15.11.2019, 12:33
Оқылды: 330

Кәсіпкерлікке оқыту барысы талқыланды

БҚО кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесінің отырысы өтіп, онда «Бастау бизнес» және «Жас кәсіпкер» жобаларының жүзеге асу барысы талқыланды.

 kasipkerlik (2)

Аймақтық кеңес төрағасы Мұрат Жәкібаев төрағалық еткен басқосуға облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев қатысты. Отырысты жүргізген Мұрат Орынбайұлы таяуда өткен ҚР ҰКП-ның VІ сиезінде кәсіпкерлікке қатысты жүйелі мәселелер кең қозғалғанын атап өтті. Онда «Бастау бизнес» және «Жас кәсіпкер» жобаларына қатысты нақты тапсырмалар берілгенін айтты. Сөз кезегін облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Бақдәулет Ибраимовке берді.

kasipkerlik (1)

- Кәсіпкерлік палата «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты шеңберінде «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды жүзеге асыруда. Бұл жоба 2017 жылы облысымыздың бес, яғни Ақжайық, Жаңақала, Қазталов, Бәйтерек, Теректі аудандарында пилоттық режімде жүзеге асырыла бастады. Ал былтыр бұл жоба өңірдегі барлық аудан мен Ақсай қаласында іске қосылды. Жоба бойынша 2 141 адам оқып, 751 жоба 2,1 млрд. теңгеге қаржыландырылды. Биыл «Бастау-Бизнес» облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда жүзеге аса бастады. Бүгінде жобаға тұрғындардың білім-білігін арттыру бағытында 13 бизнес-тренер, 13 үйлестіруші және 13 консультант-кеңесші тартылды. Жоспар бойынша 3 180 адамды оқыту керек. Қазір 2391 адам білім алып, 789 тұрғын оқып жатыр. Ал Жастар жылы аясында 18-ден  29 жасқа дейінгілер арасында шілде айында «Жас кәсіпкер» жобасы басталды. Екі лекпен оқыған жастардың 816-сы бизнес-жоспарларын қорғап шықты. Олар оқу бітірген соң, барлығына 16,5 мың теңге шәкіртақы төленіп, сертификат табыс етілді, - деген Бақдәулет Талғатұлы жобаны жүзеге асыру барысындағы өзге де іс-шараларға тоқталды.

kasipkerlik (5)

Мұхтар Манкеев облыста кәсіпкерлікпен айналысуға деген белсенділік орташа көрсеткіштен төмен екенін ерекше атап өтті. Сондықтан да  тұрғындардың бизнес бастаудағы білім-білігін жетілдіріп, кәсіп ашуға бағыттау үшін тың жобаларды, жаңа мүмкіндіктерді қарастыру керек деді. Оның сөзінше, бұл жолда әкімдер мен кәсіпкерлер палатасы бірлесіп еңбек ету қажет.

Отырыс барысында БҚО Кәсіпкерлер палатасының Ақжайық, Бөкей ордасы және Қазталов аудандарындағы филиалдарының директорлары жобалар шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді. Олар статистикалық мәліметтермен қоса, кейбір мәселелерді де ортаға салды. Мәселен жоба бойынша оқитындарды жинауда қиындық бар екен. Себебі шалғай ауылдарда тұратындар аудан орталықтарына барып оқуға қиналады. Осы тұрғыдан алғанда шәкіртақы мөлшерін көбейтсе деген де ұсыныс айтылды. Сонымен қатар несие алу үшін кепілге зат қоюда да қиындық бар. Кеңес мүшелерінің сөзінше, кәсіпкерліктің әліппесін оқығандардың көпшілігі грант алуға ұмтылады. Толық ақпаратты облыстық «Орал өңірі» газетінен оқи аласыздар.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале