4.09.2017, 20:11
Оқылды: 75

Қаратөбелік тұрғын облыстық газеттен 1,5 млн.теңге талап етті

FB_IMG_1504544770791Бүгін Орал қалалық №2 сотында Қаратөбе ауданының тұрғыны Берік Шұқановтың облыстық «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газетіне қатысты талап арызы бойынша үшінші сот отырысы өтті.


Б.Шұқанов өз арызында облыстық газеттің 2017 жылдың 14 ақпанындағы «Қаратөбелік полицейлерше сенделту» және 13 мамырдағы «Бірі «Ақшаңды апарып береміз десе, екіншісі «Ұрыны тауып беремін» деп Батыр ананы сенделтіп қойды» атты мақалалардың авторы, журналист Есенжол Қыстаубаевтың мақалаларын теріске шығаруды, сонымен қатар моральдық шығын ретінде 3 000 000 (үш миллион) теңгені өндіріп беруді сұраған.
Алайда бүгінгі сот отырысы басталар алдында талапкер моральдық шығынның көлемін 1 миллион 500 мың теңгеге дейін азайтқанын жеткізді.

Жауапкер Есенжол Қыстаубаевтың сөзінше, газеттегі мақалалар Қаратөбе ауданының тұрғыны Жалғас Тінәлиевтің арызын қабылдамай екі айдай тентіреткен осы ауданның полицейлері туралы жазылған.

- Тінәлиев жоғалған малын ең алғаш Шұқановтың қорасынан көрген. Сондықтан бұл мақалада Шұқанов туралы жазбай кету мүмкін емес еді. Мақала Тінәлиевтің өз арызының негізінде және ауызша, сөзбе-сөз айтқан әңгімесі бойынша жазылды. Алайда талапкердің абыройына нұқсан келтіретіндей «Шұқанов – ұры!», «Шұқанов баспақты ұрлап алды!» деген сөздер жоқ. Сондықтан оның талабы негізсіз деп есептеймін, - деді журналист.

Жауапкер Есенжол Қыстаубаевтың қорғаушысы Ғалия Қаржауованың айтуынша, ҚР «БАҚ туралы заңының» 26-бабында журналистердің қандай жағдайда жауапкершілікке тартылмайтындығын айтып берді. Атап айтсақ, «Бұқаралық ақпарат құралында шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратқаны үшін ... азаматтардың ресми сөйлеген сөздерінің сөзбе-сөз қайталанып берілуі болса, ... авторлық сөздерде не редакциялауға жатпайтын мәтіндерде айтылса, бас редактор (редактор), сондай-ақ журналист жауапты болмайды» деп көрсетілген.

- Бұл жерде мақала арыз беруші Жалғас Тінәлиевтің сұхбаты негізінде жазылған. Сондықтан журналист жауапты емес. Сот отырысында да Жалғас Тінәлиев өзінің айтқан сөзінен танған жоқ. Ал бейнежазба Қаратөбеде Шұқановтың келісімімен түсірілді. Талапкер мақаланың қай тұсында оның ар-намысына нұқсан келгендігін нақты айта алмады.
Сонымен қатар жоғарыда аталған мақалаларды теріске шығару үшін, ҚР «БАҚ туралы заңының» 19-бабына сәйкес, Шұқанов, ең алдымен, сол бұқаралық ақпарат құралында терiске шығаруды талап етуі тиіс еді. Басылым редакциясы бұл талапты орындамаған жағдайда ғана, сот төрелігіне жүгінуге құқылы болатын. Бұл жерде арыз берудің тәртібі сақталмаған, - деді қорғаушы Қаржауова.

Сондай-ақ сот отырысы барысында екі тараптың да куәгерлерінің жауаптары тыңдалды. Бұл жерде жауапкер тараптың куәгері Жалғас Тінәлиевтің сот отырысында бұған дейін газетте шыққан сөзінен танбай, сөзбе-сөз қайталап айтып бергендігін атап өткен жөн.
Ал талапкер тараптың куәгері Ескендір Төлегенұлының жауаптары Жалғас Тінəлиевтің жауабымен сәйкес келмеді. Тінəлиевтің айтуы бойынша, Ескендір Төлегенұлы алғаш көргенде «Біріншіден, маған ол малды сенікі деп ешкім айтқан жоқ, екіншіден, ол малды иесі жоқ дегесін алып кеттім, үшіншіден, оны сразы жоқ қылып жібердім. Сұрамай-ақ қой, орнына құнын ал» деп артынан, 100 мың теңге төлеген. Ескендір сот отырысында ақшаны берген себебін «ағайын адамбыз, арамыздағы дау-дамай осымен бітсін деп бердім» деп түсіндірді.

Даулы істі қарау барысында жауапкер тараптан сөз алған «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин былай деді:
«БАҚ туралы заңның 20-бабында журналистке аудио-, бейнежазба жасауға рұқсат етілетіндігі көрсетілген. Осыған сәйкес, сотқа Берік Шұқановпен болған сөздің барлық жазбаларын ұсындық. Сол жазбалармен мұқият танысатын болсаңыз, бейнежазбаның Шұқановтың келісімімен түсірілгенін, оның журналистерге «видеоға түсіріп жатсың ба, боғауыз сөз айтып қоймайын» деп ескертіп тұрғандығын, қораға өзі бастап барғандығын көруге болады. Яғни, талапкер өзін бейнеге таспалап жатқандығынан хабардар болды.
Екіншіден, екі куә сот алдында тек шындықты айтатындығы жөнінде ант берді. Егер ант бұзылса, қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығынан хабардар.
Мен талапкер жағынан келген куә Ескендір Төлегенұлынан «Шұқановтан алған мал бар ма?» деп сұрағанымда, ол «Мал бар» деп қысқа қайырды. Ал ол Жалғас Тінәлиевпен кездескенде, оның малды жойғанын, оның орнына басқа мал беретінін айтқан. Яғни, екі куәнің бірі жалған сөйлеп тұр. Осыны ескеріп, іс-әрекет жасауыңызды сұраймын.
Сондай-ақ сіздің назарыңызға Қаратөбе ауданы орталығының картасын ұсынғым келеді. Байқасаңыз, Шұқанов пен Тінәлиевтің үйлері жақын орналасқан. Талапкер өз сөзінде: «Баспақ менің қорама келіп бір-екі күн мөңіреп тұрды. Сосын амалсыздан қамап алдым» деді. Газетте де ол әңгіме бар. Ол малдың өз қорасы жақын жерде болса, қалайша мөңіреп тұрады, қалайша таба алмайды? Бұның бәрін мен мысалға келтіргенім - істе бір-бірімен сәйкеспейтін дүниелер көп. Біз, бұл істі зерттеуді әрі қарай жалғастыратын боламыз».

Сот ұйғарымы бойынша Берік Шұқановтың талап-арызы қараусыз қалдырылды. «Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 143-бабының 4-тармағына сәйкес, дауды сотқа дейінгі шешу сақталмаған. Арызданушы тарап 10 күннің ішінде аппеляциялық шағым түсіре алады», - деді сот отырысын жүргізген судья Бақтияр Жорабаев.

Айта кетейік, шағым облыстық «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газетінің 2017 жылдың 14 ақпанында «Қаратөбелік полицейлерше сенделту» және 13 мамырдағы «Бірі «Ақшаңды апарып береміз десе, екіншісі «Ұрыны тауып беремін» деп Батыр ананы сенделтіп қойды» мақалаларына байланысты түсірілді.

Естеріңізге сала кетсек, биылғы жылдың ақпан айынан бастап облыстық «Орал өңірі» газетінде Қаратөбе ауданы аумағындағы мал ұрлығына қатысты журналист Есенжол Қыстаубаевтың бірнеше мақаласы жарық көрді. Қаратөбелік Жалғас Тінәлиев есімді азамат газет редакциясына келіп, 2016 жылдың қараша айында жоғалған баспағының екі айдан соң өзімен көршілес көшеде тұратын Берік Шұқановтың қорасынан табылғанын айтып, алайда аудандық тәртіп сақшыларының әрнәрсені сылтауратып, арызын жөнді қарамай отырғанына шағымданған болатын. Өз малын қайтара алмай, әуре-сарсаңға түскен Жалғастың отбасы, айналып келгенде, шиеттей балаларымен қысқы соғымдарынан қағылды...

2017 жылдың 13 наурызында БҚО ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Мақсұтхан Әбіләзімовтың төрағалығымен Жалғас Тінәлиевтің арызына байланысты облыстық басылымда жарияланған «Қаратөбелік полицейлерше сенделту...» атты мақала бойынша өткен кезектен тыс консультативтік кеңесте аталмыш істі тергеу барысында жауапсыздық пен салғырттық танытқан Қаратөбе АІІБ-нің алты қызметкеріне тәртіптік шаралар алынды.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале