ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия отырысында қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспары қаралды. Бұл туралы primeminister.kz сайты хабарлады.
Еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, шектеу шараларын жеңілдету жөніндегі ұсыныстар, өңірлер мен кәсіпкерлік субъектілерінің қызметті қайта бастауға дайындығы туралы денсаулық сақтау министрі А. Цой, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А. Көлгінов, Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаев, Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек, Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев, Атырау облысының әкімі М. Досмұхамбетов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов және т. б. баяндады. Қазақстанда карантин шаралары күшіне енгізілген кезеңде эпидемиологиялық ахуал тұрақтандырылып, медициналық ұйымдардың жүктемесі айтарлықтай төмендетілді. Вирусты жұқтырудың тәуліктік өсімі 4%-дан 0,5%-ға дейін төмендеді. Сауығып шыққан адамдар саны 76%-ға жетті. Репродуктивтіліктің орташа көрсеткіші 0,78-ге дейін төмендеді, төсек орындарының жүктемесі 26%-ды құрайды.
Мемлекеттік комиссия өңірлердің әкімдерінің ұсыныстарын, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі мен басқа да ведомстволардың ұстанымын ескере отырып, Карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспарын бекітті және бірқатар шешім қабылдады:
«Маска режимі мен әлеуметтік қашықтықты сақтау ‒ барлық адамдар үшін сақталуы тиіс міндетті санитарлық талаптар және бұл азаматтардың күнделікті өміріндегі ережелерге айналуы қажет. Бизнес субъектілерінің қызметін олар толық дайын болған жағдайда ғана қайта бастау қажет», — деді Үкімет басшысы.
Еске салсақ, Қазақстанда шілде айының ортасында екі аптаға созылатын карантин енгізілген болатын. 29 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру жөнінде кеңес өткізіп, карантин шараларын тағы екі аптаға ұзартуды тапсырған еді. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссия Президент тапсырмаларын ерекше бақылауға алды.
Екі аптаға созылған карантинге байланысты төлем міндетті түрде жүргізіледі. Алайда, бұрынғы соманың жартысы, яғни 42 500 теңгенің жартысы – 21 250 теңгеден беріледі. Бұл қаржыны қазақстандықтар автоматты түрде алады.
zhaikpress.kz