6.05.2020, 19:15
Оқылды: 367

Қашықтан оқыту нені үйретті?

Елімізде  орын алған төтенше жағдайға  байланысты барлық жоғары оқу орындары мен білім беру ұйымдарының алдында қашықтан оқыту  технологиясы арқылы  білім беруді  оңтайлы әрі сәтті жүзеге асыру мақсаты тұрды. Біздің М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде де қашықтан оқыту үрдісін бірнеше білім платформаларын автоматтандырылған ақпараттық жүйе бағдарламалары мен байланыс желілерін пайдалана отырып жүзеге асырылды.

Қазіргі таңда қашықтан оқытудың соңғы оқу аптасын аяқтап, емтихан сессиясы басталып та кетті. Осы жерде сұрақ туады? Қашықтан оқыту бізді неге үйретті? Біз не үйрендік? Әр нәрсенің басы қиындықпен басталары айқын. Қиындығы болмаса да, «қиын болатын секілді» деген ой мазалары да сөзсіз.

Осыған дейін қашықтан оқытуға байланысты біраз ақпарат беріппін. Бүгін оқытушы ретінде осы қашықтан білім беру үрдісіндегі өз ойларыммен бөліссем...

Қашықтан оқытуды жүзеге асыру мақсатында MOODLE автоматтандырылған білім платформасында барлық мамандықтар мен білім беру бағдарламалары жүктеліп, барлық пәндер мен тапсырмалары енгізілген болатын. Осы  MOODLE  АИС жүйесінде жұмыс жүргізуде алғашқы күні қиындық туды, білім алушы тапсырманы уақытында салып үлгермеді, себебі шалғай ауылдарға үйлеріне кеткен студенттер мен магистранттар бар. Интернет байланысы нашар болғандықтан бүл жүйеге салып үлгермесе, апталық қорытынды баға төмен болады деген қорқыныш пайда болады. Мұндай жағдай орын алғанда қорқудың еш қажеттігі жоқ. Төтенше жағдай кезінде мұндай қиындықтарды жеңілдету жолдарын қарастыру қажет. Студент не магистрант тапсырманы орындады, сол себепті кешіккен жағдайда да қабылдануы тиіс. Өзге байланыс желілері арқылы да оқытушы қолдау көрсетуге тиіс.

Қашықтан оқыту онлайн оқыту емес. Осыны шатастырмау керек.

Онлайн оқыту қашықтан оқытудың түрі ғана. Синхронды оқыту түріне жатса, асинхронды түрі деп аталатын оқыту түрі оффлайн оқыту боп табылады. Бұл екі түр де қашықтан оқытуда тиімді, қатар қолданылады. Онлайн оқытумен шектелсек, интернет қолжетімсіз білім алушылар сабақтан тыс қалады, барлық білім алушылардың мүмкіндігі бола бермейтінін ескеру қажет. Офлайн оқытуда оқытушы мен білім алушы бір уақытта байланысқа шығуы міндетті емес. Барлық материал алдын-ала  жүктелген, студент не магистрант уақытында орындап, тапсырманы сала алады. Бұл бізде MOODLE жүйесінде жүзеге асты. Уақытылы байланыс болмаған, бұл жүйеге кіре алмаған жағдайда, студент не магистрант қолындағы телефонды да пайдаланып, орындаған тапсырмаларын жібере алады. Орындалған тапсырма осы жүйеде бағаланды. Оқу үрдісінде кері байланысты ұмытпау қажет. Білім алушыда неліктен мұндай баға алдым?» деген сұрақ тууы мүмкін, осы жерде орындаған тапсырмасына арнайы комментарий бөлімі бар, оқытушы сол жерде орындалған тапсырма бойынша қажетті жадайда студентке жеке пікір қалдырып отыруға тиіс.

Онлайн оқыту түріне келсек, оқытушы мен білім алушы қатар байланысқа шығады. Сабақ бойынша дәріс оқиды, семинар, СОӨЖ не МОӨЖ сабақтарын топпен талдайды, жоспарланған конференцияларға қатысады. Онлайн мен оффлайн оқыту қатар жүріп отыруы тиіс, білім алушы кез-келген уақытта, кез-келген жерде (үйде отырып та) білімді игере алады.

Онлайн оқыту көп жағдайда ZOOM арқылы жүзеге асырылды. Айталық, көрнекті жазушы М. Мағауинның 80 жылдығына орай «Мұхит асқан қаламгер» атты онлайн кездесу кешін өткізгенбіз. Жазушының шығармашылығы туралы жас қаламгер Дархан Бейсенбекұлы байланысқа шығып, ой бөлісті. Магистранттар қаламгер туындыларын талдады. Жас Жазушы Аягүл Мантайға арналған сабағымыз техникалық кедергілерге байланысты кеш қонағы Мәскеуден ватсап бейне байланысы арқылы қосылып, магистранттармен ой бөліскен болатын. Мұндағы мақсат, жазушының өзін көріп отырып, шығармаларын талдау, пікір айтуға үйрету.  Әдебиет сабағы болғандықтан көркем шығарманы оқи отырып, мазмұнын біліп, талдаудың нәтижесін әлеуметтік желіде пікір жазуға да болады. Онлайн сабақ уақытын білім алушы мен білім беруші өзара келісіп, ыңғайлы уақытқа жоспарлай алады. Қашықтан оқыту кезінде рухани демалыс сыйлайтын кешкі кездесуге ұласқан сабақтарымыз да болды. Өткен аптада ғылыми жетекшілік жасаған студентім мен магистрантым онлайн форматта өткен ғылыми конференцияға қатысып, жақсы банядамаларын да жасаған болатын.

Әрбір жаңа процестің бірден оңай болмайтыны айқын. Сол қиындықты жеңуге талпыныс адамды жетілдіреді деп ойлаймын. Онлайн, офлайн оқытуда туындайтын қиындықтарды адам өз тәжірибесі арқылы  түсінеді. Ақпараттық-коммуникативтік технологияларды сабақ үрдісінде барынша көбірек пайдалану тиімді екенін осы жағдайда бұл айқын қажеттілігін көрсетті. Өз пәнің бойынша дайындаған тапсырмаларың жауабын дайын күйде көшіре салмайтын деңгейде болуын ойластыру қажет екенін ұмытпау қажет. Студенттер үшін ең қажетті сапалы материалдар ұсыну қажеттігін басты назарда болуға тиіс.

Қазіргі таңда емтихан сесиясына дайындық  басталып кетті, алғашқы емтихандар тапсырылды. Магистранттар үшін жүргізілетін екі пәннен кейстік үлгідегі емтихан түрі таңдалды. Емтихан жазбаша тапсырма офлайн, ауызша жоба қорғау жұмыстары онлайн түрде өтетін болады.

Қашықтықтан оқытуда ақпараттық-коммуникативті технологияларды қолдану дағдысын жетік меңгеру қажеттіліктен ғана емес, білікті маман  білім берудің қай үрдісінде де өз пәнін де, пәннің оқу-әдістемелік кешенін де жаңартып отыруға тиіс, қалыптасқан оқыту үрдісінде берілетін тапсырмаларды қашықтан оқыту форматына сай қайта жасақтап, жетілдіріп отыру қажет деп ойлаймын. Осы білім беру үрдісінде білім беруші өзіне қандай да бір жаңа дағдыларды меңгеру қажеттігін де түсіну қажет. Оқытушы қашанда өзін жетілдіріп отыру керек қай жағынан да. Ең бастысы ниетте. Біреуден талап ету үшін өзіңе де талап қоя білу маңызды. Бұл жағдай орын алмағанда да, өз басым өзіме қатаң талап қоятын жандардың қатарынанмын деп ойлаймын. Өзіңе талап қоя білу өзіңді жетілдіруге, жаңашылдыққа ұмтылдыруға жол ашары айқын.

 

Рита Сұлтанғалиева,

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың

қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале