21.06.2017, 14:00
Оқылды: 21

Кәсіпкерлерге қолдау көрсету деңгейі өсуде

Screenshot_2017-06-21-03-25-50-1ҚР Орталық коммуникациялар қызметі облыстық филиалы алаңында өткен баспасөз отырысында кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылған жұмыстар талқыланды.


Шараға облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Нұрлан Қайыршин, аталған мекеменің бөлім басшысы Мақсат Құланбаев және бизнес-жаттықтырушы Қуанышбек Ерниязов қатысты.

–Өткен жылдың қорытындысы бойынша кәсіпкерлікке қатысты тұрғындардан барлығы 163 хат келіп түсті. Бұл арғы жылдармен салыстырғанда кәсіпкерлікке қызығушылықтың 21 пайызға артқанын көрсетіп отыр. Жуырда Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Астана қаласында дәстүрлі кәсіпкерлер съезін ұйымдастырған болатын. Съезде кәсіпкерлікті дамыту үшін бірқатар кедергілер тудырған жалған кәсіпкерлерге қатысты заң және кәсіпкерлерге қойылатын талаптар санын азайту жөнінде мәселелер көтерілді. Соның ішінде тауар өндірушілердің жағдайын жеңілдету үшін бірқатар шаралар жүргізілмек. Алдағы сенбіде «Қазақстанның үздік тауары» атты конкурстың өңірлік кезеңі өтпек. Оған облыс бойынша барлығы отыз мекеме қатысқалы отыр. Жеңімпаз атанған жоба Астанаға жолдама алады, -дейді Нұрлан Серікұлы.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Мақсат Құланбаев мемлекет ұсынған бірқатар қаржылық емес қолдауларға тоқталды.

–«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге бірқатар қаржылық емес қызметтер көрсетіліп келеді. Кәсібін жаңадан бастаушылар бухгалтерлік есептер, кеденді рәсімдер, кәсіпкерлерді сүйемелдеу, маркетингтік, юристік қызметтерге ие бола алады. Есепшілер мен заңгерлерді қызметке алу мүмкіндігі болмаған жағдайда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына келіп, келісімшарттар жасау, бухгалтерлік есептер жүргізу, бизнес жоспар дайындау қызметтерін тегін алуға болады. Ал егер екінші деңгейлі банктен несие алу керек болса, арнайы маман кәсіпкерге барлық құжаттарды жинауға көмектеседі. Кәсіпкерлікті қолдау орталығының бөлімшелері барлық аудандарда қызмет көрсетеді.

Сонымен қатар бірнеше оқу бағдарламалары ашылды. Биыл ғана өз жұмысын бастаған «Бизнес-кеңесші» бағдарламасы екі күндік қысқа курстан құралған. Ал кәсіпті бастаймын деушілер міндетті түрде аталмыш жобаның сертификатын алуы тиіс. Әзірге бұл бағдарлама бойынша бес аудан ғана жұмыстануда. Келесі жылы барлық аудан қамтылмақ. Ал «Іскерлік байланыстар» жобасы аясында кәсіпкерлер қыркүйек айында екі апталық оқу курсына қатысып, емтихан тапсырады. Үздік деп танылғандары шетелге барып оқи алады. Биыл кәсіпкерлерді Германияға жіберу жоспарлануда. Ал «Аға сеньорлар» бағдарламасы бойынша керісінше шетелдік мамандар тренингтер өткізу үшін біздің елге шақырылады. Жоғарыда айтылған барлық қызметтер үкімет есебінен қаржыланады, - деді ол.

«Bastau Бизнес» бағдарламасы бойынша Зеленов ауданының Переметный ауылында бизнес-кеңесші ретінде қызмет  көрсетіп жүрген Қуанышбек Шынболатұлы топтың негізгі құрамы жұмыссыздардан құралғанын айтып, өз жұмыс жоспарымен бөлісті.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале