8-707-808-48-55
15.08.2018, 20:20
Оқылды: 507
Қазынаға кіріс кіргізгендер елеусіз қалмады

киристер баскармасБатыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде 14 тамыз Қазақстан Республикасының  мемлекеттік кірістер органдарының құрылған күніне орай салтанатты шара өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов қатысты.

– Мемлекеттік кірістер органдары – еліміздің экономикалық қауіпсіздігін  қамтамасыз ететін маңызды сала. Сондықтан өңір экономикасының дамуына, салық түсімдерінің түсуін қамтамасыз етуде және көлеңкелі экономикаға қарсы шаралар алу жолында аянбай еңбек етіп, өз үлестеріңізді қосудасыздар. Мереке құтты болсын, – деп облыс әкімі атынан құттықтап, ізгі тілегін білдірді Миржан Мұнайдарұлы.

Батыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Алмаз Әбжаппаровтың айтуынша, бұдан төрт жыл бұрын салық, кедендік бақылау комитеттері және қаржы полициясы қызметтері қайта құрылып, бір мемлекеттік органға біріктірілді. Бұл кәсіпкерлік жолындағы кедергілерді азайту және кірістерді басқару сапасын жақсарту жолындағы тың қадам болды. Облыстық кірістер органдарының қызметкерлері салық, кедендік және өзге де түсімдердің уақтылы және толық түсуін қамтамасыз ету бағытында табысты еңбек етуде. Олар биылғы бірінші жартыжылдықта қазынаға 422 млрд. теңге көлемінде кіріс кіргізді, бұл 2017 жылғы сәйкес мерзімдегі көрсеткіштен 79 пайызға немесе 178 млрд. теңгеге артық.

Мерекелік шарада мемлекеттік кірістер жүйесінің дамуына үлес қосқан сала ардагерлері Ғазиз Жұбаевқа, Алла Сумкинаға, Найля Садыкова, Серғали Миндеевке ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Құрмет грамотасы салтанатты түрде табыс етілді. «Мемлекеттік кірістер органдарының үздігі» төсбелгісімен Орал кедендік ресімдеу орталығы кеден бекетінің басшысы Марат Қойшығұлов, жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерболат Ғайнешев марапатталды. Бір топ сала қызметкерлеріне облыс әкімінің алғысхатына, бір топ еңбек майталманы аталмыш департаменттің  Құрмет грамотасына және Алғыс хатына ие болды. Сондай-ақ бірқатар журналистер департамент басшысының қолынан алғысхат алды.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

 

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар Басқа да жаңалықтар
Пікір қалдыру