5.01.2017, 11:04
Оқылды: 47

Елімізде азаматтарды тіркеудің жаңа ережесі енгізілді

    Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан азаматтарын тіркеу тәртібін түсіндіруге арналған баспасөз конференциясы өтті. ҚР ІІМ Көші-қон полициясы департаменті бастығының орынбасары Галина Сәрсенованың айтуынша, қолданыстағы заң азаматтарды келген жерінде тіркеуге міндеттеуді қарастырады.

Бұл міндеттеме «Халықтың көші-қоны туралы» Заңында енгізілген. Г.Сәрсенова әрбір азамат келген жерінде тіркеусіз тұрғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын да атап өтті. Қолданыстағы заң бойынша азаматтар келген жеріне 10 күннен астам уақытқа тоқтаса, тіркелуге міндетті болып табылады. Бұл талапты орындамаған жағдайда 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни шамамен 23 мың теңге айып төлейді.

Сондай-ақ, тұрғын үйдің қожайыны тіркеусіз азаматтарды тұрғызғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту (493-бабы, 5, 6 тарауы) енгізілді. «Бұл қадам «Созылмалы пәтерлердің» проблемалары мен тіркеусіз тұрудың мәселелерін шешуге көмектеседі деп ойлаймын»,-деді Г.Сәрсенова.

Азаматтарды тіркеудің басты міндеті – ішкі көші-қон үдерісін, аймақтың өңірлік және мемлекеттік  даму бағдарламасын дайындау аясында әр елдімекендердің даму шамасын анықтау негізінде азаматтардың тіркелу санын бақылау. Осы есептің негізінде жұмыс орындары, білім ошақтары, құрылыс, емханалары ашылады, инженерлік-техникалық құрылымдар дамиды.

Азаматтың тұрған жерінде тіркелуі негізінде салық төлеуде, әскерге тіркелуде және тағы басқа есептерді жүргізуде заңды мекенжайы болып табылады.

Тіркеу адамдардың еркін жүріп-тұруына кедергі жасамайды, ал тіркелу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығында 10-20 минут қана уақыт кетеді дейді Сәрсенова.

Қандай құжаттар керек?

    Тіркелуге көп құжат қажет емес, алайда тіркелуші өзі болуы міндетті. Галина Сәрсенованың айтуынша, тіркелу үшін бүгінгі күні мынадай құжаттар керек:

  • Үй иесінің келісімі
  • Үй иесінің жеке куәлігі
  • Тіркелушінің жеке куәлігі
  • Тіркелу үшін 227 теңге төлегені туралы түбіртек

Сонымен қатар тіркелетін үй иесінің өзі немесе нотариус куәландырған сенімхаты қажет. Электронды сандық қол болған жағдайда азамат электронды үкімет арқылы тіркелуіне болады және тұрақты тіркелген жерінен тіркеуден шығу қажет емес.

Бір пәтерде қанша адамды тіркеуге қоюға болады?

    Санитарлық талаптар бойынша, пәтерде әр тіркелушінің кемінде 15 шаршы метр тұрғын жері болуы керек. Әзірге бұл норма Алматыда енгізілген. Болашақта елдің барлық аймақтарында осындай талаптар қабылданатын болады. Тіркелген әр адамға пәтерден қанша тұрғын жер берілуі керектігі әр аймақта әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, Алматыда 60 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерде төрт адамнан артық тіркеуге алуға болмайды.

Басқа қалаға ұзақ уақытқа емделуге немесе, ауруханаға жату үшін барған азаматтар да сол жерде тіркелуі тиіс. Ал басқа қалада жұмыс істейтін, бірақ қонақүйде тұратын адамдар қонақүйде тіркелуіне болады.

«Сыбайластық мәселесі маңызды сұрақ. Біздің қатарымызда қолы таза емес адамдар болуы мүмкін. Бірақ қайта-қайта пара бергенше, бір рет 200 теңге төлеп тіркелген тиімді. Немесе сыбайластыққа жол бермеу үшін үйде интернет арқылы тіркелуге болады» деді Сәрсенова ханым.

2016 жылдың 22 желтоқсанында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының экстремизм мен терроризмге қарсы күрес мәселелері туралы кейбір заңдық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойған болатын. Ол бойынша, үй немесе пәтерді жалға бере алатын адамдар ондағы азаматтарды тіркеуі міндетті.

Бұл құжатты дайындау Ақтөбе мен Алматыда болған террорлық актілерден кейін қолға алынды.

 

Ақпараттар Орталық коммуникациялар қызметі мен egemen.kz сайтынан алынды

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале