25.06.2020, 14:19
Оқылды: 101

"Қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттыру қажет"

Мені қазақ елінің азаматшасы ретінде, педагог ретінде туған тілімнің тағдыры, елімнің болашағы, балаларымның болашағы алаңдатады. Көкейде жүрген көп сауалға  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық «Ана тілі» басылымына берген сұқбатынан жауап таптым десем артық айтқандық емес.

200623113908523e

"...Тіл мәселесіне бей-жай қарап, немқұрайлылық танытатын болсақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін. Бұған Украинаны мысалға келтірсек те жеткілікті деп ойлаймын. Мемлекеттік тілді дамыту ісінде қызбалыққа салынып, оның қолдану аясын күшпен кеңейтуге ұмтылудың кері әсері болары анық. Өйткені оның соңы ұлтаралық араздыққа дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар бұл тұрғыда геосаяси жағдайды да назардан тыс қалдырмауымыз керек. Әсіресе Ресеймен арадағы шекарамыздың әлемдегі ең ұзын шекара екенін де әсте естен шығармаған жөн", - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Бірақ Президентіміз бұл мемлекеттік тілге қатысты жұмыстарды тоқтатып қою керек дегенді білдірмейтіндігін баса айтты. Қайта оны ың-шыңсыз, айғайламай, қызбалыққа салынбай, бірақ табанды түрде жалғастыра беру қажеттігін жеткізіп, бұл орайда Өзбекстанның тәжірибесін мысалға келтірді. "Олар өздеріне тән жайлы мінезіне салып, ұрандатып-шулатпай-ақ, қажет кезінде орыс тіліне де жүгіне отырып, тіл мәселесін толық шешіп алды. Менің таңғалатыным, Өзбекстанның мемлекеттік органдарында әлі күнге дейін орыс тілі қолданылады. Тіпті олардың тұтас тарихында да осылай болған. Өзбектер қоғамдық қатынастарды саясиландырмай, еңбек пен саудаға басымдық беріп, ХХ ғасырдың бас кезіндегі аз ғана халықтан қазір Орталық Азиядағы ең үлкен ұлтқа айналды. Сондықтан ұлы Абайдың өзбек халқына қатысты айтқан парасатты ой-пікірі қазіргі технология ғасырында да өзінің өзектілігін жоғалтпағанын байқаймыз. Өзбектер саясатқа құмар емес, олар еңбек еткенді құптайды. Бұл ел көшеде ұрандатып шеруге шығып жүрген жоқ. Қайта жасампаздыққа жетелейтін еңбекпен айналысып жатыр. Тарихтан сабақ ала отырып, біз технология мен роботтар басты рөл атқаратын жаңа дәуірдегі қазақ халқының игілікті өмірі жайында ойлануымыз керек. Әлем түпкілікті өзгерістердің алдында тұр. Сол себепті есте жоқ ескі заманды аңсамай, лингвистикалық мәдениеттің айналасын шиырлай бермей, тарихымызды да дәріптеп, салт-дәстүрімізді сақтай отырып, алға ұмтылуымыз қажет", - деді Қ.Тоқаев.

Сұқбаттың тағы бір маған ұнаған тұсы - Президентіміз қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттыру қажеттігін атап өтті. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керектігін баса айтты.

Сұқбаттан түйгенім, біз әсіреұлтшылдық пен радикализмге бой алдырмай, қазақ тілін дамытамыз деп орыс тілінің де мәртебесін шектемей, тіл мәселесін салиқалы тұрғыда шешуіміз керек. Ана тіліміз бізге қажет, біздің балаларымызға, келешек ұрпағымызға қажет. Осыны естен шығармайық.

Айсауле Сабиева,

Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледждің оқытушысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале