2.02.2018, 15:12
Оқылды: 35

«Кәсіпкерлер «көлеңкеге» кетіп, айырбас пункттері жабылып қалады деген қорқыныш жоқ»

Ұлттық банктің Батыс Қазақстан филиалында өткен баспасөз мәслихатында аталмыш филиал директоры Қозыбақ  Құлбарақов ақша айырбастау пункттеріне қатысты өзгерістерді түсіндірді.

 Оның айтуынша, 2017 жылы Ақ Жайық өңіріндегі банктердің филиалдарымен 228,2 млрд. теңге шамасында несиелер берілген. Ұлттық валютада берілген несиелер 49,6%-ға өсіп, ал шетел валютасында  берілгені 45,3%-ға  азайған. Жеке тұлғаларға 103,3 млрд. теңге, заңды тұлғаларға 124,9 млрд. теңге көлемінде несие рәсімделген. Бұл 2016 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда  сәйкесінше 64,6%-ға және 39,0%-ға көп.

- 2018 жылдың 1 қаңтарына несие бойынша берешектің жалпы шамасы 223,8 млрд.теңгені құрады және өткен жылғы сәйкес мерзімдегі көрсеткіштен 12,8%-ға  артық. Жеке тұлғалардың несиелік берешегі 126,9 млрд. теңгені құрап, 22,3%-ға  өсті, заңды тұлғалар бойынша 96,9 млрд. теңгені құрап, 2,4%-ға көбейді. Ал азаматтарға  тұрғын үй салуға және баспана сатып алуға берілген несие бойынша берешек 38,9 млрд. теңге құрады, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 26,7%-ға көп, тұтыну мақсатына берілген несиелік берешек 23%-ға өсті, - деді Қозыбақ Құлбарақов.

Аталмыш филиал директорының түсіндіруінше,  2018 жылдың 1 қаңтарына несие бойынша мерзімі өткен берешек 2017 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 5,2%-ға төмендеген. - Мерзімі өткен берешегі бар несиелердің үлес салмағы банктер филиалдарының  қарыз  портфелінің 4,4%-ын құрады. Біздің облыс бойынша мерзімі өткен берешек бойынша  республикада ең төмен көрсеткішке ие және ол 10,3 миллиард теңгені құрайды. Республика бойынша мерзімі өткен несие көрсеткіші - 9,5%, Маңғыстау облысында - 7%, Атырау өңірінде - 9,2%, Ақтөбе облысында - 7,8%. Осының өзі өңір тұрғындары мен кәсіпкерлердің өзге облыс тұрғындарына қарағанда  қаржылық жағынан тәртіптілігін көрсетеді, - деді Қозыбақ Құлбарақов.

2018 жылдың 1 қаңтарындағы  жағдай бойынша банктер филиалдарындағы салымдар бойынша қалдықтар 2017 жылғы 1 қаңтарымен салыстырғанда 9,5%-ға өсіп, 207,4 млрд. теңгеге жетті. Жеке тұлғалардың депозиттері 17,2%-ға ұлғайса, заңды тұлғалар бойынша 24,8%-ға  төмендеді. Депозит  нарығына тоқталар болсақ, 2018  жылдың 1 қаңтарына облыстағы депозиттер бойынша жеке тұлғалардың үлесі 87,4%-ды, ал заңды тұлғалардың үлесі 12,6%-ды құрады. Соның ішінде ұлттық валютадағы салымдардың үлесі 60,7% немесе 126,0 млрд. теңгені, шетел валютасында 39,3%-ды немесе 81,4 млрд. теңгені құрады. Ұлттық банк филиалы директорының айтуынша, халықтың ұлттық  валютадағы депозиттерге деген сенімі нығая түскен.

dengiБасқосуда  Ұлттық банк басқармасының 2017 жылғы 27 қыркүйектегі №188 қаулысы бойынша «Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын  ұйымдастыру ережесіне» валюта айырбасы бойынша уәкілетті ұйымдардың жарғылық капиталына қатысты енгізілген өзгерістер жайына да түсінік берілді. «Менің білуімше, Ресейде, Өзбекстанда, Тәжікстанда жеке меншік иелігіндегі  айырбас пункттері жоқ. Тек бізде ғана заңдылық  жұмсақ. Жаңа өзгерістерге сәйкес енді уәкілетті ұйымдарға біліктілік талабы күшейтілді. Облыс  орталықтарындағы айырбас пункттерінің әрқайсысының жарғылық капиталы 20 миллион теңге, ауылдық жердегі айырбас пункттерінің капиталы 10 миллион теңге болуы керек. Астана, Алматыдағы пункттерде 30 миллион теңгеден болуы тиіс. Бұрын бұл шама 5 миллион теңге болатын. Осының барлығы ДСҰ жағдайында бәсекелестікке дайын болуды көздейді. Күні ертең өзге елдерден коммерциялық банктер өздерінің айырбастау пункттерімен өңірімізге келген жағдайда отандық банктер, уәкілетті ұйымдар бәсекеге қабілетті болуы тиіс», - деді Қозыбақ Құлбарақов.  Директордың сөзіне сүйенсек, өңірде қолма-қол  шетел  валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға лицензиялары бар 32 заңды тұлғаның 47 айырбастау пункттері жұмыс істейді. Кәсіпкерлерге  капиталдарын  толықтыруға 3-4 ай уақыт  берілген және оларға өзгерістерді түсіндіру бағытында семинарлар өткізілген. Алайда кәсіпкерлер ақша жоқ деп алақан жаятын көрінеді.

- Олардың есептерін қабылдап отырмыз, сондықтан 10, 20 миллион теңге  ақшаның айналымда жүргені белгілі. Мұның барлығы халықтың мүддесін қорғау үшін жасалуда. Жарғылық капиталдың қомақты болуы уәкілетті ұйымдардың тұтынушылар алдындағы жауапкершілігін күшейтеді. Облыстағы  айырбасталатын  жалпы валюта шамасының 20%-ы өңірдегі 47 жеке ақша айырбас пункті арқылы жүргізіледі. Валюта айырбасы бизнесімен  айналысатын кәсіпкерлер аталмыш өзгерістерге байланысты «көлеңкеге» кетіп қалады, айырбас пункттері жабылып қалады деген қорқыныш жоқ, -деп сөзін қорытты филиал директоры.

Соңғы кездері сатылған және сатып алынған шетел валютасының шамасы өскен. Облыс тұрғындарының Ресей рубліне «құштарлығы» басым. Филиал директоры мұны облысымыздың  Ресейдің бес облысымен  шектесетінін, алыс-берістің, қарым-қатынастың қарқындылығымен түсіндірді.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале