13.09.2017, 14:51
Оқылды: 58

«Қазақ тіліне қызмет ететін әліпбиді таңдаймыз»

Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да аталған оқу орнының оқытушы-профессорлық құрамы облыстағы ғылыми зиялы қауым өкілдерімен кездесткен жиын өтті.


Аталған оқу ордасының ректоры Асхат Иманғалиев төрағалық еткен жиында Қазақ тілінің латын алфавитіне көшу мәселелері талқыланды.

– Жуырда ҚР Парламент Мәжілісінде латын әліпбиінің біріңғай нұсқасы таныстырылған болатын. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның жұмыс тобының ұсыныстары талқыланған жиынға мен де қатыстым. Аталған жиында бұл сұрақта асығуға да, кешігіп қалуға да болмайтыны баса айтылды. Елбасымыздың латын әрпіне көшуді дәл осы кезеңге сәйкестендіруі тегін емес. Қазақстандықтар бұл жағдайды әлеуметтік желілерде қызу талқылауда. Байқасақ, олардың көпшілігі латын әліпбиіне көшуді қолдап отыр, – деді жиында сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетов.

Сондай-ақ облыстық тілдер басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, профессор, филология ғылымдарының докторы Абат Қыдыршаев, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалының төрағасы Болат Жексенғалиев және өзге де мамандар әліпбидің жаңа нұсқасы жөнінде өз пікірлерін ортаға салды.


– Қазақ тілінің табиғатына лайық, қазақ тіліне қызмет ететін әліпбиді міндетті түрде таңдап аламыз. Осылайша бірінші мақсат анықталды. Екінші мәселе қазақ тілінің төл әріптерін болашақ әліпбиге қалай беретіндігімізде. Жаңа әліпбиге төл дыбыстарды тап қазіргі қалпында апаруға болмас. Себебі қазақ тілінің дәл бүгінгі әліпбиі ғаламторда да нормаланбаған. Яғни халықаралық кеңістікке шыға алмайды. Егер тілімізге жаңарту енгізсек, тек қана латын графикасында бар әріптерді ғана пайдаланып, одан артық әріпті қолданбау ұсыныстары бар. Бұл жағынан бәрі ескерілген. Ал қазақ тіліне ғана тән төл дыбыстарымызды әріп ретінде Ахмет Байтұрсыновтың үлгісімен дәйекше арқылы береміз бе немесе жоба авторлары ұсынғандай бір дыбысты қос әріппен таңбалайтын принциппен ұсынамыз ба? Негізінде түрік тілдерінде бір дауысты дыбысты екі әріппен беретін принцип жоқ. Сондықтан а-ә, о-ө, ұ-ү дыбыстарын айыру үшін е-ні қосымша ретінде беру бірталай сұрақ тудырып отыр. Елбасымыз бұл реформа тілді жаңарту үшін қажет екенін айтты. Егер тілімізді жаңартатын болсақ, қазіргі қолданыстағы сөздерге қатысты түйінді мәселелер бар. Өзге тілдерден енген «тауар», «зауыт», «режім», «пошта» секілді бір топ сөздерді қазақ тілінің үлгісімен жаза бастадық та, «конституция» секілді сөздер орыс тілінің үлгісінде қалды. Бұларды біз қазір шешіп, жаңа әліпбиге жүк қылмауымыз керек. Бұл жерде айқындық қажет. Жалпы халықаралық тіл ғылымында сөз бір тілден екінші тілге ауысса да, еш уақытта дыбыс ауыспайды деген қағида бар. Кез келген сөз әр тілдің өзінің ішкі жандылығына сәйкестендіріп жазылады. Тілдің ұлттық коды дегеніміз – дыбыстық жүйесі. Мәселен акцент деген бар. Грузиндер орысша сөйлегенде өзінің акцентімен сөйлейді. Соны мақтаныш тұтады. Өйткені олардың ұлттық коды тілінің дыбыстық жүйесін білдіріп тұр. Ал біз академик З. Қабдолов ағамыз айтқандай қазақ жастары қазақ тілінде өзге тілдің акцентімен сөйлейтін деңгейге келіп қалдық. Бұл, әрине, трагедия. Тілімізді асыл қалпында кейінгі ұрпаққа жеткіземіз десек, бізге реформалау сөзсіз керек. Алайда тек әліпбиді ауыстыра салу емес, емле ережелеріне жөнді өзгерістер енгізу қажет. Қазақ тілі өте бай  тіл. Ағылшын тілінде алты дауысты дыбыс болса, біздің тілде тоғыз.  Дауысты дыбыс дегеніміз – үн, гармония, музыка. Осындай ғажап тілімізбен кез келген сөзді қолдана аламыз, және оны айту арқылы жаза да аламыз, – деді Болат Өтеғалиұлы.

Жиынға қатысушы ғалымдардың ұсыныс-пікірлері ҚР Парламенті Мәжілісіне, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тіл комитетіне жолданбақ.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале