11.07.2019, 17:43
Оқылды: 179

Келесі жылы дәрігерлік көмекті қалай аламыз?

Биыл елімізде 2020 жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтердің тізбесі бекітілді. Сонда дәрігерлік көмекті қалай аламыз? Міне, өңірлік коммуникациялар қызметі алыңында өткен брифингте осы мәселе жайында айтылды.

 медсактандыру

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ БҚО бойынша филиалының директоры Нұржамал Жұмағұлованың айтуынша, өткен жылдан бастап бастап медсақтандыру қоры тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттерінің қаржылық операторы ретінде халыққа көрсетілетін медициналық қызметтерді көрсетуге сұраныс білдірген медицина ұйымдарымен 34,7 млрд. теңгенің келісімшартын бекіткен. Бұл былтыр бөлінген қаржыдан 14,4% артық, қордың жұмысы кестеге сай жүруде.

-Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті. Биыл мемлекеттік тапсырысты орындауға 51 медицина ұйымы және соның ішінде 15 жеке меншік клиника бар. Мемлекеттік тапсырыс аясында медициналық көмек көрсетуге дайын жеке медициналық ұйымдардың қатары өңірімізде жылма жыл толыға түсуде. 2020-2022 жылдарға арналған бюджет жобасында 2020 жылы медициналық көмекке жұмсалатын қаржы 1 трлн. 620 млрд теңге шамасында және ол биыл жұмсалатын шығыннан 67%-ға артық. Аталған қаржының 967,7 млрд. теңгесі тегін медициналық көмекке, 652,8 млрд. теңгесі сақтандыру пакеті бойынша көрсетілетін қызметтерге жұмсалады, - деді Нұржамал Шамғонқызы.

Басқосуда мәлім болғанындай, қаражат ең алдымен профилактикалық шараларды күшейтуге, бастапқы медициналық-санитарлық көмекке (қаржыландыру көлемі 40%-тен 50%-ке дейін артады), емханалық-амбулаторлық көмек саласындағы жан басына шаққандағы норматив пен жедел жәрдемге жұмсалады. Жан басына шаққандағы норматив дегеніміз емханаға тіркелген әр адамға бөлінетін қаржы шамасы. Мұндай қаражат азаматтардың емханаға қаралып-қаралмауына, ем-домына жұмсалған шығын мөлшеріне қарамастан бөлінеді. Емханада қызмет көрсетуге жұмсалатын шығындар шамамен 30%-ға, жедел жәрдем шақыруға кететін шығын 24%-ға артады. Ал консультативтік-диагностикалық қызметтерге бөлінетін қаржы 5 есе артады. Сонымен қатар медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын күшейтуге жұмсалып, стационарлық және стационарды алмастыратын көмекті, соның ішінде жоғары технологиялы қызметтерді қаржыландыру деңгейі 25%-ға, сақтандырылған азаматтарды оңалту мен қалпына келтіруге бағытталған ем-дом шараларына бөлінетін қаражат 2,5 өседі.

Қазақстанда 2020 жылдан бастап медициналық көмек екі түрлі пакет бойынша көрсетіле бастамақ. Біріншісі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне (ТМККК) қандай қызметтер кіреді? Дәрігерлік көмекті қажет ететін шұғыл жағдайларда көмек көрсету, жедел жәрдем, санитарлық авиация, бірқатар созылмалы ауруларды бақылау, шұғыл жағдайда стационарда емдеу осы пакет шеңберінде жүргізіледі. Мұны барша азамат сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан пайдалана алады.

Мемлекет тарапынан кепілдік берілген көмек бойынша барлық азаматтар емханаға қаралып, стационарда жатып емделе алады және әлеуметтік маңызы бар аурулар осы пакет негізінде тегін емделеді. Медициналық оңалту қызметін тек туберкулезге шалдыққандарға ғана пайдалана алады. Зәру азаматтарға тегістей паллиативтік көмек көрсетіледі. Негізгі жұқпалы емес аурулар мен қоршаған ортаға қауіп төндіретін жұқпалы аурулар да осы тәртіп бойынша емделеді. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің пакеті азаматтардың барлығына бюджет есебінен тегін көрсетіледі. Сондықтан да бұл кепілдендірілген стандарт болып саналады.

Көмектің екінші деңгейі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті. Бағасы қымбат болып келетін операциялар, сирек медициналық қызмет түрлері, салалық мамандардың қабылдауы сынды тағы басқа қызметтер кіретін МӘМС пакетін сақтандырылғандар пайдалана алады. МӘМС пакетіне табысы орташа азаматтардың қалтасы көтере бермейтін МРТ, компьютерлік томография, ПЦР-анализ сынды қызметтер де енгізілді. Сондай-ақ, кепілдендірілген тегін көмек пакетіне енбеген сырқаттарға шалдыққан жағдайда стационарды алмастыратын көмек пен жоспарлы стационарлық көмек те МӘМС пакеті шеңберінде көрсетіледі.

-Жедел жәрдем, шұғыл көмек, әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, емханадағы бастапқы санитарлық-медициналық көмек, дәрі-дәрмекпен қамту, паллиативтік көмек, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, консультативтік-диагностикалық қызметтер бұрынғыша тегін көрсетіледі. Бір қызмет тегін пакет шеңберінде де, МӘМС пакеті шеңберінде де көрсетіле беруі мүмкін. Ол пациенттің жағдайына байланысты реттеледі. Мысалы, егер пациентке шұғыл көмек қажет болса, көмек мемлекеттік тапсырыс шеңберінде, жоспарлы көмек МӘМС есебінен көрсетіледі. Осының ара-жігін ажырата білген жөн. Тегін медициналық көмек ең алдымен, Қазақстан азаматтарына, оралмандар мен елімізде тұрақты тұратын шетел азаматтарына көрсетіледі. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар аурулар мен динамикалық бақылауға жататын сырқаттар да тегін емделеді, - деп түсіндірді Н.Жұмағұлова.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале