11.06.2018, 21:33
Оқылды: 150

Қазыбек Құттымұратұлы, баспасөз зерттеушісі: Уфаға сапарымызда мол олжаға кенелдік

ufa 1Жуырда тарихшы, өлкетанушы Айболат Құрымбаев, шығыстанушы Сайфулла Моллақанағатұлы және журналист, баспасөз зерттеушісі Қазыбек Құттымұратұлы Уфа қаласында болды. Бес күндік сапар барысында ғалымдар Башқұртстанның Орталық мемлекеттік архивінде болып, метірке құжаттарымен жұмыстанды.

Баспасөз зерттеушісі Қазыбек Құттымұратұлының айтуынша, патшалық Ресейде «Орынбор мұсылмандарының діни басқармасы» деген мекеме болған. Басқарманың атауы Орынбор болғанымен, орталығы Уфада орналасқан екен. Осы жерде Ресей империясындағы барлық мұсылмандардың дерегі тіркелген. Есепті указной молдалар беріп отырған.

ufa 6-Бұл сапарды – барлау сапары дер ем. Мейлінше, көп құжаттың көшірмесін әкелуге ғана тырыстық. Алайда құжаттарды шолу барасында мол олжаға тап болдық.

-Оның алғашқысы – біз Хан зираттарын зерттеу барысында құлпытасын тапқан, Жәңгір ханның оң қолы Жабир Хамадовтың өмірбаян деректерін кездестірдік. Меккеде оқыған қажыны Жәңгір хан жанына арнайы алдырған екен. Құжат деректеріне сүйенсек, Жабир қазақтарды ағартуға, сауатын ашуға зор үлес қосыпты.

ufa 4Келесі жаңалығымыз  - Ғұмар Қараш указной молда болып жұмыс істеген екен. Бір жылдың метірке деректерін өз қолымен толтырған кітапшасын көрдік. Көшірмесін өзімізбен ала келдік. Құжатта Ғұмар 1874 жылы дүниеге келгенін жазған . Осыған дейін шайырдың туған жылы туралы көзқарасы әрқилы еді. Соңғы кезде ғалымдар 1875 жыл деп тоқтаған еді. Ал енді бабамыздың туған жылы келтірілген құжат табылды. Сонымен қатар кітапшадан Ғұмар Қараштың Уфа, Қазан қалаларында діни білім алғанын оқыдық. Осы уақытқа дейін Фурманда Ғұбайдолла Ғалекеев деген молдадан дәріс алғанын білгенімізбен, діни жоғары білімі туралы ақпарат жоқ еді, - дейді Қ.Құттымұратұлы.

ufa 12Орталық архивтегі құжаттардың арасында бөкейлік қазақтардың метіркелік құжаттары толығымен бар. Алайда Орынбор облысына қарайтын қазақтар туралы мәлімет кездеспепті. Қазыбек Құттымұратұлының сөзінше, молда жүргізген тіркеу кітабы 4 журналдан тұрады. Мысалы, туу фактілерін тіркеу журналында нәрестенің аты, жынысы, туған жері, туған күні мен айы, әке-шешесінің аты-жөні, руы, мәліметтерді тіркеген имамның аты-жөні жазылған. Қайтыс болуды тіркеу журналында марқұмның дүниеден өткен уақыты, жан тапсыру себебі, жерленген жері, тіркеген имамның аты-жөні туралы деректер енгізілген. Неке қию журналында некелесушілердің аты-жөні, жасы, руы, екі жақтың туыстарының аты-жөндері, руы, куәгерлердің аты-жөндері, руы, берілген қалың малдың мөлшері, ру таңбалары, неке қиған имамның аты-жөні, ру таңбасы тіркелген. Талақ тастау (ажырасу) журналында ажырасушылардың аты-жөні, руы, талақ ету себептері, куәлардың аты-жөні, руы, тіркеген молданың аты-жөні, ру таңбасы көрсетілген.

ufa 5-Осы деректерден жылдың соңында орташа есеп шығарылып отырған.

Метірке кітабындағы жазбалар сол өңірдегі халықтың саны мен әлеуметтік жағдайын, жеріміздің байырғы атауларын білуге, рулық шежірені анықтауда, өлке тарихын зерттеуде маңызы зор болмақ. Ендігі алдымызда тұрған басты міндет – метіркедегі мәліметтерді маңыздылығына, салмақтылығына қарай жүйелеп, зерттеу.

ufa 10Башқұртстан орталық архивінде қазақтарға қатысты тың мәліметтер көп. «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Жантас Набиоллаұлының алға қойып отырған мақсаты - базадағы ақпаратты алып, қазақстандықтарға қолжетімді қылу.  Яғни шеттегі архивтердің баламасын жасау. Бұл – үлкен жұмыс.

Башқұрстан орталық архивінде емін-еркін жұмыс жасадық. Уфада қазір 300-ден үстінде қазақ студент оқиды екен. Оның ішінде М.Өтемісов атындағы университет түлектері Әли Наби мен Айболат Серікжанның көмегі тиді. Біздің жігіттер жергілікті зиялы қауыммен байланыста екен. «Ғалия» медресесінде, Ресей ғылым академиясының Уфа бөлімшесінде, кітапхана, музейлерінде болдық. Бір байқағаным, шежіре мәселесі башқұрт ағайындарда жақсы жолға қойылған екен. Бұйырса, ол елдің ғалымдарымен ғылыми байланыс жасаймыз деп уағдаластық, - деп аяқтады әңгімесін Уфадан оралған Қазыбек Құттымұратұлы.

Айдана Хамидуллина

zhaikpress.kz

ufa 6ufa 3ufa 2ufa 11ufa 9ufa 8ufa 7 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале