14.03.2017, 15:25
Оқылды: 61

Қасиетті мекенде өткен Көрісу күні

WhatsApp Image 2017-03-14 at 16.16.36Бүгін өңірімізде киелі жер саналатын Сырым ауданы, Тоғанас ауылдық округінде орналасқан «Жұмағазы қазірет - Дәдем ата» мекенінде Көрісу күнін мерекелеу шаралары өтті. Мерекені тойлауға үш жүзден астам адам жиналды.


Қазақ халқының мерекелерін атап өту арқылы ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту, ел бірлігін нығайту мақсатын көздеген шара "Жұмағазы хазірет" қоғамдық қорының жетекшісі Ғарифолла Жамбозовтың кіріспе сөзімен ашылды.

Алқалы жиынды жүргізіп отырған қоғам белсендісі, «Телегей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Сəдірдің айтуынша, Көрісу айт мерекесі облыс деңгейінде тойлау Жұмағазы қазірет мекенінде екінші рет ұйымдастырылып жатыр екен. Жалпы, қасиетті жерде мұндай үлкен шара төртінші рет өткізіліп жатқанын айтып өткен абзал.

WhatsApp Image 2017-03-14 at 16.16.35Жиналғандар алдында сөз алған облыстық "Орал өңірі" газетінің бөлім меңгерушісі, белгілі журналист Нұртас Сафуллин өңірімізге тəн Көрісу күні мерекесінің шығу тарихы жөнінде әңгімелесе, тарихшы-ғалымдар Жəнібек Исмурзин, Еркін Иргалиевтер қазақ халқының, өлкенің  тарихы мен шежіресінен сыр шертті.

Жақсылар мен жайсаңдар бас қосқан ортадан табылған белгілі жыршы Жасұлан Жанғазиев Əбубəкір Кердерінің туындыларын, «Ер Тарғын» жырын жырлады. Сондай-ақ жергілікті өнерпаздардың орындауында терме айтылып, күмбірлеген күй шертілді.

Ел аузында Дәдем ата атанып кеткен Жұмағазы қазірет мекені кейінгі жылдары халық зиярат ететін қасиетті орынға айналып келеді. Мұнда келген адамның дертіне дауа тауып, рухтанып қайтатыны шындық.

Жыл сайын саны артып келе жатқан зиярат етушілер үшін мұнда қолайлы жағдайлар жасалған. Мешіт, келушілерге арналған үй салынды, электр қуаты, көгілдір газ тартылды. Енді Самара-Шымкент тасжолынан зиярат орнына дейінгі жол үзігін жөндеу мәселесі де шешімін табуда.

Әділғазы Кереев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале