14.08.2019, 17:56
Оқылды: 623

Автокөлік кілті жас самбошы Ерасыл Бақытқа бұйырды

12-14 тамыз күндері Орал қаласында Әлем чемпионы, Әлем Кубогінің иегері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері Асқар Шайхиевті еске алуға арналған самбо күресінен және әскери самбодан ерлер арасында халықаралық турнир өтті.

turnir shaihiev (20)

Айта кетейік, самбо күресінен қазақ спортшылары арасынан тұңғыш Әлем чемпионы атанған Асқар Тастайұлы Шайхиев — 1963 жылы қазіргі Сырым ауданына қарасты Қызылтаң ауылында өмірге келген. Самбомен 1976 жылдан бастап айналысқан. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері және халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақстан және халықаралық турнирлердің жеңімпазы. 1989 жылы КСРО чемпионы және 1987 және 1988 жылдары күміс жүлдегер болды. 1988 жылы Жапонияда әлем кубогының иегері, ал 1989 жылы АҚШ-та өткен дүниежүзілік додада әлем чемпионы атанды.

turnir shaihiev (17)

Қазақстандық палуандардың әлемдік додаларға дайындығын арттыру мен шеберліктерін ұштау мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын жарысқа Армения, Грузия, Өзбекстан, Ресейден, Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарынан 180-ге жуық спортшы қатысып, 12 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады.

turnir shaihiev (16)

-Жерлесіміз, атақты спортшы Асхар Шайхиевті еске алуға арналған бұл турнир 2014 жылдан бастап дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Аталған спорт додасының деңгейі артып, қатысуға ниет білдіруші елдердің жыл санап көбейіп келе жатқанына қуаныштымыз. Бұл жарыс жас палуандардың өз тәжірибесін шыңдап, кәсіби шеберлік деңгейін арттыруларына, сол арқылы биік додаларға қадам басуына жақсы мүмкіндік туғызатыны сөзсіз. Сонымен қатар жастар арасында атақты спортшымыздың есімін ұлықтауға, еліміздің және ТМД елдері спортшыларының достық байланысын нығайтуға зор септігін тигізбек. Аталған жарыста тәжірибелі спортшылар төрелік етіді. Сондықтан әр палуан өзінің бабы мен бағына қарай бағасын алады деп сенемін, - дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева.

turnir shaihiev (10)

Турнир қорытындысында салмақ дәрежелеріне қарай батысқазақстандық палуандар Ерасыл Бақыт (52 кг), Болатбек Райымқұлов (57 кг), Қазбек Сұпығалиев (62 кг), Серікбай Неғмет (68 кг, БҚО), Нұрбол Серіков (74 кг) жүлделі бірінші орынды иеленді. Ал 82 келі салмақта грузиялық Берулава Бека, 90 келіде батысқазақстандық Орынбасар Жүрмағанбетов, 100 келіде ресейлік Даниил Борисов, 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде жерлесіміз Темірлан Көлбай жеңімпаз атанды. Сондай-ақ әскери самбодан Шыңғыс Қажиақбаров (62 кг, БҚО) пен Денис Любимов (74 кг, Ресей) үздік шықты.

turnir shaihiev (6)

Жарыстың жеңімпаз-жүлдегерлері диплом, медальдармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Айта кететін жайт, аталған турнирдің басты жүлдесіне тігілген «LADA Granta» көлігінің иегерін анықтауға әр салмақ дәрежесінде жеңімпаз болғандар қатыстырылды. Салмақ дәрежелері жазылған орама арнайы қобдишаға салынып, жеребе арқылы таңдалды. Бұл жерде де жерлесіміз, 52 келі салмақта чемпион атанған Ерасыл Бақыттың бағы жанып, темір тұлпарды иеленді.

Нұрбек Оразаев,

суретке түсірген Эльвира Меңдіғали
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале