30.11.2017, 9:47
Оқылды: 30

Кәсіпкерлерге арналған «Zoodmall.kz» қосымшасы іске қосылды

«Zoodel» компаниясы «Қазпошта» АҚ-мен бірге «Zoodmall.kz» жаңа қосымшасын іске қосты. Енді қазақстандық кәсіпкерлер осы қосымша арқылы әлемнің барлық елдеріне өз тауарларын саттыққа шығара алады. Бұл туралы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалында өткен бизнес-семинарда кеңінен айтылды.

Электронды коммерцияның дамуы кәсіпкерлік үшін жаңа арналар ашатыны кәміл. Интернет мәліметтеріне жүгінсек, бүгінгі таңда электронды коммерцияның Қазақстандағы үлесі 0,5 % шамасында, бұл көрсеткіш Ресейде 3%, Қытайда 8,3%. Кейбір қырағы сарапшылар еліміздің электронды нарығы бөлшек сауда саласында Ресейдің нарығының қарқынымен өссе, онда 2020 жылға қарай оның көлемі 750-800 млн. доллар болатынын айтады.

«Zoodel»  компаниясының сату бойынша директоры Азамат Мухамедтің айтуынша, «Zoodel» компаниясы «Қазпоштамен» бірге кешенді шешім қабылдап, сатушылар мен тауар өндірушілерге тауарларды экспорттаудың ыңғайлы тәсілін ұсынды.

– Біз шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерін Қазақстанның ішкі және сыртқы нарығында  тауарларын сату әдістеріне үйретеміз. Олардың тауарларын ZoodMall.kz  сайтында мобильді қосымша арқылы орналастырамыз. Сондай-ақ  ZoodMall  сайтына орналасқан барлық тауарды әлемдік сауда алаңдары арқылы ұсынамыз. Сөйтіп бір мезетте Қазақстанда  өндірілген тауарларды жүздеген миллион сатып алушыға қолжетімді етеміз, - А.Мухамед.

«Zoodel» компаниясының ТМД елдері бойынша бас директоры  Сардор Мухамедалиевтің айтуынша, аталмыш интернет алаңда жұмыс істеу қиын емес. «Алдымен тіркеліп, «ZoodMall» -ден мақұлдаған белгі алу керек. Содан кейін ғана тиісті ақпараттарды (сипаттама, жеткізу көлемі, бағалары, фотосы және т.б) жазып, әлем елдері мен ел ішінде сатуды бастайсыз, - деді бас директор. - Қазақстандық кәсіпкерлерге бағдарламаға қатысу тегін.  «ZoodMall» бизнес-моделі сатылған тауарлар үшін комиссиялық ақы алуға негізделген».

Семинар соңында қатысушылар өздеріне қажетті мәселелер бойынша мамандардың кеңесіне жүгінді. Биылғы жылдың аяғына дейін Қазақстанда «ZoodMall.kz» сайтының жаңа «В2С» онлайн  электрондық алаңы іске қосылады. Бұл алаң өндіруші-компанияларға, дилерлерге, танымал әлемдік және қазақстандық сауда маркаларына тұтынушыларға арадағы делдалдарсыз өз тауарларын ұсынуға жағдай жасайды.  Мұның өзі қазақстандық тұтынушыларға, шағын және орта кәсіпкерлік  субъектілеріне бөлшек саудада жаңа мүмкіндіктер береді.

Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

 «Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале