24.12.2019, 18:22
Оқылды: 195

Қаршадай қайсар қыз

Жуырда Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Абу-Даби қаласында жастар мен жасөспірімдер арасында джиу-джитсудан әлем чемпионаты өткен еді. Сол байрақты бәсекеде күміс жүлде алған қаршадай қыз Дина Дәулетова – Ақ Жайықтың тумасы. Нақтырақ айтсақ, нағашы жұрты Орал қаласынан. Сондай-ақ кейіпкеріміз аталмыш спорт түрінен өткен жазда Мәскеу қаласында ұйымдастырылған «Moscow Grand Slam – 2019» әлемдік турнирінде де еліміздің намысын қорғап, алтыннан алқа таққан еді.

dina

2002 жылы Алматы қаласында  дүниеге келген бойжеткен бразилиялық джиу-джитсу спортымен айналыса бастағанына бес жылдан асыпты. Алматы қаласындағы «М.В.Ломоносов атындағы №38 Қазақстан-Ресей гимназиясын» негізгі орта білім бойынша тәмамдаған ол бүгінде халықаралық Бизнес академиясының маркетолог мамандығы бойынша екінші курс студенті.

– Спорттың бұл түрі бойынша үйірмеге барамын дегенде ата-анам қарсы болды. Джитсер (джиуджитсумен айналысатын атлет) болу қыз балаға жараса ма, денсаулығыңа зиян келмей ме деп уайымдады. Одан кейін жарыстарға қатысып, өзімнің қабілетімді көрсете бастаған соң қолдады. Алғашқы жарысым көз алдымда. Бірінші белдесу болғандықтан, жеңемін деген ой да болады. Алай-да салмақ дәрежем бойынша үш кездесу өткізіп, нәтижесінде екінші орынға ие болдым. Бұл жетістік менің осы жолды таңдауыма жол ашты. Жетістікке жетуге деген қызығушылығымды оятты. Бүгінде джиу-джитсудан өткен ел чемпионаттарында бірнеше дүркін жеңімпаз атандым. Әлемдік додаларда жеңімпаз, жүлдегер болдым. Спорттың бұл түрі маған несімен ұнады десеңіз, мұнда әр түрлі спорттың элементтері кездеседі. Негізі джуи-джитсу жекпе-жегі салмағың аз болса да қарсыласыңды тұншықтыру мен ауырту әдіс-тәсілдерімен бағындыра білу ережесін үйретеді. Бірінші, файтинг жүйесі. Ол каратэге ұқсас. Мұнда аяқпен соққы жасауға болады. Екінші, неваза жүйесі. Онда спортшылар тек күреседі. Екі қарсыластың бірі жеңілмейінше, күрес жалғаса береді. Үшінші, комбат жүйесі. Ойын ережесі аралас жекпе-жекке (ММА) ұқсас. Тек спортшылар әр түрлі әдісті пайдаланып, татамиде күш сынасады. Жекпе-жек барысында қарсыластарым-нан қорыққан емеспін. Негізі ата-анам бала күнімнен жан-жақты болғанымды қалады. Эстрадалық-вокал, теннис үйірмелеріне қатысып, балаларға арналған қазақстандық «Ералаш» фильміне түстім. Бойым 178 сантиметр болғандықтан, сән агенттіктерінен ұсыныстар түсіп жатады. Қазір академиядағы сабағымнан бөлек, модель болып жүрмін, - дейді бойжеткен.

Кейіпкеріміз джуи-джитсудан көк түсті белдіктің иесі. Яғни өзге шығыс жекпе-жектері секілді спорттың бұл түрінде белдеудің түсі джитсердің жасы мен жетістігіне байланысты беріледі екен. Белдіктің ақ түсі бұл спорт түрін жаңадан бастағанын білдіреді. Көк түсті белдікті жауынгерлік өнердегі белгілі жетістіктерге ие студенттер алады. Оны 16 жасқа толғанда ғана береді. Күлгін көк түстен кейін жасыл белбеу. Одан кейінгі қоңыр белбеуді алу үшін спортшы кемінде бес жыл жаттығуы маңызды. Қара белдік – ең үлкен жетістік және бірнеше деңгейге ие. Ондағы қызыл немесе ақ жолақтар шебердің әр түрлі деңгейлерін білдіреді. Ал қызыл белбеуді күрестің шарықтау шегін меңгерген адам ала алады. Оған әлемде тек бірнеше адам ғана иелік етеді.

Сондай-ақ Дина Салауатқызы осыдан екі жыл бұрын капоэйро-мен де айналысыпты. Яғни капоэйра – акробатика, би қимылдары кездесетін өнер түрі. Бразилияның ұлттық әндерін қосып қойып, спортшылар бір-бірін аяқпен теуіп, қолмен ұрып, қарсыласы одан қорғанып, сақтанып, сөйтіп жүріп музыканың ырғағымен өнер көрсетеді.

– Дина бала күнінен бір жерде отырмайтын тынымсыз болатын. Бауырларына қамқор, кімге болса да қолынан келген көмегін аямайтын. Сегіз жасынан бастап ән салды. Испания, Болгария мемлекеттерінде балалар мен жасөспірімдер арасында өткен ән додаларында лауреат атанса, черлидинг спорттық биі бойынша Италияға жарысқа барып, күміс жүлдеге ие болған еді. Бірде сіңлім 60 жасқа толып, мерейтойлық кешінде Динаның өлең айтуын өтінді. Содан Дина тойда біздің тілегімізден соң ән салатын болды. Той басталды. Дина әлі жоқ. Содан хабарлассам, «Әже, Дымка туып жатыр. Қалай барамын?! Бесінші марғауын туды. Тағы да бала мысық шығарар деп күтіп отырмын» дейді. Кейін алты мысықтың біреуін алып қалып, қалғандарын көрші-көлемге, ағайындарға тараттық. Ол мысықтар өсіп кеткенше Дина апта сайын сол үйлерге барып бақылап жүрді. Оның әр жетістігіне қуанып отырамыз. Жуырда джиу-джитсудан Қазақстан ұлттық құрамасына қабылданып, «Спорт шеберіне кандидат» спорттық разрядын алды. Оның бұл спортқа келуіне балаларға арнал-ған қазақстандық «Ералаш» бағдарламасына түсуі сеп болған шығар  деп те ойлаймын. Өйткені «Ералашта» Дина іс тігу үйірмесін іздеп жүріп, ер балаларға арналған бокс үйірмесіне кіріп кетеді. Содан балалармен төбелесіп, барлығын жеңіп шығады. Дина – үйдің ортаншысы. Әпкесі Әлима Алматы қаласындағы Тұран университетін бітіріп, менеджмент мамандығы бойынша еңбек етуде. Інісі Дамир тоғыз жаста, мектепте оқиды. Ол да джиу-джитсу спортымен айналыса бастады, – дейді Орал қаласындағы нағашы әжесі Меруерт Елеуқызы. Ал нағашы атасы, «Мақсат» медициналық колледжінің директоры Мақсот Берген де әлі күнге дейін спортты жанына серік етіп жүрген өңіріміздің танымал азаматы.

Кейіпкеріміздің арманы – джиуджитсу спорты бойынша 2022 жылы өтетін жазғы Азия ойын-дарына қатысып, чемпион атану.

– Жекпе-жек алдында бапкерім маған «өзіңе сен» дейді. Анам: «Қиналсаң, бір жерің қатты ауырса немесе бір жеріңе зақым келсе, бірден беріле сал. Әлі талай жарыстарға қатысып үлгересің,» – деп мен үшін қатты уайымдап отырады. Бірақ осы күнге дейін жарыс барысында жараланып көрмедім, - дейді Дина Дәулетова.

Ер танытар ерліктің үлгісін көрсетіп, мерейімізді асырып жүрген қаршадай қайсар қызға тек қана жеңіс тілейміз.

Гүлсезім Бияшева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале