26.06.2020, 22:06
Оқылды: 362

Қазақтың тойы қайда бара жатыр?

unnamed (2)

Жаңабек Жақсығалиев, Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері

 

Қазір "Тойың тойға ұлассын" деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес.

ҚР Президенті Қасым- Жомарт Тоқаев 

 

– Бүгінгі қазақ қоғамының, тіпті қазақ руханиятының деуге де болады, бір бөлшегіне айналып кеткен той-топыр туралы не айтар едіңіз? Бір кезде академик З. Қабдолов «Қазір той тойлайтын заман емес, ой ойлайтын заман» деген еді. Алайда қазақтың бұл «дерті» әлі асқынып тұрғандай ма?

– Иә, бүгінгі қоғамдағы күйіп, өртеніп тұрған мәселені орынды көтердіңіз. Еліміз егемендікке қол жеткізгеннен кейін, алдымен, отаршыл заманда елеусіз қалған ұлыларымыз: хандар, билер, батырларымыз, мәдениет қайраткерлері мен Алаш арыстарының есімдерін жаңғырту бағытында игілікті істер басталды. Бұл дұрыс қадам болатын. Ол саясат әлі жалғасып жатыр.

Асыл бабаларымыздың есімдерін үздіксіз дәріптеп, оларға тағзым ету бертін келе елімізге танымал көрнекті ақын-жазушы-ларымыз бен академик-профессорларымыздың, яғни зиялы қауым өкілдерінің мерейтойларын мемлекеттік деңгейде өткізуге ұласса, бүгінде той тойлау жаппай бұқаралық, халықтық сипат алды.

Ұл баланың үйлену тойы мен қалыңдықтың ұзатылу тойын есептемегенде, шілдехана, тұсаукесер, сүндет той, тілашар, мектеп бітіру, ЖОО-ға түсу, оны бітіру, түлектер кездесуі, Жаңа жыл, құдалық, 25-30 жастан 80-90 жасқа дейінгі мерейтойлар шеруі, зейнеткерлікке шығу, тіпті күнделікті соғымға қонақ шақыру мен қоныстойдың өзін тойханалар мен мейрамханаларда сән-салтанатпен өткізу жарысқа айналып, нәтижесінде қонақжай халқымыздың ата дәстүрі тәрбиелік мәнінен айырыла бастады.

Қазір мейрамханалар мен дәмханалардың, асабалар мен әншілердің дәурені жүріп-ақ тұр. Қазақ жалақысының жартысын тойға беретін болды. Қазақ қоғамының тойдан шаршағаны өз алдына, даңғазалық пен дарақылық шегіне жетті.

Қайсыбір апталардың соңғы үш күнінде қазақтың тойы мен құдалығы һәм садақасының қатар келетіні ешкімге жаңалық болмай қалды. Сайып келгенде, халқымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан меймандостық салты ұлт мәдениетінің ең озық көрінісі болудан қалып барады.

Елімізде тәуелсіздік жылдары тұрғызылған он мыңдаған тойханалардың дамылсыз жұмыс жасап, жеміс-жидектер мен көкөніс немесе басқа тағам түрлерінің көрші елдерден жүк көліктерімен ағылып келіп жатқанын көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Осының нәтижесінде елімізде ас-судың бағасы аспандап, шарықтап тұр. Оның ауыр зардабын тартып отырған сол қара халықтың өзі. Елімізде тамақ өнеркәсібі аяғынан тік тұрып, әлі толық қалыптасып болмағандықтан, көршілеріміз қытай мен өзбек өнімдерінің тұрақты тұтынушысына айналып, қазақтың бар жиған-терген дүниесі сыртқа кетіп, оларды байытып жатқаннан басқа халқымыз еш пайда көріп отырған жоқ. Ал еліміздегі басқа ұлт-ұлыстарда мұндай дәстүр бар ма? Жоқ, әрине. Өйткені менталитет басқа. Бірақ жаратылысынан «Кең болсаң, кем болмайсың» дейтін дарқан қазақтың бұған бәлендей бас қатырып жатқаны шамалы. Күнде ойын, күнде той! Осының салдарынан кәсіпкерлеріміз зауыт пен фабрика емес, тойханалар мен ойынханалар салып үлгере алмай жатыр. Телеарналарды ашып қалсақ та сол көрініс: тәрбиелік мағынасы төмен бағдарламалар, арзан әзілдер, құнсыз әндер мен сол баяғы ортанқол әншілер мен асабалар.

Соңғы кезде әншілер мен спортшыларды көзсіз құрметтеу тек бізде емес, әлемдік үрдіске айналып бара жатқаны жиі айтылып жүр.

– Қазақ – шашпа халық, дүниені шашу үшін жинамай ма?

– Иә, оныңыз рас. Табиғатымыз солай. Бірақ капитализм қазақтың нақ осы мінезін көтермесі хақ. Біздіңше, алдағы 10-15, мүмкін 5-10 жылда бүгінгі қаптаған сансыз тойлар қазіргіден сирейді.

Капитализм ерте ме, кеш пе қазақтың «мінезін», әйтеуір, бір түзейді. Өзінің талаптарына икемдеп, қалыбына салады. Мен бұл жерде шашпалық пен ысырапшылдық мәселесіне қатысты айтып отырмын. Бұл – нарықтың заңы.

Иә, қазақтың қонақжай, көпшіл, намысшыл болуының сыры тереңде жатыр. Аз еңбек етіп, көп өнім алатын, көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданған батыр халықтың мінезі «у ішсең руыңмен», «тегі бірдің намысы бір» деп ағайыншыл, ұжымшыл, елшіл болып қалыптасты. Сайып келгенде, көшпелі қоғам жауынгер халықтың бойына ақкөңілділікті сіңірді. Қазақтың «Батыр – аңғал, ер – қамсыз» деуінде де үлкен мән бар. ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қазақ даласына келген орыс, шетел зерттеушілері біздің бойымызда осы қасиеттің барына көңіл бөлген.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «ақкөңілділік, анайылық, аңғалдық мәдениеті төмен жұрттарға тән қасиет» екенін атап өткен. Өз басым бүгінгі қазақ қоғамының ысырапшылдық пен дарақылық һәм әсіре мақтаншылыққа бой ұруын халқымыз-дың осы мінезінен іздеймін.

Бұл пікірге біреу келісер, біреу келіспес. Бірақ өз ойым солай. Оның ішінде мен де, сіз де, бәріміз де бармыз. Өйткені ешкім де ұлтынан, халқынан, қоғамнан бөлініп қала алмайды.

Мұның сыртында үш ғасыр бойы бодау заманда қанымызға сіңген құлдық сана синдромының сарқыншақтары бар екенін де ұмытпағанымыз жөн. Айбынды Ғұн державасының негізін қалаған Мөде тәңірқұттың «Құлды мақтан өлтіреді» деген даналық сөзінің астарын қазақтың түсінетін уақыты алда келе жатырғанына еш күмәнім жоқ.

– Тұшымды әңгімеңізге рақмет! 

 

Сұхбаттасқан 

Маралбек Амантаев,

"Орал өңірі" газетіне жарық көрген «Парасат байлықтан  жоғары  тұруы  тиіс» сұхбатынан үзінді

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале