13.04.2017, 17:46
Оқылды: 35

Кәсіпкерлік саласындағы әкімшілік кедергілерді жою жағдайы талқыланды

17888128_667479010116853_1891703693_n    Бүгін облыс әкімдігінің үлкен залында облыс әкімдігі мен облыс прокуратурасының алқа мәжілісі және облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқын қорғау бойынша кеңес отырысы өтті.   


     Бұған облыс әкімі Алтай Көлгінов, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау бойынша уәкіл Болат Палымбетов, ҚР «Атамекен» ҰКП қоғамдық мониторинг және әкімшілік кедергілерді азайту департаментінің директоры Ербол Үстеміров, облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқын қорғау бойынша кеңес төрағасы Қайдар Қапанов, облыс прокуроры С.Нұрпейісов, облыстық сот төрағасы Бек Әметов және облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Аманжол Жақанов және тағы басқа мемлекеттік мекеме басшылары қатысты. Онлайн режимінде өткен бұл шарада кәсіпкерлік саласындағы әкімшілік кедергілер мәселесі көтеріліп, оларды жою жағдайы талқыланды.

   - Біздің бүгінгі басқосуымыздың негізгі мақсаты – кәсіпкерлікті қорғау, әкімшілік кедергілерді жою және олардың алдын алу бойынша кешенді жұмыстарды бірігіп атқару.

    -Баршаңызға белгілі, Елбасы өзінің биылғы Жолдауында да кәсіпкерлік саласын дамытуды басты назарда  ұстап, бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту, сондай-ақ, кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру  жөнінде тапсырды. Елбасының тапсырмасы бойынша елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайыз болуы керек.

   Өңірімізде 2016 жылдың қорытындысы бойынша салықтық түсімдердің  жалпы көлемінде шағын және орта бизнестің үлесі 52,6 млрд.теңгені құрады (24,4%). (Бұл көрсеткіш 2013 жылы 42,7 млрд.теңге (15,5%) болған.

   Салыстырмалы түрде өңір бюджетіне түсетін салықта шағын және орта бизнестің үлесі жылдан жылға көбейіп келеді. Елбасының тапсырмасын жүзеге асыру үшін біз қазіргі уақытта жұмысты мынандай негізгі үш бағытта жүргізудеміз. Олар: кәсіпкерлікті қорғау, әкімшілік кедергілерді жою, сыбайластық жағдаяттарын болдырмау. Осыған байланысты біз бүгінгі жиынымызға осы бағытта атқарылған жұмыстарды талқылап, оны шешу жолдарын бірігіп талқылау  үшін бизнес қауымдастығы мен құқық қорғау органдарының өкілдерін шақырдық.

   Облыстық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында апта сайын сейсенбі  күні «Бір терезе» принципі бойынша жергілікті атқарушы органдар мен коммуналдық қызмет көрсетуші мекеме өкілдері құжат қабылдауы  керек. Осы аптада мен облыстық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында болып, оларды көре алмадым. Бұл, әсіресе, қалалық әкімдіктің, жер қатынастары бөлімдерінің,  тұрғын үй коммуналдық қызметінің өкілдеріне қатысты. Сол себепті жоғарыда аталған мекеме өкілдері мен аудандардағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының қызметі ерекше бақылауда  болатынын ескерткім келеді. Апта сайын өзім облыстық кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлерді қабылдап жүрмін. Осыны қала және аудан әкімдері де жасауы керек, олар да апта сайын кәсіпкерлерді қабылдап, кәсіпкерлікті дамыту бағытында жұмыстануы тиіс. Кәсіпкерліктің дамуына әкімшілік кедергі жасаған барлық мемлекеттік орган қызметкерлері өз істеріне жауап беретін болады. Бұл жөнінде мекеме басшыларына ескертілді. Сондай-ақ, аудан әкімдеріне, басқарма басшыларына, басқа да мемлекеттік мекемелерге қағазбастылықты жою туралы нақты тапсырма берілген. Тағы да айтамын, қай салаға болмасын қаржы салуға ниетті кәсіпкерге өзіміз көмек беруіміз қажет. Кабинеттер арасында бос жүргізіп қоймаңыздар.

   Әкімшілік кедергілерді жою мақсатында ҚР Ұлттық экономикалық министрлігімен бірге кәсіпкерлік саласында мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру үдерісі енгізілуде. Сондай-ақ, пилоттық режимде «Таза қолдар» атты бағдарламаны жүзеге асыра бастадық. Кәсіпкерлер тарапынан түсетін арыз-шағымдардың көбісі жер бөлу, мемлекеттік сатып алу, салық, бәсекелестік, тариф  және рұқсат қағаздарына қатысты.

  Қазіргі таңда кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ету үшін өңірлік үйлестіру кеңесі отырысының жұмысы бейнетаспаға түсіріледі және бұған БАҚ өкілдері қатысып жүр. Бұл жұмысты одан әрі жетілдіріп, онлайн-режімге түгелдей көшуді жоспарлап жүрміз. Онлайн режимге көшу, әсіресе,  ауылшаруашылығы саласының жобаларын субсидиялау, мемлекеттік сатып алу секілді жұмыстарды орындау кезінде аса қажет. Сондай-ақ, тұрғын үйлер құрылысын және бизнес жүргізу үшін жер телімдерін бөлуде жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ету үшін облыс орталығы мен аудан әкімдіктерінің интернет ресурстарына осы жұмыстардың жүру барысы жөніндегі ақпараттарды тұрақты түрде салып отыруды тапсырамын, -деген өңір басшысы Алтай Сейдірұлы келесі сөз кезегін облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісовке берді.

  Сапарбек Нұрпейісовтің айтуынша, облыстық прокуратура кәсіпкерлікті қорғау бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірігіп, қоян-қолтық жұмыс жасауда. Нәтижесінде экономикалық қылмыстардың тіркелуі екі есеге азайып, соңғы бес жылда бизнесті тексеру үш есеге азайған. Шара барысында құқық қорғау өкілдері мен облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқын қорғау бойынша кеңес төрағасы Қайдар Қапанов сөйлеп, кәсіпкерлік саласында орын алған түйткілді мәселелер жөнінде баяндады. Және  осы бағыттағы түйткілді мәселелерді шешу үшін ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

   Бірлескен шараның нәтижесінде ұсыныстар мен тапсырмаларды орындау бойынша арнайы жоспар бекіту туралы шешім қабылданды.

Айша ӨТЕБӘЛІ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале