22.03.2018, 16:11
Оқылды: 57

Қаратөбедегі Наурыз мерекесінде тұрғындарға үйдің кілті табысталды (ФОТО)

        karatoba (12) Қаратөбе ауданының орталығында Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі «Наурыз-көктем – Наурыз-жыр» атты театрландырылған көрініспен ашылып, жиналған ағайынды бірден баурап әкетті.

     Басты айта кетерлігі, өңірде Наурыз тойы 14 наурыз – Көрісу күнінен басталды. Әсем безендірілген сахна маңына жиналған ауыл тұрғындарына наурыз көжені дайындау әдісі мен ырымдар түсіндіріліп, тайқазанда дайындалған наурыз көжеден дәм татқызды.

Ал, Ұлыстың ұлы күнгі мерекеде аудан басшысы Жанат Асылханұлы мерекелік шараға қатысушы ауыл тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтап, игі тілегін жолдады. "Наурыз – еліміздегі орны ерекше мерекелердің бірі. Бұл мереке жылдың басы, табиғаттың жаңаруы. Үстіміздегі жылы елордасы Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы, киелі Қаратөбе өңірінің 90 жылдық мерейтойларын тойламақшы. Басталғалы тұрған жаңа жылымыз жаңа бастамаларға, халқымыз үшін жақсылықтарға толы жыл болсын. Мереке аясында баршаңызға амандық-саулық, береке-бірлік тілеймін. Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Мереке құтты болсын!" - деді аудан басшысы Жанат Асантаев.

Жақсылыққа толы жаңару мен гүлденудің, мейірім мен молшылықтың, ынтымақ мерекесінде аудан әкімі Ж.Асантаевтың қолынан жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтпары қатарына жататын азаматтар, мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлері, жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған тұрғындар санаттарына жататын тұрғындар су жаңа тұрғын үйлердің кілтін алып, зор қуанышқа кенелді. Қоныстойы иелері ақ баталарын беріп, мәз-мейрам болысты.

Мереке барысында Қыдыр ата бата беріп, аудандық мәдени-демалыс орталығының қызметкерлері мерекелік концерт ұсынды. Өнерпаздар қазақтың салт-дәстүрлерінен көрініс қойып, жөн-жоралғылардың озық үлгілерін ұсынды. Облыс, ауданға танымал әншілер Нұршат Исламғалиев, Рүстем Ақташев, Ырысгүл Жұмағалиева, Әлфия Исламова т.б. өнер көрсетіп, әннен шашу шашты.

Ұлық мереке асық ату, арқан тартыс, гір тасын көтеру, қазақ күресі, қол күресі, ханталапай сынды ұлттық спорттық ойындарымен жалғасын тауып, қатысушылар өзара сынға түсті. Алаңда тігілген ақшаңқан киіз үйлерде мекеме ұжымдары ардагерлерге құрмет көрсетіп, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мереке шырайын әсем әндермен өрнектеді.

 

Ертай БИМҰХАНОВ

Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы

karatoba (6) karatoba (8) karatoba (7) karatoba (9) karatoba (10) karatoba (4) karatoba (1) karatoba (11)

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале