24.01.2020, 16:25
Оқылды: 182

Қараусыз  жатақхана, шарасыз тұрғындар…

Жақында редакцияға Орал қаласындағы Х. Чурин көшесінің бойындағы №119 мекенжайының тұрғындары Айгүл Сейтімова мен Ақманар Мухамбедиева хабарласты. Олар өздері тұратын жатақханада ілдалдалап күн кешіп жатқандарын айтып, жағдайды көзбен көруімізді сұрады.

janathana
Біз келісілген уақытта қала ортасындағы жатақханаға бардық. Дәлізге кіргенімізден-ақ күлімсі, жағымсыз иіс қолқамызды алып кетті. Мұрнымызды басып, Айгүл Сейтімова атты кейіпкеріміздің бөлмесіне ендік. Құрқылтайдың ұясындай құрттай бөлмені ол сегіз ай бұрын Атыраудан көшіп келісімен сатып алыпты. Балаларға жуынатын орын дайындап, су ысытатын құрылғы алып, бар жағдайды жасауға тырысқаны байқалады. Кірген бойда қолдарын ала жүгіріп, көрісіп жатқан кішкентай екі ұлдың үлкені – 6, ал кішісі 5 жаста екен. Жып-жинақы кішкентай бөлмеден де ылғалдың күлімсі иісі шығады.

– Төмендегі жертөленің құбырлары ескі. Екі күннің бірінде құбыр тесіліп, жарылып жатады. Жертөле белуардан су. Еденіміздің асты су болып, буланып жатқасын үйіміз ылғалдан ағып тұр. Жылу айырылып қалған кезде тіпті қиын. Әркім көрпесіне қарай көсіліп, жағдайы жеткен ақшаға үй сатып алады ғой. Біз де қолда бар ақшамызға осы бөлмені сатып алып едік. Бұлай қиналамыз деп ойлаған жоқпыз. Биыл қала бойынша бәріне 8 қазанда қосылған жылу бізге 20 қазанда қосылды. Оған дейін бала-шағамызбен тоңып отырдық. Жертөлеге ешкім кіргісі келмейді. Жаны ашитын 4-5 отбасы бармыз. Жертөлеге де біздің күйеуіміз кіреді. Құбырлар жарылса, солар барып, дәнекерлеп, өздерінше жамап қояды. Бірақ бәрібір бірер күннен кейін әбден шіріген құбыр қайта тесіледі. Әсіресе, балаларға өте қиын, – дейді Айгүл.

j2

Әңгімеге араласқан Ақманар Мухамбедиева қазір жатақхананың коменданты есебінде жүр. Алдажалда жылу тоқтап, су болмай қалса, бөлме аралап, 100-200 теңгеден ақша жинайтын Ақманар тұрғындардан түрлі былапыт сөздер естіп, зәрезап болғанын да жасырмайды.

– Мен бұл жерде үшінші жыл тұрып жатырмын.

Ең бірінші 5-қабатта 91-пәтерде тұрдым. Биыл төмендегі бірінші қабаттағы бөлмені сатып алдым.

Бұл жатақханада тәртіп жоқ. Бірде жылу болмай қалады, енді бірде су болмайды, тағы бірде дәліз қоқысқа толып кетеді. «Өзіміз үшін ғой» деп тұрғындардан ақша жинап, жылу мен судың құбырын жөндетеміз. Осы жатақханада тұратын Әлия апай екеуміз қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне барып, жағдайымызды айттық.

Ол жерден мамандар келіп, бірнеше рет жиналыс жасады. Соның өзіне тұрғындар бәрі жиналмайды. Тек бірен-саран адам ғана қатысады. Биылғы қыс басталғалы бері қайта-қайта жылусыз қалудамыз. Біз тиісті құрылымдардан ең бірінші кезекте жертөледегі құбырларды жөндеп беруін сұраймыз, – дейді Ақманар.

Ақманар мен Айгүлдің айтуынша, кіреберіс дәліз маскүнемдер мен қаңғыбастардың мекеніне айналған. Жатақхана айналасынан целлофан қаптарға салынған нәжісті жиі байқауға болады.

j3еген адамның бәрі бірінші қабаттағы әжетханаға барады. Көптік болғаннан кейін әжетхананың тазалығы сын көтермейді. Содан да шығар, кейбір тұрғындар пластикалық құтыларға қажетін өтеп, жоғарыдан төмен лақтырып жібереді екен. Тұрғындардың кейбірінің мәдениетінің төмендігі соншалық, жоғарыдан төмен шай-дың шамасын құйып жіберіп, қарап отырады, – дейді олар.

Әлішер ЖҰМАҒАЛИЕВ,

қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:

– Сіз айтып отырған Х. Чурин көшесінің бойындағы жатақхананың жағдайымен жақсы таныспыз. Бұл жатақхана 1975 жылы салынған. 222 пәтер бар. Бұл үйді ешбір ПИК алғысы келмейді. Біз тұрғындармен бірнеше мәрте жиналыс өткіздік. Жиналысқа 10-15 адам қатысты. ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 35-бабы бойынша үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелерi ортақ мүлiктің және дара (бөлек) меншiктегi үй-жайлардың сақталуына және қауiпсiз пайдаланылуына жәрдемдесуге міндетті. Яғни бұл үй тұрғындардың өзі жауапкершілікпен қарап, күтіп ұстауға міндеттелген. Құбыр жөндеу, тағы басқа жұмыстарды олар қосымша ақша жинап, өздері жөндеуі тиіс.

Бекболат ҚАМЕШОВ,

«Жайықжылуқуат» АҚ жылу инспекциясының басшысы:

– Бұл үйде жылу кеш берілген немесе жылу айырылып қалатын кездер болады. Өйткені жаз кезінде қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізілмейді. Бұл жұмыстарды сол үйде тұратын тұрғындар өздері бірлесіп жасау керек. Біз қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандарымен қысқы маусымға дайындық жасар алдында бірнеше рет жиналыс жасап, айттық. Тұрғындардың ішінен бір адамды жауапты қылып сайлап, сол кісі арқылы қажетті қаражат жинап, құбырларды жаңарту қажеттігін де айтып түсіндірдік. Бірақ жиналған 5-6 адам қолдаған сыңай танытқанымен, мәселе сол күйі қалады. Өйткені сол үйде тұратын адамдардың басым бөлігі квартиранттар екен. Бұл мәселені тұрғындар ұйымдасып, ақылдасып өздері шешуі тиіс.

Түйін

Қаланың қақ ортасындағы жатақхананың қасында бір емес, екі мектеп әрі балабақша бар. Сол жатақхананың өзінде ондаған, бәлкім, жүздеген бүлдіршін өсіп келеді. Жатақхана маңындағы қоқыс, жағымсыз иіс айналаға тарап жатады. «Осының салдарынан жұқпалы аурулар тарауы әбден мүмкін-ау» деген қауіп күшті. Сондықтан мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанып, біздіңше, жергілікті билік тарапынан жатақхана жағдайы қатаң бақылауға алынғаны жөн.

Гүлжамал Жолдығали

суретке түсірген Эльвира Меңдіғали

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале