10.03.2017, 18:35
Оқылды: 92

«Орал өңірінің» мақаласы Ішкі істер департаментіне қозғау салды  

 

Батыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің консультативтік-кеңесші органы мал ұрлығының алдын алу мен қылмыстық істің ашылуы жөнінде талқылау өткізді.  

Бұл мәселенің қозғалуына облыстық «Орал өңірі» газетіне 14 ақпан күні басылған «Қаратөбелік полицейлерше сенделту» мақала себеп болды. Мақала авторы Есенжол Қыстаубаев Қаратөбе ауданы тұрғындарының арыз-шағымына сүйене отырып, аталмыш ауданның ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің әрекетсіздігін әшкере қылды. Сол себепті БҚО ІІД басшылығы бұл мәселені кеңестің күн тәртібіне қойған.

Жергілікті полиция қызметінің бастығы Манарбек Ғабдуллин мен криминалдық полиция басқармасының бастығы Сергей Шевченко облыстағы мал ұрлығы жайлы баяндама жасады. Баяндамашылардың айтуынша, ұрланған малдың негізгі дені – қараусыз жайылған түлік. Зардап шегушілер полицияға апта, тіпті ай өткесін шағымданып, бұл істің ашылуын қиындатады екен. Сондай-ақ аудандардағы ішкі істер қызметкерлерінің өз ісіне жауапсыздығы да анықталып, Сырым және Қаратөбе аудандық ішкі істер бөлімдерінің 23 қызметкері тәртіптік жазаға тартылған.

Консультативтік-кеңесші орган мүшелері мәселелерді талқылай келе аудандық ішкі істер құрылымдары жұмыстарын ширатып, мал ұрлығының алдын алу шараларын күшейтуі керек, ауыл тұрғындарына малды қараусыз жібермеу, жоғалған жағдайда өздігінен іздеумен айналыспай, уақытында полицияға хабарласу жайлы түсінік жұмыстарын жүргізу қажет деген ортақ шешімге келді.

БҚО ІІД бастығы, полиция генерал-майоры М.Аблазимов аталмыш мәселені көтерген «Орал өңірі» газеті редакциясына алғысын білдіріп, өзге бұқаралық ақпарат құралдары басшыларын бірлесе жұмыстануға шақырды.

Саида ТӨЛЕГЕНОВА

zhaikpress.kz

«Қаратөбелік полицейлерше сенделту» мақаласын мына сілтемеге өту арқылы оқи аласыз

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале