіністікпен қарайтынын айтады.

F92E39CE-E1F4-4CBC-961E-FF69BFF944D8

-Жаттығуларымыз онлайн түрде өтіп жатыр. Бапкерлеріміз WhatsApp желісі арқылы күнігі жасауға қажетті жаттығулар тізімін жіберіп тұрады. Сол бойынша дайындаламыз. Футболшы үшін допсыз жаттығу қиын. Десе да амалдаймыз,-дейді.

Күшейтілген карантин режімі футболшыға отбасының қасында көбірек болуға да мүмкіндік берген.

-Футбол маусымы кезінде бірде үйде, бірде түздемін. Ерте көктемнен қара күзге дейін жанұямның қасында жөнді бола алмайтын едім. Биылғы көктемнің ерекшілігі сол, көп уақытымды отбасыма арнап жатырмын. Қызым мен былтыр дүние есігін ашқан ұлымды бағып, бос уақытымды қызықты өткізудемін. Осы ретте індетпен күресте алдынғы қатарда жүрген дәрігерлер мен полиция қызметкерлеріне алғысымды білдіргім келеді,-дейді Бауыржан.

Футболшы мұндай жағдайға тап болған жерлестеріне бос уақытын текке өткізбей кітап оқуға, балаларына сабақ жасауға көмектесуге кеңес береді. Оның айтуынша, бұл отбасы ішіндегі түсіністіктің артуына септігін тигізеді екен. Сондай-ақ күнде түрлі жаттығулар жасауды да ұмытпау керектігін айтады. Өңір  командасының бас капитаны жер үйде тұратын жандарға көбірек секіртпемен (скакалка) жұмыс жасау болатынын айтса, көпқабатты үйде тұратын адамдарға жерден кеудені көтеру (отжимания) жасауға кеңес береді.

Төтенше жағдай енгізілуінің кесірінен шорт-трек маусымын аяқтай алмаған халықаралық дәрежедегі спорт шебері Анита Нагай да карантин уақытын үйінде өткізіп жатыр.

4FE970BC-95D8-42E5-90A5-B780F8320CF0-Күнделікті жаттығу жасап, белсенді өмірге әбден үйреніп қалыппын. Жаттығусыз денем ауырып, өзімді ыңғайсыз сезінемін. Арнайы бағдарлама бойынша күніне 30 минут жаттығу жасаймын. Бұл аздық етеді. Бірақ карантиндік режім қауіпсіздігіміз үшін жасалып жатқандықтан көнемін,-дейді ол.

Шорт-трекші қыз бос уақытында ата-анасымен емін-еркін әңгіме айтып, шәй ішкенді ұнатады екен. Ол да жерлестерін салауатты өмір салтын ұстанып, көбірек жаттығу жасауға шақырады.

Қазіргі жағдай жер үйде тұратындарға тиімді секілді. Аулаға шығып, бақша егуге болады. Үйінен екі шақырым асып кетуге болмайтынын да білемін. Сол себепті велосипедке отырып, осы аралықты жүріп өтсе де пайдалы. Ал көпқабатты үйдегілерге іш бұлшық еттерін шынықтырып, отырып-тұру жаттығуын жасауға болады,-деген кеңесін береді Анита.

Биыл болуға тиісті Токио олимпиадасына өңірімізде алғашқыалардың бірі болып жолдама жеңіп алған Георгий Шейко індет кесірінен Азия чемпионатына бара алмай қалды. Ал олимпиада ойындары кейінге шегерілген соң бапкері екеуі бүкіл дайындық жоспарын қайта құруға мәжбүр болған.

27428C82-BEE5-4E56-968F-CA1E3386C853-Қазіргі карантиндік режім барлығымызға ортақ. Сондықтан спортшылар да оны сақтауға міндетті. Біздің бүкіл жаттығуымыз таза ауада өтетін еді. Қазір бейімделуімізге тура келді. Физикалық күш-қуатымды жолғалтып алмас үшін күнде жаттығу жасаймын. Негізінен күштік және кардио жаттығуларға көңіл бөліп жатырмын. Жолдасым әрі бапкерім болып келетін Полина Репинаның толық қадағалауындамын,- дейді спортшы (күліп).

Спорттық жүріспен айналысатын Георгий қазір екінің бірі пайдаланатын гаджеттер арқылы жаттығуға арналған бағдарламаларды жүктеп алуға кеңес береді. Сондай-ақ ютуб платформасында да әуесқой спортшылар мен кәсіпқой спортшыларға арналған қызықты жаттығулардың бар екенін айтады.

Карантин ешкімге оңай тиіп жатқан жоқ. Десе де бұл шаралардың барлығы уақытша. Сол себепті барлық сақтық шараларын сақтап, спортшыларымыз ұсынған жаттығуларды жасайық.

Түгелбай Бисен

  zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале