16.07.2020, 14:50
Оқылды: 520

Қашықтықта да ашықтық бар

«Карантин режимін қатаң ұстанып жатқан бір адам болса, ол менің – әкем. Ешқандай садақа, қаза, той-топыр, туған күн дегендердің бірде-біреуіне барып жатқан жоқ. Онлайн көңіл айтып, онлайн құттықтайды. Қажеттілік болмаса, қақпаның жаяу есігін де кілттеп тастайды. Үйде You Tube қарап, ешкімге зиянын тигізбей, өз үлесін солай қосуда. Жұрттың бәрі менің әкемдей сақтық шараларын күшейтсе, вирустың таралуы бәсеңдер еді?! - деп өзінің фейсбук парақшасында жазба жариялапты жас журналист Жанайдар Болатбекұлы.

20C3229B-869B-41E3-B233-A60A69778961

Біз Жанайдардың әкесімен байланысқа шықтық.

- Елдегі жағдайға байланысты ешқайда бармаймын. Айналамда, жолдастарымда болған өлім-жітімге, той-топырға бармайтынымды айтып, телефонмен хабарласып, ниетімді білдіремін.

Қазіргі жағдайда әркім өзін, отбасын ойласа, елге жасаған көмегі сол болып отыр.

Онлайн қызметке оң көзқараспен қараймын. Бірақ оқушыларды онлайн оқытуға қарсымын. Көзбен көріп жүрген жағдайлар бар. Мектепте офлайн оқымайтын бала үйде отырып, онлайн оқиды дегенге сену қиын. Балалар шарбақта ойнап жүреді. Ал сабағын ата-анасы орындап жібереді. Ойын баласы дегенмен де, бұл қашықтан оқытудың балаға да, ата-анаға да, ұстазға да оңтайлы тұстары ескеріліп, жүзеге асырылса екен деген тілегім бар, - дейді Жаңақала ауданының тұрғыны Болатбек Жұмағұлов.

Құрметті еңбек демалысында болса да бала оқытудан еш алыстағысы жоқ педагог Дәметкен Баенованың сөзіне сүйенсек, үйінің бір бөлмесі сынып бөлмесіне айналған. Тақтаға дейін орнатып қойыпты. Балалар қажет кезінде ұстаздарымен байланысқа шығып, дәріс алады. Балаларға тек оқу-білімді емес, айналаға үңілуді де үйретеді, үндейді. Ұстаз үніне үңілейік.

- ХХІ ғасырда зәулім үйлерде тұрамыз, толассыз ақпарат. Баланы смартфоннан ажырата алмаймыз.

Бір қарағанда бала үшін қажет нәрсенің бәрі бар. Бала өзіне керекті дүниені ғаламтордан лезде тауып алады. Олар әке-шешесіне қарағанда ілгері болып көрінеді. Алайда бәрібір біздің тәрбиемізде бірнәрсе жетіспей тұратындай көрінеді. Мен соның біреуіне – тірі табиғатпен байланысқа тоқталмақпын.

Біз бала-шағамызбен ауласы бар жеке үйде тұрамыз. Аулада барлық жеміс ағаштары өсіп тұрған бақ бар. Көкөністерді қолдан өсіріп, қысқа барлық өнімдерді дайындап аламыз.

Біздің жанымызда үнемі алты жасар немереміз жүреді. Ол барлық жеміс ағаштарын, бұталарды, көкөністерді таниды, ажыратады, қайсысының қашан өнім беретініне дейін ұғып алған.

Құмырсқалардың тіршілігін бақылаймыз. Бірде смартфоннан құмырсқалар туралы бейнефильмді қарап отырып, ауладағы өзінің құмырсқаларымен салыстырып отырғаны мені риза етті. Өйткені менің өзім, біздің ұрпақ табиғат аясында әке-шешемізбен бірге қаршадайымыздан еңбекпен шыңдалып өскенбіз. Нәтижесі – менің бүгінгі өмірім, өмір сүру салтым.

Қазіргі таңда демалыс уақыты болса да ата-аналардың «Ұрпағым оқысын, білсін!» деген қалауы менің жұмыстан қол үзбеуіме түрткі болып отыр, - дейді майталман ұстаз Дәметкен Баенова.

Ал отбасында төрт бала тәрбиелеп отырған қала тұрғыны Алиса Жалмұратова пандемия кезінде де еңбектен қол үзген жоқ.

Жеке компанияның қызметін онлайн форматқа көшіріп, тығырықтан шығудың жолын таба білді.

- Отандық жеке компанияда жұмыс жасаймын. Пандемия уақытында кедергілерге тап келгеніміз рас. Бұл кезеңдегі қызмет жауапкершілікті одан сайын арттыра түсті. Жұмыс күшінің тұралап қалмауы үшін өзгерістермен бетпе-бет келдік.

Компанияның көптеген мүшелері күнделікті табысқа қол жеткізіп, үйде отырып-ақ онлайн арқылы жұмыс жасап, бала-шағасына керекті табысты тауып отырды.

Пандемия кезіндегі табысқа көз жүгіртсем, бір ай жарым уақыт көлемі ішінде 4 млн.-ға жуық қаражат тауыппын. Бүгінде еңбек еткен адамның қалтасы жұқармайтынын уақыт өзі дәлелдеп беріп отыр, - дейді Алиса Жалмұратова.

Еңбекқор адамға тұсау жоқ.

Ертай Бимұханов

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале