13.03.2019, 22:41
Оқылды: 42

«Қазіргі заманның басты капиталы - адам, оның құндылығы білімділігінде, интеллектуалды дамуында»

Бүгін БҚО-ға жұмыс сапарымен келген ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова Оралдағы «Жәңгір хан» жеке бөбекжайына барды.

DSC_0099

Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов астаналық мейманға жол бастап жүрді. Бөбекжай бұдан төрт жыл бұрын мемлекеттік-жеке меншік серіктестік негізінде ашылған. Мұнда 2-5 жас аралығындағы 180 бала сегіз топта  тәрбиеленуде. «Жәңгір хан» бөбекжайының директоры Ақмарал Бахаеваның айтуынша, өткен жылы мемтапсырыс бойынша 150 балапанның әрқайсысына мемлекет 19 мың теңгеден қаржы бөлген. Енді биылғы қаңтардан бастап бұл қаржы шамасы 26 мың 746 теңгеге дейін өсті. Әзірге қалалық білім бөлімімен тек бес айға келісімшарт жасалып, қаржысы төленген. Бөбекжайдағылар осы мәселеге алаңдайды. Ата-аналар бөбекжай қызметі үшін 20 мың теңгеден төлейді. Сол ақшаның 12 мыңы балалардың тамағына, 8 мың теңгеге тренажер, хореография, құм терапиясы, шахмат үйрету сияқты ақылы қызметтер көрсетіледі. Мұнда тәрбиеленушілерге информатика, ағылшын, орыс тілі, денешынықтыру, ән сабақтары жүреді және олармен психолог, логопед мамандар жұмыс істейді.

Министр бөбекжайдың бірқатар бөлмесін аралап шықты.  Тәрбиешілермен тілдесті, информатика маманының интерактивті тақтада балалармен қалай жұмыс істейтінін көрді. Психологқа: «Қай жастағы балалар өтірік көп айтады?» - деп тосыннан әзіл-шыны аралас сұрақ қойып, сынағандай болды. «Екі-үш жастағы балақайлар», деген салмақты жауапты естіп, «Бұл жастағы бала әке-шешесіне ұнау үшін өтірік айтады екен», деп айналасына езу тартқызды. Еліміздің бас мұғалімі жылы әрі жарық, мамандары жеткілікті бөбекжайдың жұмысын «күшті екен!» деп баға берді.

Бұдан кейін министр Күләш Шәмшидинова Орал қаласының Сарытау шағын ауданындағы жаңа №50 мектепте болып, қала мұғалімдерімен кездесті.

Өткен жылдың соңғы айында жұмысын бастаған жаңа білім ұясында 900 бала оқиды. Мұнда екі аусымда оқытуға мүмкіндік бар. Жаңа ғимаратта 294 орындық акт және екі спорт залы,  алты мультимедиялық, жақсы жабдықталған екі информатика кабинеті бар. Ұлдарды еңбекке тәрбиелейтін ағаш және металл өңдейтін шеберханалар жұмыс істейді. Іші-сырты жарқыраған мектептің дәліздері кең, сынып бөлмелері жарық. Мұғалімдермен кездесу барысында министр мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарына жан-жақты тоқталып, білім саласындағы реформаның кейбір жай-жапсары жайында әңгімеледі. Ең маңызды мәселе – әлеуеті төмен отбасыларын қолдау. Білім және ғылым министрлігі Еңбек министрлігімен бірлесіп, барлық санаттағы төменгі жалақы алатын қызметкерлердің жалақысын көтеруді қарастыруда. Бұған білім саласындағы дифферциалды түрде 30 пайызға дейін бірқатар қызметкер кіреді, әсіресе, олар -  техникалық қызметкерлер, еден сыпырушылар, сантехниктер, электриктер, лаборанттар, әдіскерлер, балабақшаның тәрбиешілері, олардың көмекшілері. Елбасы айтқандай, білім саласында көптеген өзгеріс орын алуда, сол өзгерістерді білгілі нәтижеге жеткізуіміз керек. Білім саласындағы өзгерістер заман талабына сай туындаған. Өмірдің қалай өзгеріп отырғанын өздеріңіз де көріп отырсыздар. Сондықтан балаларға тек біліп қойған аздық етеді, қосымша айналадағы дүниеге сараптама, синтез жасай алуы керек. Баланың өзі қорытынды жасап, білгенін пайдалана алғаны жөн.  Мұғалімнің үлкен міндеті балаға тек ақпарат беріп қана қоймай, ақпараттық білім беру жүйесінен инновациялық оқыту жүйесіне, яғни баланы сұрақтар қойып, тапсырмалар орындатып, есеп шығартып, біртіндеп жаңа материалды түсінуге жетелеп әкелуіміз қажет. Сонда халық айтатындай зат есім, сын есім қайда дегендей, бәрі орнында. Бірақ шәкірттен күтілетін нәтижесі өзгеріп отыр. Енді мұғалім оған тек өзі білетінін үйретіп қоймай, баланың өзі бірдеңе үйренейін деп талпынуға жетелеуі керек. Сондықтан мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарын жалғастырамыз. Үш жылдың ішінде орта білім беретін салада 144 мың мұғалім дайындықтан өтеді. Биыл алғаш рет психологтар мен сынып жетекшілерінің білім жетілдіру оқуларын ұйымдастырамыз. Сонымен қатар колледждер мен ЖОО-лардың оқытушылары оқыту курстарынан өтеді, - деді министр.

К.Шәмшидинованың айтуынша, тәуелсіздік алғалы бергі уақытта елімізде 600 мыңнан астам оқуыш сиятын мектеп салынған. Бұл  - Қазақстан тарихында бұрын соңды болмаған дүние. Алдағы үш жылдың ішінде 190 мектеп салынады. Олар негізінен апатты жағдайда тұрған ғимараттарды ауыстыру және үш аусымда оқитын мектептердің жағдайын жеңілдету мақсатында, оқу орны жетіспейтін қалалардағы, қала маңындағы ауылдарда салынады. Қазіргі уақытта білім үяларындағы күрделі жұмыс - кіріктіре оқыту.  Химия, физика, биологияны жеке түсініп қоймай, өмірде қалай біріктіріп пайдалануға болады? Себебі өмірде таза физикалық, таза химиялық процесстер болмайды, олар аралас жүреді. ІТ технологиялар, информатиканы оқыту, робототехника негіздерімен және кәсіпкерлікпен таныстыру мәселелері маңызды. Мектептің жұмысына қоғамды тартуда мән-маңызға ие екендігін алға тартты министр.

-Үш тілділік туралы айтсақ, қазір барлық мектептерде бірден ағылшын тілінде оқыту мәселесін көтеріп отырғанымыз жоқ. Химия, физика, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытуда мұғалімнің, мектептің дайындығына қарап, біртіндеп, ретімен енгізуді қарастырудамыз. Қазір елімізде 150-ден астам мектеп осы бағыттағы жұмысты бастап кеткен. Солардың жұмыстарын зерделеп, түйткілдерін зерттеп үстіндеміз. Назарбаев зияткерлік мектептері жүйелік әдістемелік кешенге ағылшын тіліндегі өнімін дайындуда. Бұйырса, ол жаңа оқу жылы қарсаңында іске қосылады. Шәкірттердің қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуі - заман талабы.  Бұл баланы дамыту үшін керек. Қазіргі ақпарттар ағыны қатты, соған қолжетімді болғаны дұрыс. Өйткені ол ақпараттар тек қазақ тілінде шықпайды, орыс немесе ағылшын тілдерінде болады. Ондай ақпарат аударылып бізге жеткенше, ескіріп қалады, - деді К.Шәмшиденова.

Министр журналистер қойған бір сұраққа былай деп жауап берді:

- Ұл-қызды бастауыштан бастап ағылшынша оқыту ұлттық дүниелерден алыстатып жібереді дегенге ең бірінші бұл мектеппен, ата-анамен, қоғаммен бірлесе атқаратын жұмысы. Бізде көптеген бағдарлама бар, соларды пайдалан білуіміз керек. Мысалға, «Туған елге тағзым», «Тілім-тағдырым» және түрлі шарлар өткізіледі. Мысалға, «Қазақ әндері» деген жоба бар. Патриотизм тек бір пәнді оқытумен не басқа тілдерді оқытпаумен шектелмейді. Соның барлығын кешенді түрде қарауымыз керек. Қазіргі таңда бала тілді меңгермей шықса, өмірде ертең орнын таба алмай жатса, онда ол сіздер мен біздің жауапкершілігімізде. Күні ертең балалар «Менің бала кезімде, тілді қабылдауға қабілетім  жоғары кезде неге мүмкіндік бермедіңіздер» десе кім жауап береді?», - деді К.Шәмшидинова.

Министр залдан қойылған сұрақтарға жауап берді. Әсіресе, «Педагогтың мәртебесі туралы» заң жобасына қатысты көпшілікті мазалайтын екі сұраққа бірден нақты жауап берді. Оның біріншісі мұғалімнің зейнет жасына қатысты, оның өзгермейтінін, өйткені мұғалімдердің өзге де азаматтық қызметкерлермен бірдей  екені, артықшылық берілмейтінін айтты. Ал екіншісі мұғалімнің жүктемесіне байланысты, оның да сол 18 сағат көлемінде қалатынын айта келе, заң жобасында «Мұғалімдердің құқықтары өте көп, ал міндеттері қысқа» деп тұжырымдады. «Қазіргі заманның басты капиталы - адам, оның құндылығы білімділігінде, интеллектуалды дамуында. Сондықтан оқушыларды алған білімін талдап, қорытуға үйретуіміз керек. Мұғалімдердің басты міндеті оқушыларды білім алуға ұмтылуға баулу, бағыттау», - деді министр кездесуде.

Гүлбаршын Әжігереева

DSC_0113 DSC_0120

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале